Қайырымдылық қанымызда бар қасиет

Қазақ халқы небір қиын кезеңде жетімі мен жесірін сыртқа теппей, қамқорлығына алған. Осынау қанға сіңген қасиет қазіргі індет жайлаған уақытта да санамызда сақталып қалғандығы қуантады.

Оны біз елімізде карантин басталған күндерден бері қарапайым адамдарға қаржылай және материалдық көмек көрсетіліп жатқанынан айқын сезінеміз. Зейнеткерлікке шыққаннан бері құрылтайшы болып келе жатқан бірнеше күзет мекемелерінің мұрындық болуымен Көкшетау қаласындағы көпбейінді облыстық ауруханада ем алып жатқан науқастарға 60 мың құты минералды су жеткізіп бердік.
Шілденің соңы мен тамыздың басындағы аптап ыстықта сырқат жандарға аз да болса, шөл қандыруға септігін тигізеді деген ой еді бұл. Күзет мекемелерінің бұл азды-көпті көмегіне провизорлық бөлімшенің жетекшісі, білікті дәрігер Мәрлен Атамбаев емделушілер атынан ақ алғысын білдірді. Облысымыздағы өзге әріптестеріміз де жұқпалы ауруға шалдыққан жерлестеріне қол ұшын созса, нұр үстіне нұр болар еді. Біздің теңізге тамған тамшыдай осы бір көмегіміз науқас жандардың жүрегін бір сәтке жылытса. Соның өзі үлкен қуаныш. Ең бастысы, оларды назардан тыс қалдырмай, қиын сәтте демеу. Сөз соңында айтарым, әлемді жайлаған індеттен құтылатын күн де алыс емес. Оны тезірек жүзеге асыру үшін санитарлық дәрігерлердің талап-тілектерін бұлжытпай орындап, ойын-сауық пен басқа да шараларды шектеуіміз қажет.
Болатқожа ЖҰМАБЕКОВ,
полиция ардагері, полковник.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар