Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел ұраны – Ұлы Абай! - АРҚА АЖАРЫ

Ел ұраны – Ұлы Абай!

Абай атамыздың шығармашылық мұрасы ылғи да көкейімде жүреді. Ұстаздық жолда, өмірімнің әр күнінде Абай шамшырағыма айналды десем, қателеспеген болар едім.

Бүгінгі ғылым мен техника дамыған XXI ғасырда Абай мұрасы бағаланып, Абайды насихаттауға мемлекеттік, халықаралық деңгейде көңіл бөлініп жатқанына өте ризамын. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10 тамызды Абай күні деп белгілеуі бүгінгі қоғамымызға Абайды одан бетер жақындата түсті деп ойлаймын. Ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақаласында Мемлекет басшысы «Әр қазақ Абаймен мақтануы тиіс» деп дөп басып айтты. Қазіргі заманда шетелдіктер ақынның шығармашылығына зор қызығушылық танытып отыр. Себебі, адамзаттың бәрін бауырым деп сүйген Абайдың ойларында ұлтшылдық деген мүлде жоқ. Осымен мақтануға тиіспіз!
Абайдың ойлары, жырлары мен қара сөздері қазіргі заманымызға қаратып айтылғандай. Президентіміз мақалада атап өткендей, ХХІ ғасырға қадам бас­сақ та, Абайдың көзқарасы заман­ауи із­гі­лік қағидаттарына және Қа­зақ­стан қо­ғамының басты құндылық­тарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай ке­летіндігіне тағы да бір мәрте көз жеткі­земіз. Ақынның «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген өлең жолдарында көп мән-мағына жатыр. Сол кезде болған алауыздық қазір де бар. Абай жастарға көп өсиет қалдырды. Өнер мен білімсіз жетістікке жету мүмкін емес екенін сол кезде айтып кетті. Адам болам десек, Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуымыз керек. Бүгінде қазақтың Абайы дүниежүзінің ақыны деген мәртебеге көтеріліп отыр.
Абайды оқыған адам өмірде ешқашан адаспайды, жақынына жанашыр, айналасына қамқор, білім мен ғылымға құштар болады. Ұстаздық жолға арнаған саналы ғұмырымда шәкірттеріме осыны үйретуге тырыстым. Абай күніне Егіндікөл жерінен шашу болсын деп, жүректен шыққан жырларымды жолдай отырып, барша жерлестерімді Абай күнімен құттықтағым келеді.

Абайға

Маңдайына халқымның,
Туа біткен асылым.
Өзің тұрсың шыңында,
Екі бірдей ғасырдың.

Бейне бұлақ ән-жырың,
Сусын қанар мол сырың.
Қара сөзің даналық
Тапқан жанның сан қырын.

Ел ұраны – Ұлы Абай,
Тау қыраны – Ұлы Абай,
Сөз пырағы – Ұлы Абай,
Шың тұрағы – Ұлы Абай.

Ұлы Ақын Абайдай,
Ұрпақ өсіп тарағай.
Өлеңінің жарқылы,
Болған бейне найзағай!

Шәкірт ойы

Ақылы тұнық ойшылым,
Байыптаған сөз сырын.
Даламның дана перзенті,
Нөсерлеп төккен ән жырын.

Із салмаған жан бұрын,
Қияда орның қыраным.
Ұрпағың танып пір тұтқан,
Жүректер бүгін тұрағың.

Үлгі-өнеге бастадың,
Сөзді асылдап тастадың.
Өзің салған асқар ән,
Шын ғашықтар дастаны.

Мол мұраңа қанамыз,
Жыр-әніңе саламыз.
Заңғар биік айбыным,
Теңдесі жоқ бабамыз!

Бақыт ӘМІРХАНОВА,
Егіндікөл аудандық ардагерлер
кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар