Мәдениет деген болмысты ұстап тұратын құндылықтар жүйесі негізінен дінге барып тіреледі. Қазақ мәдениетінің мәнінде ислам жатыр. Исламның қоғаммен қатысты қыры да уақытқа қарай өзгеріп отырғанымен, ішкі мәні, яғни, сенімі мен доктриналық қыры өзгермек емес. Сондықтан да, әр уақытта құқық та дінмен бірге болып, кейде өзара бөлектеніп, қоғамның, уақыттың шарттарына қарай құбылып, діни бұйрықтар мен құқықтық нормалар ретінде бөлек әрі бірге өмір сүре береді.
Адамзат тарихында мемлекет өзінің қуатын діннен алып, дінді қорғау мақсатында өте қатаң шаралар қолданған, сонымен қатар, мемлекет дінді өз бақылауында қысып ұстап, ең сорақысы, дінсіз қоғам орнатқан кезеңдер де болған.
Адамзат тарихында дін мен мемлекет қатынасын реттейтін тетіктер болған. Солардың ең басындағысы зайырлылық (лаицизм) – демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет жүйесінің дін құбылысымен қарым-қатынасын реттейтін ұстаным. Лаицизм терминін зайырлылық ретінде қолданып келеміз. Бұл ұғымның шығу төркінін талдап қарасаңыз, сөздік тұрғыдан «діни емес адам», «діни емес зат», «діни емес ой», «діни емес мекеме», «діни емес жүйе», «діни емес ұстаным», тағы басқа мағыналарға келеді. Христиандарда атап айтқанда, католиктерде «дін адамы еместерге, яғни, аскет, папалардан басқа жалпы христиандарға зайырлы, яғни, лаицист делінеді». Осы негізде зайырлы құқықтан мақсат, дінге сүйенбеген құқық, ал, зайырлы мемлекет дегенде діни сенім, яғни, ақидаларға негізделмеген мемлекет ұғынылады. Бұрыннан Батыста шіркеу адамдарына клерикалдар, ал, олардан басқа христиандар да зайырлы, яғни, лаицист деп танылғандығы белгілі. Яғни, христиан әлемінде адамдардың өзі осылай екі жікке бөлініп келген. Ал, ислам әлемінде мұндай «дін адамы» немесе «дін адамы емес» деген жік болмаған. Кез-келген мұсылман имам болуға, керек кезде жаназа шығаруға құқылы әрі міндетті саналады.
Дін және дүние, қоғамдық жұмыстардың өзара ажыратылуы, бір-біріне араласпауы, адамдардың діні немесе атеист болуына қарап бағаланбауы, төмендетілмеуі, еркін құлшылықтарын орындауы немесе орындауға мәжбүр болмауы лаицизм ұстанымының мазмұнын анықтайды. Бұл тұрғыдан лаицизмді хақ және құқық еркінің діни емес ұстанымдарға негізделген саяси ұйым формасы деп қарауға болады. Мемлекетте саяси биліктің өз қуатын діннен алмауы, конституциясын дінге негіздемеуі, белгілі бір дінді қолдамауы, барлық дін өкілдеріне тең құқық беруі, дін және мемлекет істерінің ажыратылуы сияқты функцияларды қамтыған. Бірақ, осы анықтамаларды сол қалпында орындап отырған бірде бір батыс мемлекеттері жоқ. Олардың кейбір саяси партиялары діннен қуат алып билік басына келсе, кейбірі белгілі бір дінді ресми дін ретінде таниды. Білім беру жүйелерінде де дін негізгі бағдарлама ретінде қабылданды.
Бүгінгі қазақ тіліндегі зайырлылық ұғымы араб тілінен енген «захири», яғни, ашық, сыртқы деген мағыналарда қолданылады. Діннің сыртқы мәні, шариғат ұстанымын қамтитын термин ретінде қабылданған. Оған қарама-қарсы мәндегі «батини» сөзі де, арабтың мән, сыр деген мағынадағы ішкі танымға негізделген ұстанымды білдіреді.
Қазақтарда да дәстүрлі ел ретінде өзіндік құқықтық ұстанымы бар мемлекет құрушы жеке мәдениет болғандықтан, зайырлылық ұстанымын өзінің тарихы мен құндылықтарына жауап беретін, сол арқылы ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заң тұрғысынан жетілдіргісі келсе, ешкім қарсы уәж айта алмауы тиіс. Себебі зайырлылық деген құқықтық ұстаным болғандықтан да, «әр елдің салты басқа».
Дегенмен, зайырлылық ұстанымының ішкі және сыртқы функцияларын қоғамға ғылыми негізде түсіндіру шаралары үздіксіз үдеріске айналғаны абзал. Оған қоса, жаңа заңымызда осы «зайырлы ел» деген тіркестің ішкі мазмұны мен ұстанымдық функцияларына түсіндірмелер жасалуы керек. Ол түсіндірмелер де мәдени, тарихи сана мен діни, өркениеттік тәжірибемізді ескеріп жасалса, құба-құп. Себебі, дін құбылысы киелі, моральдық тұжырымы бар, діни ғұрыптық қырымен қоса, аксиологиялық, сенім және құлшылықтар институты. Адамның рухы, ар-ожданымен таразыланып қабылданатын Құдайлық заң.
Сонымен қатар, дін тек жеке адамды ғана емес, тұтастай қоғамды, мәдениетті қалыптастырушы күш. Яғни, діннің әлеуметтік мәні зор. Әрбір қоғам отбасынан, отбасы жеке адамдардан тұратын болса, солардың әрбірі жеке ожданы, өзіне, әлемге, мемлекетке, тағы сол сияқты Жаратушыға деген жауапкершілігі бар тіршілік иесі. Оған қоса, дін қоғамдық тәртіп пен жүйеге, жеке адамға, қауымдасып бірге тіршілік жасайтын ортақ амалдар ұсынады. Ал, діндар тұлға үшін діннің бұйрықтарын орындау, тыйымдарынан қашу, құлшылық пен мінәжаттарын жүзеге асыру ожданының тілегі, жауапкершілігі ретінде қаралады. Олай болмаған жағдайда діни тұрғыдан күнә жасағаны.
Осы нәрсе оның ожданында психологиялық күйзелісті туғызады. Демек, адам өз қоғамында тек діндар ғана емес, сонымен қатар азамат. Сондықтан, мемлекеттің заңы мен тәртібін мойындап, конституциясын қабылдап, құрметтеу – оның азаматтық борышы, міндеті. Бұл тұрғыдан бүгінгі діндар тұлға екі міндет арасында қалып отыр. Бірі – діни міндеті, екіншісі – қоғам алдындағы мәдени міндеті. Осы жерде азамат ретінде қоғамның жетістігі мен жеке ар-ожданында тыныштық орнату үшін және мемлекет құқығы – зайырлылық ұстанымын таңдауы құқық талабы. Міне, осы жерде зайырлылық ұстанымының функциясы көмекке келуі тиіс.
Егер кез-келген азамат заң шарттарын орындап, діннің тыйымдарын жүзеге асыра алмаса немесе заң талаптарын бұзбаймын деп діннің шарттарын орындай алмаса, Алла алдында күнә жасаған болып есептелмейді. Себебі, ол діндар адам әрі азамат ретінде осыны істеуге мәжбүр деген сөз. Ал, мәжбүрлік исламда күнә емес. Сондықтан, дін еркіндігін діни және саяси фанатизмге қарсы қорғаудың бірден-бір жолы зайырлылық ұстанымы және оның көпқырлы функция-лары болу керек. Зайырлылық – осы дүниеге өлшем, тепе-теңдік жүйесі. Мемлекет зайырлылықтың осы функциясын, яғни, барлық діни танымдар мен діни жамағатқа бір көзбен қарау ұстанымын қандай да бір діни топқа беріп қоймауы керек.
Зайырлы елде мемлекет дінге араласпайды деген сөз, діннің иман, құлшылық, діни оқу және оқыту істеріне кедергі болмайды, сонымен қатар, белгілі бір діннің жетегінде де кетпейді дегенге саяды. Демократиялық биліктің ең басты міндеті халық үшін қызмет ету болса, сол халықтың діни қажеттіліктерін ескеріп, оларды қамтамасыз ету де ең басты міндеті болуға тиіс.
Сонымен «дін – мемлекеттен бөлінген» деген тіркесті дұрыс түсінгеніміз абзал. Мемлекеттің негізінде мәдениет, мәдениеттің мазмұнында да дін құбылысы жатқан болса, онда мемлекет өз баяндылығы мен бар болуының алғы шарты болып табылатын діннен бөліне алмайды. Ол діни бірлестіктерден, арнайы танымдық ағымдардың идеологиясынан бөлек болады. Мысалы, Ислам діні негізінде әртүрлі жамағат болуы мүмкін. Солардың барлығына тең көзқараспен қарай алса, онда «мемлекет өз функциясын» атқарғаны. Бұл – зайырлылық талабы.
Досай КЕНЖЕТАЙ,
дінтанушы.