Өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн форматта өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Асқар Мұратұлы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы айта келіп, биыл облыста 687,6 шақырым жол жөнделетінін мәлімдеді.
Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы қолға алынғаннан бері 2015-2019 жылдар аралығында өңірде облыстық және аудандық маңызы бар 1500 шақырымнан астам жол жөнделген. Нақтырақ алсақ, Жаңа Колутон-Ақкөл-Азат-Минский, Орта Ақсу-Бестөбе-Изобильный жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жылы облыс аумағындағы жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстарына барлығы 40,5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржының 14,2 миллиард теңгесі республикалық қазынадан, 10 миллиард теңгесі облыстық бюджеттен, 3,4 миллиард теңгесі Үкімет қорынан және 12,9 миллиард теңгесі «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы бөлініп отыр.
–Үстіміздегі жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде республикалық және облыстық маңыздағы жолдардан бөлек, ауыл арасындағы жолдар да жөндеуден өткізілуде, – дейді бұл орайда, Асқар Мұратұлы.
Брифингте айтылғанындай, биыл бөлінген қаржыға барлығы 687,6 шақырым жергілікті маңызы бар жолдар мен ауылішілік көшелерді жөндеу жоспарланған. Қазіргі кезде Еленовка-Чистополь-Есіл, Балкашин-Шаңтөбе, Атбасар-Қима, Қоныспай-Сейфуллин-Қызылсая ауылдары аралығындағы жолдарды жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстарға 7,8 миллиард теңге қарастырылып отыр.
Сонымен қатар, брифингте облыс әкімінің орынбасары елорада маңындағы елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарына, «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асырудың жай-жапсарына да тоқталып өтті.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.