Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көңілі де суретте, өмірі де... - АРҚА АЖАРЫ

Көңілі де суретте, өмірі де…

Баспадан жерлес суретші әрі кескіндемеші Дулат Қоспановтың шығармашылығына арналған альбом-кітап жарық көрген екен. Қолымызға алып едік, бірден құндылығымен ойымыздан шығып сала берді.

Бұл – 1976 жылы Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінің живопись бөлімшесін бітіріп келгеннен бері Көкшетау қаласында өзі қалаған кәсібі бойынша тынбай еңбек етіп келе жатқан белгілі суретшінің өз шығармашылығындағы үлкен жетістігінің бірі. Олай дейтініміз, альбом-кітапта Дулат ағамыздың өмірі мен өнер жолындағы ізденістері хақында жан-жақты толық мәлімет беріліп, осы күнге дейін қолынан шыққан картиналары мен кескіндемелік жанрдағы еңбектерінің барлық нұсқалары қамтылған. Олар ұзын-ырғасы 150-ге тарта көркем туындылар.
1948 жылы 10 маусымда көршілес Солтүстік Қазақстан облысының Новопавловка ауылында дүниеге келген Дулат Қоспанов жастайынан өзінің сурет салуға деген ерекше қабілетімен танылып, ақыры орта мектептен кейін арман жетегімен сол кездегі еліміздің астанасы Алматыға жол тартады. Онда бастапқы мақсатына жетіп, төрт жыл бойы суретшілік дәріс алады. Училищені бітірер жылы «Пейзаж және натюрморт» картинасымен тұңғыш рет республикалық суретшілер көрмесіне қатысып, есімі болашағынан үміт күттіретін таланттар легінің қатарында аталады.
Одан әрі Көкше жеріндегі тынбас ізденістер, кәсіби суретші ретінде биікке құлаш сермеген тынымсыз жылдар. Күнді түнге ұластырған ол еңбегі ізсіз өтпей, шығармашыл жастардың республикалық «Жігер» фестивалінде, «Жер және адамдар» республикалық көрмесінде де салған суреттері оң бағасын алып, қанаты қатая түседі. Ал, 1986 жылы алғаш рет Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық суретшілер көрмесіне қатысып, соның негізінде КСРО Суретшілер одағының мүшесі атанады.
Әсіресе, сол жылда

ры дүниеге әкелген «Бекершілік», «Автопортрет», «Қысқы кеш», «Мойыл», «Ана», «Кездесу», «Қопа жағалауы», тағы басқа картиналарынан өмірдің сан қырлы бояуын, өшпес жастық рухты, қоғамға шырай берген жасампаз еңбек тынысын жазбай аңғаруға болар еді. Суретші ойының ұшқырлығы, қылқаламының заманның неше сипатын, реңі мен қозғалысын дәл беруі суретші шығармаларын жанына жақын көріп, ынтыға тамашалаушылар қатарын да көбейте түседі. Мұның өзі Дулат Әбдірахманұлына өз таңдаған жолында одан сайын жігер беріп, талай асуларға алып ұштырғаны анық. Бірінен соң бірі жалт берген жылдар аралығында суретші үшін аса керек ішкі қуат, дүниетанымы мен үлкен еңбектерге бара алатын шеберлігі де толысып, «Ақ қала», «Қауіп», «Шопан», «Құс шие» сияқты философиялық ой-толғамдарға негізделген, өмірдің қилы-қилы қайшылықтарын астарлап жеткізген байыпты туындылары көбейе берді. Соның бірі – «Қауіп» атты картинасында көрген жанның көзіне тосын штрихтар, қызыл, сұр, қара бояулармен адамзат баласына төніп тұрған бүгінгі асау ғасырдың қауіп-қатерін де діттегендей сөйлете білгенін қапысыз мойындайсың. Суреттен ескен жауыздық лебі «тоқта, адамзат кісәпірлері, қайда барасың?!» дегізгендей.
Осылай желмаядай желіп, уақыт та өте берді, негізі мен тегінде бар суретші қыры да барынша ашылып, таланты ұштала түсті. Сөйтіп, Дулат Қоспанов еліміздің, сұлу Көкшенің сан қырлы табиғатынан да сезімтал, сергек ой-қиялдың күшімен талай өміршең картиналар туғызып, еңбек адамдары, халқымыздың белгілі тұлғалары, мамыражай тірліктен тұтас галереялар жасады. Сонау жетпісінші жылдардан күні бүгінге дейінгі жанкешті еңбегінің көрінісіндей, небір бірінен-бірі өткен ғажайып суреттері, кескіндемелері біз айтқан осы альбом-кітапта көз жауын алып, көңілді өнер деген ұлы құдіреттің тарау-тарау соқпақтарына жетелейді. Мұндағы живопись жанрындағы жан жадыратарлық картиналардың өзі туған өлкеміздің қайталанбас ғажайып көріністеріне тұнып тұр. Соны айғақтайтын «Сырымбет», «Төбешік», «Пейзаж», «Оқжетпес», «Аңыз», «Айыртаудың қызыл жылқылары», «Түнгі орман», бұған қоса, «Жеңіс түні», «Ұя», «Жолдағы демалыс», «Ақ тырналар», «Әлем дауысы», «Екі ана» тақырыптарындағы жанды суреттері Дулаттай таланттың белгілі қылқалам шебері ретіндегі өсу жолына нық көзімізді жеткізеді әрі шығармашылығының тағы бір белсенді тұсы сексенінші-тоқсаныншы жылдардың ауқымында да үздіксіз ізденумен болғанын растай түседі.
Осылай дегенде ол кез Көкшетауға жер-жерден көркемсурет училищелерін бітірген біраз жас суретшілер ат басын тіреп, соның арқасында кейін облыста мәуелі жемісін берген тәуір шығармашылық орта қалыптасқанын да айтпай болмас. Өмірден ерте кеткен Досымбек Байтұрсынов, ағайынды Юрий және Виктор Поповтар, Магомед Кокурхоев, Александр Трофимов, Юрий Никитенко, Дулаттың өзі бар, шабыттана іске кірісіп, осы қазіргі Көкшетау суретшілер мектебінің уығын қадасқан. Ол кезде бүгінгідей жеке шеберханалары да жоқ, бәрі топтасып жұмыс істейді. Бірақ, соның өзінде жастық жалын, риясыз ұмтылыспен өнер жолында өз-өздерін көрсете білген.
–Шабыт жайлы сұрайсыз ба? – деп өз сұрағымды қайталап алған Дуекең сол сауалды маған қояды. –Сіз өзіңіз өлеңді қалай жазасыз? Суретші де солай. Бір тылсым күш байыз тапқызып отырғызбай, қолыңа қылқаламды «ал да ал» дейді. Сөйтіп, өзіңше пісіп-жетіліп, ойыңда жүрген кей картинаңды тез-ақ салып тастайсың. Ал, кейде бастауын бастағаныңмен, қолың жүре қоймай, ұзатып алатын, тіпті араға айлар мен жылдар салып барып, қайта оралатын жұмыстарың да болады. Бірақ, соның өзінде оны аяқтау, ойдағыдай соңғы нүктесіне жеткізу міндет.
Жан жары Алма Зиятденқызының айтуынша, кейде осы өмірлік мұратының тәттісімен бірге азабы, жауапкершілігі де ғой, Дулат Әбдірахманұлын өнердің ұлы жолында сүріндірмей келе жатқан.
Халқына берерін беремін десе, өнер адамы, оның ішінде суретші де еш тоқырамауы керек. Соны есінен шығармаған тынымсыздығы еліміз өз тәуелсіздігін алған бергі жылдарда да қылқаламын қолына бекем ұстатқанын айтпасақ болмайды. Сөйтіп, тарихи ақтаңдақтардың ашылуы, өлгеніміздің тіріліп, өшкеніміздің жануы елдік тақырыптарға жиі бет бұрғызып, алдымен Көкше топырағында 48 жыл хан болып, үш жүздің басын біріктірген Абылай хан бабамыздың бейнесіне тыңнан түрен салды. Осылай әр жылдары толымды ізденістен туған данагөй дарамыздың жеке де, шет жауларға қарсы тұрған қанды көйлек батыр, билерімен де сәтті шешімін тапқан полотнолары көпті сүйсінтті. Уақыт тынысына сергек үн қосып отыру әр суреткердің парызы десек, дүбірлі мерейтойлар тұсында өмірге келген Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай батырлар, Қанай би портреттерінің астарында да өткенге құрмет, ерлерге ізеттің жатқаны ақиқат. Әрі бұл бабалардың кескін-келбеті құрғақ долбар, тұспалдан емес, бұрынғылардан бүгінге жеткен қисын, дәлдікпен жүзеге асқанын және айта кетуіміз керек. Абылай бабамыздың көзіндегі өткірлік пен сес, Бөгенбай мен Қабанбай батырларымыздың жүздеріндегі қайсар рух пен өз-өзіне сенімділік, Қанай бидің көзқарасындағы парасат-пайым шуағы соған кәміл сендіре түседі.
Дулат аға дәл осы ыждаһаттылықпен сол бабаларымыздың бірқатарының және басқа да ел ардақтыларының мүсіндерін сомдаған айтулы мүсінші де. Осының бәріне ой жүгірткенде оны Ақмола, Көкше топырағындағы шеберлік деңгейі әбден толысып, аты шетке де мәлім бола түскен бірден-бір белгілі қазақ суретшісі деп бағалауға барлық негіз бар. Мұны жоғарыдағы өнер иесінің шығармашылығына арналған көрнекті альбом-кітап та растай түседі. Оның үстіне бұл кітап Дулат ағаның өзі емес, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің бастамасымен, осы салада бірге тер төгіп жүрген әріптестерінің қолдауымен жарық көрген еңбек екенін ескерсек, құндылығы да арта түсетіні анық.
Ағамыздың өнердегі осы жетістіктерін әр тұста газет бетінде қысқа да болса талай сүйіншілеп жаздық та. Өйткені, суретші абыройы елінің, жүрген ортасының да абыройы. Осылайша өткен жылдың аяғында тілеулестерін тағы бір сүйсіндіріп, арнайы шақыртумен шалғайдағы Кипрге де барып келді. Биыл Ерган қаласында ашылатын «Түрксой» музейіне сонда жүріп салған үш картинасын сыйлады. Бұл суреттерінің басы – тағы да өз шығармашылығында елеулі орын алатын Абылай хан композициясы.
Әдетте қазақ суретшілеріне тән қазақы қалып, қазақы мазмұн Қосанов суреттеріне де тән. Мұндайда тақырып ортақ болғанымен, әр суретшінің оған өзінше келуі бар. Сол үдеден шыға алған Дулат ағамыздың да «Қыз қуу», «Жаз», «Жылқышылар» картиналары өзіндік шешімімен баурайды. Жан-жақты, сан қырлы талант иесі кешегі Кеңес Одағының тұсында мозаика, барельеф пен панно жасаудың да танымал шебері болатын. Сол көлемді еңбектері сыры кетсе де сыны кетпей, кейбір оқу орындары, емхана, мәдениет үйлерінің қабырғаларында әлі тұр. Бостан босқа тұрған жоқ әрине, ғимараттың өңін кіргізіп тұр.
Сурет дегеніңіз бәсі артып, ой-талғамыңнан шығып жатса, құнды дүниенің бірі ғой. Тіршіліктің бір-бір үзік сыры ол. Біреулер табиғатты, біреулер философиялық астарды ұнатады. Біреуге ашық түс, біреуге кейде сұрғылт тартатын өмірдің өзіндей тұнжыр рең ұнайды. Дулат Әбдірахманұлының да осындай туындыларын қиылып, аттай қалап алған жеке адамдар аз емес. Суретші әлемінен сыр толғайтын ондай жұмыстары елордамыздағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында, Шоқан Уәлиханов мұражайы мен республика көлеміндегі тағы басқа да музейлерде тұр. Сондай-ақ, біразы Германия, АҚШ, Жапония, Ресей, Литва елдерінің галереялары мен жеке коллекционерлерінің қолында. 2018 жылы Қазақстан Республикасы көркемөнер академиясының академигі болып сайланған белгілі суретшінің сонау жетпісінші жылдардан бері өзі қатысып келе жатқан көрмелерінің санына келсек, 40-қа таяп қалады. Олардың ішінде бір шеті Мәскеу, басқа да шет елдерде өткен көрмелер де бар.
Өз басым жаныңа жылы әсер сыйлап, дарындылығына тәнті етпей қоймайтын әр жаңа туындысын көрген сайын осы бір көкшелік суретшіні біздің теріскейде, Омбы мен Қызылтудың кең даласында дүниеге келген КСРО Халық суретшісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қанапия Телжановтың лайықты ізбасарына балаймын. Жастайынан бар аңсары суретте. Өмірі де солай. Лайым алдағы уақытта да осыдан жазбай, қылқалам мен ақ кенепке деген ынтық ғұмыр Дулат Қоспанов шығармашылығын жаңа соны биіктерге көтере берсін!

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі. Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар