Жабал ЕРҒАЛИҰЛЫ, мемлекет және қоғам қайраткері. ЕНДІ ӨМІРГЕ БАСҚАША ҚАРАЙТЫН БОЛАРМЫЗ…

Жүрек дерті қауіпті індеттен де жаман

Жабал аға, бүгінгі нәубет қаншама адамды психологиялық күйзеліске ұшыратты. Осы ретте адам жанына қуат беретін, үмітіне қанат бітіретін қандай сөз айтар едіңіз. Сөзге тоқтаған халық едік қой…

– Бұл індет Алла Тағаланың жалпы адамзат баласына «енді ойланарсың» деп жер бетіне жіберген сынағы ма деп ойлаймын. Өйткені, соңғы кездері адамзат баласы тойымсыз боп кетті. Адамдық құндылықтар аяққа тапталды. Соның кесірінен зұлымдық жасалуда. Бұл сұрағыңызға орай осындай пессимистік көңіл ырғағын қаға түсіп, жалғастыра беруге болар еді… Алайда қазіргі кезде жан күйзелісіне түскен жандарды одан әрі жүнжіте бергеніміз де жөн болмас. Дегенмен, ойланатын жайлар да бар. Бүгінде осы адам баласының ақылы мен парасатын жегі құрт болып жеп, рухани жағынан жүдетіп, аздырып та тоздырып жатқан қауіпті тағы бір індет бар ма деп те ойланамыз. Бәлкім, ол жан індеті шығар! Жүрек дерті қауіпті індеттен де жаман. Сол жан індетінен қалай айығамыз?! Осы біз дүниенің арбауына түсіп, өзіміздің адам екенімізді де ұмытып кетуге айналған жоқпыз ба?! Әріге бармай-ақ осы біздің әке-шешелеріміз өз айналасына ешкім айтпай-ақ, үкіметтің қаулысынсыз-ақ, қайырымдылық қорларын құрмай-ақ, ешкімге жарияламай, жарнама жасамай-ақ өздері қолдарынан келгенше жақсылық жасап жатпаушы ма еді?!

Әлде бұл Жаратқанның адам баласын озбырлықтан, зорлық-зомбылықтан, дүниеге тойымсыздықтан соңғы рет сақтандырып отырғаны ма екен?! Біз, бәлкім, енді өмірге басқаша қарайтын болармыз. Өмірдің қымбат екенін ұғына түсерміз! Алпауыт мемлекеттер де адам баласының өміріне жауапты екендіктерін тереңірек сезіне түсер. Қақтығыстар, соғыс дегені­ңіз тыйылар! Билеушілер мен саясаткерлер жер бетіндегі адам баласының бақыт­ты болуына хақылары бар екендігін ұғынар. Қамшының сабындай қысқа ғұмырыңда дүниенің бар байлығын жиып алып, бауырыңа басып жата алмасыңды да ұғынармыз, бәлкім. Қолымызға тиген билік пен бай­лықтың қызуымен есіре жүріп, Құдайын танымай кетуге айналған адам баласын бір оқ шығармай-ақ жойып жіберуге болатынына әлемді алаңдатып отырған мына коронавирус айқын көз жеткізе түскендей! Тіпті ендігі арада шынжыр табанды танк те, зымыран да, әлемнің кез келген нүктесіне әп-сәтте жететін атом бомбасы да қажет болмауы мүмкін…

Ел тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Біз – талай зобалаң мен сынақты бастан өткерген, тарихтың талай дауылына бой бермеген халықпыз. Батыр бабалардың жолын жалғаған бүгінгі ұрпақ та қазіргі қиындыққа төтеп береді деп сенемін. Бәлкім, бұл біздің бірлігімізді байқау үшін берілген сынақ шығар» деп халықты сабырға шақырды. Президенттің елді жігерлендіріп те, қанаттандырып та, рухтандырып та отырғаны әрқайсымызға деген сенімі деп қабылдадым. Ендеше, келер күндерімізге сеніммен қарайық! Қазіргідей күрделі жағдайда жалған сөйлеп, болмағанды болды деп қауесет пен үрей тарата бергенше, бір-бірімізді сабырға шақырып, қаяу көңілімізді өсіре сөйлейтіндей жақсылықтар айтайық! Қазақ – құдайшыл халық. Бұл індет­тен де аман-сау өтетінімізге сенім­дімін. Тек тәртіп, тазалық, төтенше жағ­дайдың талаптарын сақтай білуіміз шарт!

Әр ісімді әкем бақылап жүретіндей күй кешем

Адам баласының бақытты болуға құқығы бар деп қалдыңыз. Бір сұхбатыңызда: «Әр адам өзінше бақытты! Менің бақытым – осы күйім, осы тіршілігім!» деп едіңіз. Адам өз бақытын сезіну үшін не істемек керек, қандай ойда болғаны абзал?

– Мұның аржағында қанағатшыл көңілім жатқан болар. Әкем жарықтық осыған тәрбиеледі. Біздің әулет кешегі кеңестік заманда қуғын-сүргіннің зардабын аз тартқан жоқ еді. Қайран әкем көзі жұмылғанша  Ұлы Отан соғысынан оралмаған өзiнiң төрт бiрдей туған бауыры – екі ағасы мен екі інісінің қайғысы мен қасiретімен өмір сүрді. «Бауырларыма барып дұға жасайын десем – қа­бірі жоқ, оқиын десем –  хаты жоқ» деп егiлетiн.

Менің атам Жұмжұма молла діни білімі күшті және түрлі қасиеттері де мол жан болатын. Ауылдың кез-келген адамы ең әуелі біздің үйге бас сұғып, нан ауыз тиіп, атамның батасын алып қана жолға шығады екен.

Кеңес өкіметі орнаған заманда менің атам Жұмжұма молланың туған ағасы Бабаназар қажының орыс патшасына қарсы жұмыстар жүргізді деген айыппен Сібірге жер аударылған Науан Хазіретті елге қайтарғаны тарихта айтылады. Сонымен қатар Дала генерал-губернаторының әмірімен Көкшетау өңірінде жабылып қалған мешіттер мен медреселерді қайта ашып, тыйым салынған діни салт-дәстүрлерді қалпына келтіру жөнінде орыс патшасы Николай екіншіге хат жазғаны бар. Менің атам Бабаназар қажы ақ патшаның алдында болып, арызданып, Науан Хазіреттің соңынан іздеп барып ит жеккен жер дейтін Иркутскіден елге аман-сау алып қайтты. Бұл жайында жазушы ағамыз Сарбас Ақтаев өзінің Науан Хазірет жайындағы зерттеу еңбегінде дәлелді айта білді. Бұл жайға менің қолымдағы Омбыдағы Дала генерал-губернаторының патша кеңсесіне 1903 жылдың 9 қараша айында түсіп, тіркелген мына бір анықтама айғақ болары да анық.

Қажы атамның ақ патшаның қабыл­дауында болғандығы және сыйлыққа оқалы шапан мен алтын сағат алғандығы біздің әулеттің кешегі кәмпескенің тізіміне  де ілігуіне себеп болып, жан сақтау үшін бір түнде Сібірге қашып кеткендігі де ұрпақтар санасында қалды.

«Түннің бір уағында есік-терезені тас қымтап алып, шай-суымызды ішіп, бір-бірімізбен сыбырласып сөйлессек те ертеңіне біз не ішіп-жедік, не дедік соның барлығын да колхоз кеңсесіндегілер біліп отыратын» деп әкем осы жайды қамығып айтатын.

Сондай бір аңдудың салдарынан колхоз егістігінен суы ағып тұрған бір шелек қара бидай алып келген менің анам Үмітжан Уәлиқызы да 1946 жылы он жылға сотталып кете барды. Үйдегі майданнан оралмаған төрт бірдей жауынгердің сал болып қалған әкелерінің,  яғни, менің атамның да жағдайына, оны қойып, бесіктегі алты айлық баласына да қарамастан, он келі қара бидай үшін сот өз үкімімен менің анама он жылды кесіп берген еді. Сот үстінде анамның:

«Етегі көйлегімнің бәсең деймін,

Баласы Шәкіровтің есер деймін.

Қаралап сен ісімді бергенменен,

Әділ сот бұл ісімді шешер деймін»

деген соңғы бір үміті де ақталмады. Шәкіров деген сол кезде милиция тергеушісі болса керек.

Өткен жылдың аяғында анамның қайтыс болғанына 60 жыл толды. Көкшетауда анама арнап ас бердім. «Бәлкiм, анамның дұғалары берілген шығар, бірақ мен баласы ретінде анама осы кезге шейін дұға бермеппін! Осы ас соның өтеуі болсын. Анам тірі болса бір тойын жасар едім ғой. Осы анама арналған әрі асым, әрі тойым болсын!» дедім. Асқа деп жиналған тиын-тебенді Көкшетау қаласындағы «Науан Хазірет» мешітінің жанындағы «Зекет» қорына өткіздім. Анадан жас қалғандықтан ба екен, бейнесін көз алдыма әкеле де алмайтынмын, не бір түсіме де кірмейтін еді. Жарықтық анам сол күні түсіме кіріп, бас жағыма келіп отыр екен!

Міне, осындай қасіреттің, жетімдіктің ортасында өскен мен ең әуелі адам болу үшін күрестім. Әкем: «Балам таза, адал жүр! Бізге арам іс, ұрлық-қарлық жақпайды. Мен саған арам ішкізіп, арам жегізген жоқпын! Өліп қалсам да сені бақылап жатамын» деп айтып та кеткен-ді. Әлі де сол әр ісімді, әр сөзімді, әр қадамымды жарықтық әкем бақылап тұрғандай күйде жүремін. Алайда, осы өмірде адал да таза өмір сүрудің өзіндік өте бір қиындықтары да болады екен. Сол күйді бастан кешкен мен бүгінгі жағдайымды, осы тіршілігімді, адамдардың жаласынан талай аман қалғанымды өзімнің бақытым санаймын! Әлі де «тәуба Алла» деймін!

Қызғаныш деген «қызыл итті» ырылдатып аламыз

Хакім Абайдың: «Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» дейтіні бар. Бұл – сіз жақсы көретін сөз екен. Жұқпалы індеттен қаншама игі жақсыларымыз көз жұмды. Біз шынымен де тірімізде бір-біріміздің қадірімізді білмей жүрген жоқпыз ба?

– Шәкәрім қажының: «Абай расында да дана еді! Абайдың аты әлемге жайылуы керек еді. Бірақ жайылмай қалды, өйткені ортасы нашар болды» деп бір айтқаны бар екен. Соған қарағанда Абайға дейінгі заманда да, оның өмір сүрген кезеңінде де күні бүгінге шейін жалғасып келе жатқан қасірет қой бұл. Кісі сыйлау мен қонақ күтуге келгенде қазақ баласының алдына түсер халық жоқ шығар деп ойлаймын. Бір-біріміздің қадірімізді білеміз-ау, алайда кейде қызғаныш деген «қызыл итті» ырылдатып алатынымыз бар. Бәлкім жақсының жағасына жармасу да осыдан болар. Абайдың:

«Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,

Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып»

дегені де тегін емес-ау, осы!

Осы адам баласын қадірлеу мен тіршілікте сыйласып өту жайлы біздің қазақтан артық асырып та, жарастырып та айтқан ешкім жоқ шығар?! Тіпті, сөз қалмады десе де болғандай. Әлі де айтып жатырмыз. Бәлкім айта да беретін шығармыз. Мұның ар жағында «ауылдасымның аты озып келгей» деген ағайыншыл ниетіміз де жатқан болар. Енді осы ағайыншылдық, одан қалды жершілдік пен рушылдық ниеттен арылып, жалпы ұлттық ниетке жетсек екен…

Ескілікте естілік бар еді…

Адамды адалдық жолына салу қажеттігін жиі айтып жүрсіз. Біздің бойымыздан қандай құндылықтар жойылып бара жатыр деп ойлайсыз?

– Өкінішке қарай, өркениеттің талай ғасырлар бойы тамсандырып келген небір сәулетті ескерткіштерін қиратумен келеміз. Небір ару сұлулардың бетіне сірке суын да шашып, болмаса соларды қорлап та, зорлап жатқан жоқпыз ба? Меніңше, жамандықтан қорғанудың басты қалқаны – ар мен ұят. Қазақта «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген бір тамаша сөз бар. Адам баласынан сол ұяттың қақпағы кетіп еді, не болмай жатыр?! Ар мен ұят деген ұғымның құндылығы жойылып бара ма деп алаңдаймын. Сол екеуі кеткеннен кейін адам баласының азуы мен тозуы басталғандай. Еркегі мен еркегі, әйелі мен әйелі мауығып жатқан, шаранасын туып, дәретханаға тастап кетіп жатқандардың қасіретті әрекеті азғындық емей немене?!. Тізе берсең, айта берсең жетерлік. Бұл жағдай біздің қазақтың да басындағы бар қасірет. Біз өзіміздің дала заңдылығына сүйеніп, ата-бабаларымыз қалыптастырып кеткен көптеген ұлттық құндылықтарымызды ұстап қалуымыз керек еді. Оларды ескілік дедік… Ал сол ескіліктің өзінде халқымыздың естілігі барын ескермей жүрміз.

Осы біз неге өз салтымыз бен дәстүрімізден, әдет-ғұрпымыздан безіп жүрміз деген сұрақ мені ұзақ толғандырды. Тапқан бір жауабым: біз сол өз халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білмегендіктен безіп жүр екенбіз. Біз жаратылысынан «малым жанымның, жаным арымның садағасы» моралін қалыптастырған, «өлімнен де ұят күшті» деп ар мен ұятты өзінің өмірінен де қымбат санаған халықтың ұрпағымыз. Халқымыздың әдет-салты, дәстүрі мен ғұрпының барлығы да ар мен ұятқа негізделген, алтын арқауы да осы – ар мен ұят!

Жамандық «ішімізге» түсіп кетті ме деп алаңдаймын…

«Барлық әлеуметтік желілер мен өзге де ақпарат құралдарында адам баласының айуандығы мен жамандығын, адамды аздыратын жайларды жария еткізбей, бірден өшіріп тастап отыратын құрал ойлап шығарар едім». Егер ерекше қабілетке ие болсам осылай жасар едім деген екенсіз…

– Қазақта: «Мал құлағы саңырау» деген сөз бар. Осының мәнін тереңінен түсіне білу керек. Баяғыда үлкендеріміз ел ішінде әлдебір жамандық атаулы бола қалса, соны бір-біріне естірту үшін әуелі бала атаулыны маңайларынан қуып жіберіп, сонан соң «мал құлағы саңырау», Алла сақтасын, мал екеш мал да естімесін мұны» деп сол жаман қауесетті бір-бірінің құлақтарына сыбырлап қана айтатынын көріп өсіп едік.

Енді ойлап отырсам, бұл керемет даналық екен ғой! Ал енді қазір өз айналамызды қойып, төрткүл дүние тарапында болып жатқан небір сұмдықтарды, небір айуандықтар мен зұлымдықтарды, адам баласының ақылына сыймайтын қылмыстарды теледидарымыз бар, әлеуметтік желіліріміз бар, сәт сайын күні-түні айтып, қақсап жатқан жоқ па? Ал, осы сұмдық зұлымдық хабарларды жұрт ауыздарын ашып тыңдап отыратындықтарын байқайсыз ба? Ал сол жамандық атаулы әлі сана-сезімі мен ақыл-ойы қалыптасып үлгермеген ұлдарымыз бен қыздарымыздың жан дүниесіне еніп, орнығып жатқан жоқ деп айта аламыз ба? Өйткені, олар сол жамандық атаулының бәрін көзімен көріп, құлағымен естіп өсіп жатыр ғой. Неге қылмыс өсіп барады? Неге қазір жастарымыз қатыгез болып барады? Міне, осының бәрін ойласаң, қылмыс пен  жамандық атаулы адам баласының «ішіне» түсіп кетті ме деп алаңдаймын. Жан-дүниемізді таза қалыпта ұстасақ екен деймін.

«Сөздің ұзыны» жалған намысқа ұрындыруда

Тағы сол хакім Абайға қайырылсақ. «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын…» деп айтып кеткен ойшылдың осы бір сөзін үнемі жадыңызда ұстап жүретін көрінесіз…

– Мұны Абай білмей айтпаған болар?! Сол сөзіміздің көптігі әлі де бар ғой. Оны жоққа шығара алмасымыз да анық. Осы күндері Абай айтқан сол «сөздің ұзындығы» кей жағдайда берекесіздікке, даңғазалыққа, бос дақпыртқа, мақтаншылдық пен бөспелікке, құр кеуде ұрушылық пен жалған намысшылдыққа ұрындырап жатқандығын да аңдауға болар еді.

Республикалық «Ана тілі» газетіне берген жуырдағы бір сұхбатында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзбек ағайындардың қазіргі тіршілігін сүйсіне айтып: «Өзбектер саясатқа құмар емес, олар еңбек еткенді құптайды. Бұл ел көшеде ұрандатып шеруге шығып жүрген жоқ. Қайта жасампаздыққа жетелейтін еңбекпен айналысып жатыр» деп еді.

Саясат деген – ұзын сөз. Әуелде тойшыл едік, одан соң «шоушыл» болып алдық. Бұлар да ұзын сөздің тұнып тұрған жері! Енді – шерушілміз! Мұның да өзегі ұзын сөз. Неге дейсіз ғой? Өйткені, бізде кәсіп жоқ!

«Құлпытастың көз жасы» атты драмалық шығармаңыздың басты кейіп­кері Жамалдың: «Еркегі сайқалданып кеткен мына заманда не ақыл, не ес қалды дейсің?» деп айтатыны бар. Ер-азаматтың басты қасиеті не деп ойлайсыз?

– Заман түзелуі үшін әуелі ер-азаматтар, біз өзіміз түзелейік деп ертеректе бір айтқаным бар еді. Неге қазақ үшін бәріне, барлық жамандық атаулыға қыздарымыз ғана кінәлі болып жатады? Неге қазір көшеге шығып, бала-шағасы үшін шырылдап жататындардың басым көпшілігі қыз-келіншектер? Неге қазір қай салада болмасын жұмыс істеп, қызмет жасап жатқандардың басым бөлігі қыздар мен келіншектер? Неге… неге дейсің де «осы ер-азаматтар қайда жүр?» деп сұрағың келеді. Ер азаматтың басты қасиеті ар мен намыс, еңбекқорлық болса етті деп ойлаймын.

Қазақ халқы заманның не бір ауыр нәубәттерін көрді, зардабын да аз тартқан жоқ. Сол нәубәттердің қанды өткір қылышы ең әуелі ер-азаматтарымыздың басына тиді. Бұл ұлтты жасыту, қайратын қайтару, асылдары мен тегін құрту үшін жасалды. Мұның соңы бізді көп жағдайда жалтақтап өмір сүруге, ақиқатты күмілжіп айта алмауға мәжбүрледі…

«Есігімді қаққан кім?». Осы шығармаңыз театрда сахналанып, жастарға жақсы ой салған еді. Сауапты айналадан емес, айдаладан іздегісі келетін жастарға қандай кеңес айтар едіңіз…

– Сауап дегенді өз басым жақсы іс деп түсінемін. Өйткені, жақсылық жасасаң «сауап болады», жамандық істесең «обал болады» деген осы екі ауыз сөзді естіп, сонымен тәрбиеленіп, өстік. Осы спектакльде Сирияға кетіп қалған бір кейіпкерім, жас жігіттің: «Туып өскен ауылымда болашақ жоқ деген желеумен оны қара сиямен сызып тастаған соң енді өзімде не болашақ қалды?» деп көз жасына ерік беретіні бар.

Өмірден, жақсылықтан түңілмеу керек! Жақсы ой ойлаудан бастап, жақсы сөз сөйлеу аралығында ниет жатады. Сол ниет түзу болуы керек.  Өмірдің, тіпті өз айналаңдағы жамандық атаулыны жеңудің де, өз бойыңа жұқтырып алмаудың да қалқаны осы – таза ниет! Жастарымыз өз ойын да, бойын да, ішкі жан дүниесін де таза ұстаса екен деп тілеймін!

Сұхбаттасқан

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

Munara» газеті, 11 тамыз 2020 жыл).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар