Облыс орталығының іргесіндегі Краснояр кентіндегі ипподром аумағында орналасқан станцияда әзірге желден қуат алатын бес қондырғы жұмыс істеп тұр.
Қуаты 3 750 киловаттық жел электр станциясы даттық технология бо-йынша жұмыс істеп, 1500 тұрғын үйді электр энергиясымен қамти алады. Жыл соңына дейін Балтық жағалауы елдерінен әкелінген тағы жеті қондырғы іске қосылса, станцияның қуаты екі есеге артады. Бүгінгі күні елімізде электр қуатының тапшылығы да жоқ емес. Сондықтан, табиғи қуат көзін пайдалану қажет-ақ.
Станция инженері Санат Бибековтың айтуынша, жел электр станциясының іске қосылуының нәтижесінде Краснояр селосында электр қуаты арта түскен. «Баламалы қуат көзін пайдалансақ, ешкімге тәуелді болмаймыз. Бүгінгі күні еліміз баламалы қуат көзінің тек 10 пайызын пайдаланады. Мақсат – оны 40 пайызға жеткізу. Краснояр селосында жел электр станциясын орнату арқылы біз өңірдегі энергия тапшылығын жоюға бағыт алдық. Жыл соңына дейін станцияның қуатын екі есеге арттырып, 3 мың тұрғын үйге энергияны баламалы қуат көзі арқылы беретін боламыз. Қазір өндірілген энергия Зеренді шағын станциясына берілуде»,–дейді бізбен әңгімесінде.
Боранбай КӨМЕКЕЙ.