Ауа райының қолайлы сәтін ұтымды пайдаланып қалуға тырысқан аудан диқандары егін орағын екпінді жүргізуде. Әрбір ашық сәт қымбат. Диқандар осыған қолда бар барлық мүмкіндіктерін жұмылдыруда.
Өткен жылы жаздың жаңбырлы болуы салдарынан дәннің сапасы көңіл қуантарлықтай болғаны аршалылықтарға белгілі. Биыл керісінше, көктем-жаз жауын-шашынсыз, қапырық ыстық болды. Егін жинау науқанының ерте басталуы да содан. Барлық шаруа қожалықтары тамыз айының 20-сынан астық жинау науқанына білек сыбана кірісіп кетті. Ауданда отыздан астам ірі шаруашылық жер жыртып, егін салумен айналысса, солардың арасында маңызды науқанда алғашқылардың бірі болып, егінге шалғы салған «ТНС-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қарқыны күшті. Бірсуат селолық округі аумағында орналасқан шаруашылық жыл сайын мол әрі сапалы астық жинауды дәстүрге айналдырған. Шаруашылық биыл 7032 гектар алқапқа дәнді және 994 гектарға майлы дақылдар сепкен.
– Шаруашылық аумағында өзіміздің қырманымыз бар. Осынау мол өнім алдымен қырманға жіберіліп, кейін астық сақтау орындарына жөнелтіледі. Құны 13 миллион теңгеден асатын екі астық сақтау қоймасын салып жатырмыз. Науқанға 22 адам жұмылдырылған. Барлығы өз ісінің шеберлері, – дейді «ТНС-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Еділ Балжанов.
Шаруашылықтың егін басында қаз-қатар тізілген өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникаларын көруге болады. Биыл серіктестік шетелдің өнімділігі жоғары «New Holland» маркалы үш комбайн, үш «New Holland T9.505» және үш «Беларусь» тракторларын, сондай-ақ, «Case IH Flex Hoe Drill 400» егіс кешендерін сатып алған. Соңғы бірер күнде жауған жаңбыр науқанға сәл кедергі келтіргенімен, диқандардың қимылдары ширақ. «Қазгидромет» мамандары алдағы қыркүйек айы күн ашық болатынын болжап отыр. Сол себепті, диқандардың сағым ойнаған сары даланы дүбірге толтырып, қарбаласқа толы күзгі даланың көркін қыздырар күн әлі алда деп сенеміз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Аршалы ауданы.