Астрахандықтар назары егінжайда

Күз жақындаған сайын күн райын бағатын диқан қауымы ашық күндердің мүмкіндігін жіті пайдаланып, егін орағын біртіндеп бастап кетті. Науқан енді басталғанымен диқандардың қимылы ширақ.

Осы алаң көңіл алқаптағы соңғы айналымның астығы құт қамбаға түспей, жай таппасы анық. Оның үстіне соңғы бір-екі күн бойы ауық-ауық аспанды бұлт торлап, жаңбырдың жиі жауып өтуі елді де, диқан ерді де жауапты науқанды тезірек аяқтауға асықтырғандай. Ауа райы шынында да, қоңыр күздің уақыт тынысын өз қолына ала бастағанын білдіргендей құбылуда. Ендеше, ауыл еңбеккерлеріне әр ашық сәтті тиімді пайдаланып, өсірілген ырыздықты шашпай-төкпей жинап алуға бар күшті салмай болмайды. Осы жайды жете түсінген Астрахан ауданының диқандары маңызды науқанға бар күшті жұмылдыруда.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, ауданда 358,8 мың гектар алқаптың егінін жинау жоспарланған болса, қазіргі кезде оның 2 пайызға жуығы алынды. Алдағы күндер ашық болса, келер аптада диқандар егін орағына қызу кіріседі деген сенім бар. Қазіргі кезде аудан бойынша әр гектардан орта есеппен 8 центнерден астық алынуда. Осы ретте, «Шілікті», «Зеленое-1», «Достық-06», «Фермер-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері диқандарының қимылы ширақ.
Аудан шаруашылықтары жыл сайын арамшөптермен күресу үшін химиялық препараттарды қолданып келеді. Қар тоқтату әдісі, басқа да тыңайтқыштарды уақытылы қолданылуда. Осындай қазіргі заманғы озық технология мен агротехникалық шаралардың арқасында аудан диқандары биылғы жылы да біраз астық жинауды межелеп отыр. Қырдағы қызу қарбалас, диқандардың күш-жігері мен жинақталған іс-тәжірибесі және маңдай тері өсірілген ел ризығын шашпай-төкпей жинап алатынына сенім ұялатады.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Астрахан ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар