Егін орағы -2026
Ерейментау өңірінде жыл бойғы маңдай тердің қайтарымы – егін жинау науқаны қыза түсті. Қолайлы ауа райының әр сағатын тиімді пайдалануға тырысқан жергілікті диқандар бүгінде алқап басында орақ науқанының қарқынын барынша үдете түсуде.
Аудан бойынша жалпы егін жинау алаңы 108,6 мың гектарды құрайды. Оның 83,9 мың гектардан астамы дәнді және бұршақ дақылдарының еншісінде болса, майлы дақылдар 17,1 мың гектарды, ал, екінші нан – картоп 42,5 гектар алқапты алып жатыр.
Егістіктің жай-күйі де диқандар көңілінен шығуда. Яғни, дәнді дақылдардың 67,1 пайызы жақсы, 32,9 пайызы қанағаттанарлық деңгейде бағаланып, майлы дақылдардың 70,5 пайызы бітік шығып, жоғары өнімділіктің нышанын білдіруде.
Тамыздың соңғы онкүндігіндегі жағдай бойынша дәнді және бұршақ дақылдарын жинау жұмыстары 22,2 мың гектар алқапта атқарылып, диқандардың күн сайынғы тынымсыз еңбегінің нәтижесінде алғашқы астық та ел қамбасына құйыла бастады. Бидайдың орташа түсімі әзірге гектарына 7,9 центнерден айналып тұрса, арпа шығымы одан жоғары. Яғни, гектарына – 12,5 центнер. Мұнымен бірге, төрт түлік малдың қысқы азық қорын молайту үшін 80 гектар жүгері орылып, 1,6 мың тонна сапалы шырынды сүрлем дайындалды.
Ауданда маңызды науқанның іркіліссіз әрі толыққанды жүруінің басты кепілі – жанар-жағар маймен уақытылы қамтамасыз ету мәселесі де оң шешімін тапқан. Мамандардың айтуынша, жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарынан орақ науқанына 79 өтінім түсіп, оларға жалпы көлемі 1854 тонна дизель отыны бөлінген. Литрі 304,33 теңгеден босатылатын жанар-жағар майдың 181,9 тоннасы «Арна» ЖШС мұнай базасына жеткізіліп, 30 шаруашылықпен келісім-шарт жасалып, отынды есептеп бөлу басталған. Бұған қоса, осы аптада теміржол арқылы тағы 183,75 тонна дизель отыны тиелген вагондардың келуі күтілуде және мұнай өңдеу зауытынан 195 тонна отын тиеліп, жөнелтілуге дайындалуда. Осылайша, қажетті ресурстармен толық қамтамасыз етілген өңір диқандары жауапты науқанды қысқа мерзімде ысырапсыз аяқтап, ел қамбасын сапалы ырыздық дәнімен толтыруға күш салып отыр.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Ерейментау ауданы
![]()

