Қырық жыл жер астына түскен кенші

30 тамыз –Шахтер күні

Жер астындағы қараңғы қуысқа түсіп, ел игілігі үшін оның қойнауындағы қазынаны алу кез келген адамның қолынан келе бермейтін ауыр да жауапты еңбек. Шахтерден ең алдымен, өз ісінде төзімділік пен батылдық, кәсіби шеберлік пен жауапкершілік талап етіледі. Бір күндік емес, ондаған жылдарға созылған кенші еңбегінің артында талай адамның маңдай тері, қажыр-қайраты мен тағдыры жатыр десек артық айтпаспыз.

Степногорск қаласының Бестөбе кенті де шахтерлер еңбегімен біте қайнасқан елді мекендердің бірі. Кент тұрғындарының едәуір бөлігі ұзақ жылдар бойы алтын өндіретін шахтада еңбек етіп келеді. Мұнда шахтер мамандығы жай ғана кәсіп емес, талай әулеттің өмір салтына айналған.

Осындай жандардың бірі Балтабай Муфтахиденов осы шахтада қырық жылдан астам уақыт еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардагер шахтер. Оның еңбегі еленіп, 2017 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.

Балтабай аға шахта табалдырығын сонау 1974 жылы аттаған. Әскерден оралған соң, Бестөбе ауылындағы шахтаға бұрғылаушы болып жұмысқа орналасады. Кейін өндірістен қол үзбей жүріп, Щучинск қаласындағы политехникалық техникумда геолог мамандығын меңгеріп, кәсіби біліктілігін арттырады. Әрі қарай да бар ғұмырының еңбек жолы жер астындағы кен өндірісімен тығыз байланысты болды.

– Шахтадағы жұмыс оңай емес. Жер астында еңбек ету үшін адамға ең алдымен шыдамдылық пен төзімділік керек. Ыстыққа да, суыққа да төтеп бересің. Әр күннің өз қауіп-қатері бар. Сондықтан, шахтер болуды таңдаған жастар өз кәсібінің қыр-сырын жақсы түсінуі керек, – дейді ардагер.

Көп жылдарға созылған жер қойнауындағы ауыр еңбек адамның денсаулығына да салқынын тигізбей қоймайды. Балтабай ағамыздың өзі жүрегіне екі рет ота жасатқан. Өтіне де тас жиналған. Соған қарамастан, ол еңбек жолын абыроймен аяқтап, бүгінде 72 жасында кейінгі ұрпаққа өз тәжірибесін үйретіп, жастарға бағыт-бағдар беріп жүр. Ардагердің пайымынша, шахтерлердің зейнет жасын жалпы белгіленген 63 жастан төмендету мәселесін қарастырған жөн. Өйткені, жер астындағы ауыр еңбек адамның денсаулығы мен күш-қуатына айтарлықтай салмақ түсіреді.

Бестөбелік тағы бір шахтер Бейбіт Зейнелов бүгінде «Алтыналмас» акционерлік қоғамының осы Бестөбе кенішінде еңбек етіп жүр. Кәсіби маман болуды мақсат еткен Бейбіт Степногорск колледжінде тау-кен технологы мамандығын меңгерген. Еңбек жолын осы шахтада ағаш тіреуші болып бастап, тәжірибе жинақтай келе өз ісінің білікті маманына айналды.

Бейбіттің айтуынша, шахтадағы әр жұмыс күнінің өзіндік қиындығы бар.

 

– Жер астында кейде 12 сағат бойы, 800-900 метр тереңдікте жүресің. Жер бетіне аман-есен көтерілгеннің өзі біз үшін үлкен қуаныш. Әр ауысымнан кейін отбасыңа аман оралу үлкен бақыт, – дейді ол әңгіме барысында.

Бүгінде бес баланың әкесі Бейбіт Зейнелов өз ісінің шебері атанып отыр. Оның еңбек жолы  шахтер мамандығын таңдаған жас буынға үлгі боларлықтай. Жер астындағы еңбектің қиындығына қарамастан, өз кәсібіне адалдық танытып жүрген азаматтар ел экономикасына да елеулі үлес қосып келеді.

Бестөбе кентінде бүгінде шамамен 6-7 мыңға жуық адам тұрады. Кенттің әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігі кен өндірісімен тығыз байланысты. Көптеген тұрғынның еңбек жолы осы шахтамен тығыз байланысты.

Кеніште жұмыс істейтін азаматтардың арасында басқа елді мекендерден келіп еңбек ететіндер де бар. Компания тарапынан алыстан қатынайтын жұмысшыларға жатақхана қарастырылып, ауыл ішіндегі жол қатынасы үшін арнайы автобус ұйымдастырылған. Қазіргі таңда кен орнында шамамен 700 адам еңбек етеді.

Бестөбенің болашағы да кен орнына қарайлайды. Сондықтан, тұрғындар өндіріс орнының әлеуметтік жауапкершілікті арттыра түссе деген тілектерін айтып келеді. Бұл бір ғана өндіріс орны табысы емес, жүздеген отбасының күнкөрісі, ондаған жыл бойы қалыптасқан еңбек дәстүрі, тұтас бір елді мекеннің әлеуметтік тіршілігі екенін ескерсек, ауыл тұрғындарының талабы орынды екендігі даусыз.

Бестөбеде үш мектеп бар. Соның бірі жаңадан салынғанымен, қалған екеуі ескірген. Ауыл тұрғындары осы білім ошақтарын жөндеуге немесе қажет болған жағдайда жаңа мектеп салуға өндіріс орны тарапынан қолдау көрсетілсе деген үмітте.

Бұдан бөлек, жол мен жарық мәселесі де елді мекен тұрғындарын толғандыратын өзекті тмәселелердің бірі. Қыс мезгілінде кенттің жылу жүйесіне түсетін салмақ та арта түседі. Ауылдағы жылу қазандықтарын жаңғырту жұмыстарының қажеттілігі де айтылып отыр. Тұрғындар өндіріс ошағының игілігі кеніш аумағымен ғана шектелмей, оны қоршаған елді мекеннің әлеуметтік жағдайын жақсартуға да бағытталса деген тілек айтады.

Өйткені, Бестөбе мен шахтаның тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Кенттің талай азаматы жер астына түсіп, адал еңбегімен отбасын асырап, елдің экономикасына, компания табысына үлес қосып келеді. Сондықтан, олардың денсаулығы мен қауіпсіздігі, еңбек жағдайы, әлеуметтік тұрмысы қашанда басты назарда болуы тиіс.

Иә, 30 тамыз – Шахтер күні жер қойнауындағы байлықты ел игілігіне айналдырып жүрген мыңдаған кеншіге құрмет көрсететін айтулы күн. Шахтер еңбегінің қадірі бір күнмен ғана өлшенбейді. Оның әр ауысымында ерлікке пара-пар жауапкершілік, забойға түскен әр метрінде ащы маңдай тер бар.Сондықтан, осы саладағы Балтабай Муфтахиденов сынды ардагерлердің өмір жолы кейінгі буынға өнеге. Қырық жылдан астам уақытын шахтаға арнаған аға буын өкілдерінің тәжірибесі мен тағылымын жас буын үшін баға жетпес қазына десек, қателеспейміз.

Ал, Бейбіт Зейнелов секілді тәжірибелі мамандардың еңбегі шахтер кәсібінің салт-дәстүрі жалғасып келе жатқанын көрсетеді.

Кенді Бестөбенің қазынасы жер астындағы алтын ғана емес, оның ең үлкен байлығы  сол қазынаны ел игілігіне жаратып жүрген еңбек адамдары екені даусыз. Сондықтан да, шахтер еңбегі қашанда құрметке лайық. Өйткені, елдің ертеңін бүгінгі маңдай терімен айқындайтын жандардың қатарында кеншілердің орны ерекше. Олай болса, Шахтерлер күні құтты болсын! Еңбектеріңіз еленіп, әр ауысымдарыңыз, жер астына әр сапарларыңыз сәтті болғай дегіміз келеді.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Ардагер кенші Балтабай Муфтахиденов.

Бейбіт Зейнелов әріптестерімен бірге.

Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар