Жаңа қоныс
Аудан орталығы Аршалы кентінде тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар жаңа пәтерлердің кілттерін алды.
2025 жылы тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы аясында 100 пәтерлі жаңа тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, биылғы наурыз айында 34 отбасына осы үйден пәтерлер берілген болатын. Ал, бұл күні тағы 47 отбасы сол үйден баспаналы болып, қуанышқа кенелді.
Бұл пәтерлер көп балалы және толық емес отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға, жетім балаларға және тұрғын үй мәселесін шешуде мемлекеттік қолдауға мұқтаж азаматтардың басқа да санаттарына берілді.
– Бүгін біздің отбасымыз үшін көптен күткен ерекше күн. Тұрғын үй кезегінде сегіз жыл тұрып, міне, жаңа пәтерімнің кілтін алдым. Бұл мен үшін ең алдымен, ертеңгі күнге деген сенім және өмірімнің жаңа кезеңі деп айтсам артық емес. Осы арманымның орындалуына жағдай жасаған басшыларға, сондай-ақ, құрылысшыларға мың да бір алғыс, – дейді жаңа пәтер иегері Юлия Макухина.
Жаңа үйде қоныстанушыларды осы қуаныштарымен құттықтаған аудан әкімі Достанбек Есжанов өз сөзінде халықты қолжетімді әрі жайлы баспанамен қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.
– Пәтерлеріңіз жылылық пен жайлылықтың, отбасылық бақыттың мекеніне айналсын. Баршаңызға амандық-саулық, ашық аспан және осы үйлеріңіздің қызығын көруді тілеймін, – деді ол кілт тапсыру салтанатына жиналғандар алдында.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Аршалы ауданы.
![]()

