Өткен аптаның соңында «Ақмола облысы ауыл әйелдерінің форумы – 2020» атты айтулы шара онлайн форматта жүзеге асырылды. Ауыл әйелдерінің бизнестегі жетістіктері сөз болған бұл форум «Жасыл экономиканы қолдау мен G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі және «Coca-Cola» Халықаралық қорының қолдауымен ұйымдастырылған болатын.
Форум жақында ғана дүниеден озған қоғам қайраткері, «EXPO & Women» халықаралық ұйымының директоры, «Құрмет» орденінің иегері, «Жасыл экономика» қозғалысының белсендісі Салтанат Рақымбекованы еске алумен басталды.
Негізінен бұл форум – республика бойынша жоспарланған 14 форумның алғашқысы еді. Жалпы, өңірлік форумдардың қорытындысы қараша айында Ауыл әйелдерінің ІІІ республикалық форумы аясында шығарылатын болады. Форумға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан ауыл әйелдері форумының ұйымдастыру комитетінің төрайымы Майра Айсина модераторлық етті.
– «Жасыл экономиканы» дамытып, ауылда өмір сүруге бар мүмкіндік жасалса, шаруашылыққа икемді жастар қалаға кетпей, ауылда өз кәсібін дөңгелетер еді, – деген Майра Арапқызы қазір ауыл тұрғындары қалаға емес, қаладағылар ауылға ұмтылу керектігін де тілге тиек етті.
Онлайн форматта өткен форумға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, «Coca-Cola» компаниясының Орталық Азия мен Кавказдағы үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Александра Аккирман, ФАО-ның ҚР-дағы байланыс және серіктестік бюросының басшысы Қайрат Нәжмиденовтер қатысып, ауыл әйелдерін қолдау мен олардың қазіргі жасап жатқан еңбектері жайлы кеңінен тоқталды.
Елімізді жайлаған коронавирус пандемиясына байланысты бұл жолы қашықтықтан өткен ауыл-аймақты дамытуға үлес қосып жүрген іскер әйелдер форумына Ақмола өңірінен 17 аудан мен 2 қаланың іскер әйелдері zoom бағдарламасы арқылы байланысқа шықты. Форумда елдегі карантин кезінде нәтижелі жұмыспен қамту және ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту шараларының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Одан бөлек жасыл технологияларды игеру мен инновациялық жобаларды іске асыру жолдары да форум аясында әңгіме өзегіне айналды.
Форумның ашылуымен құттықтаған Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова Қазақстанның Азаматтық альянсының төрайымы, ауыл әйелдері форумының негізін қалаушы Салтанат Рахымбекованың қайтыс болуына байланысты ғаламтор арқылы жиылған нәзік жандыларға көңіл айтты.
– Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қаншалықты көңіл бөлетінін бәріміз жақсы білеміз. Осыған орай, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, әйелдер «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік дамыту» бағдарламасы бойынша өз бизнесін сәтті дамытуда. 500-ден астам нәзік жандылар «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқып шықты, – деген Айна Ермекқызы Зеренді ауданына қарасты Қонысбай селолық округіндегі сабан мен зығырдан отын түйіршіктерін өндіретін зауыттың құрылысы басталғанын да айтып өтті. Жаңа зауыттың мердігері «Аманат 11» серіктестігінің директоры Аягөз Әбдірахманова. Сонымен қатар, Аршалы, Красный Яр, Ерейментау селолық округтерінде жел және күн электр станцияларының орнатылып жатқаны да сөз болды. Нақтырақ айтқанда, бүгінгі күні өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген әйелдер саны артып келеді. Мәселен, Ақмола облысындағы 691 мемлекеттік басқару саласында 182 әйел басшылық қызмет атқарса, оның ішінде 48-і ауыл әкімдері.
Аталған форумда Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова ауыл тұрғындарын қолдау бойынша «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру туралы баяндады.
Басқарма басшысының айтуынша, биылғы жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша Ақмола өңірінде 9000-нан аса жұмыссызды қамту мақсатында 8 миллиард теңге қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін 6,5 мың азамат қамтылған, олардың 84 пайызы әйелдер. Бұл әйелдердің 78,5 пайызы ауылдық жерлерден екен. Жұмысқа тартылмас бұрын ауыл әйелдері қысқамерзімді оқудан өтеді. Оқуға тартылған 660 адамның 358-і әйелдер. Олар оқу үрдісін сәтті аяқтаған. Мәселен, жұмыссыздар қатарындағы 54 жастағы Алтыншаш Құмархан «Тігу өндірісі мен киім пішу» мамандығы бойынша білім алып, «тігінші» квалификациясын иемденген. Бүгінде оған «Айлана» атты тігін шеберханасын ашуға грант берілген.
«Бастау» атты кәсіпкерлік негіздеріне бағыт беретін «Бастау» жобасы арқылы 1019 адам кәсіп бастауға жолдама алды. Олардың ішінде 550-і нәзік жандылар, ал 408-і ауылдан. 200 АЕК мөлшерінде грантты 428 азамат ұтып алды. Олардың ішінде 254 әйелдің 189-ы ауыл әйелдері. Енді олар өздерінің бизнес иделарын жүзеге асыратын болады.
Мемлекеттік бағдарламаар аясында 381 адамға микрокредиттер берілді. Олардың ішінде 126 әйел өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды. Мәселен, Есіл ауданынан өтінім берген Анна Александровна Есімшәріпова «Бастау – бизнес» аясында өткен оқудан кейін мал шаруашылығы кәсібін дамытуға 3 миллион теңге көлемінде кредит алған. Ал, жұмыспен қамтудың белсенді формалары бойынша үшінші бағытына 4019 азамат қатысқан. Олардың ішінде 2285-і әйел адамдар, ал ауылдан қатысқан әйелдердің саны 1812. Әлеуметтік жұмыс орындарына 464 азамат жіберілсе, олардың ішіндегі 168-і ауыл әйелдері. Жастар практикасына 671 азамат жіберілсе, олардың ішіндегі 232-сі ауыл қыз-келіншектері. Тағы бір мысал, Жақсы ауданы Запорожье ауылының тұрғыны Лада Викторовна Накова Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін агрономия мамандығы бойынша тәмамдаған соң, біраз уақыт ауылда жұмыссыз отырып қалған. Содан халықты жұмыспен қамту орталығына барып, жастар практикасына Запорожье ауылдық округінің әкімдігіне жолдама алады. Практика аяқталған соң Жақсы аудандық әкімдігіне жұмысқа орналасады. Сонымен қатар, қоғамдық жұмысқа жолдама алған 2884 азаматтың 1412-сі ауыл әйелдері. Мұндай көрсеткіш ауыл адамдарына ауылда отырып-ақ өз кәсібін ашуға, жұмысқа кедергісіз орналасуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқанын анық байқауға болады.
Осынау аталмыш форум барысында ауылда отырып үлкен жетістікпен көзге түскен әйелдер кеңінен сөз алды. Соның бірі – Серікгүл Омарбекова. Ол – Ақмола облысы, Астрахан ауданы Жалтыр №2 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Серікгүл мамыр айынан бастап іске қосылған Ақмола облысы бойынша «Birgemiz:Bilim» жалпыұлттық жобасына ерікті ретінде өтінім жіберген. Жоба тақырыбы: «ҰБТ-ға дайындық. Профессор Т.Т.Ғалиевтың жүйелі ойлау тәсілі негізінде» болған. Осы тақырыпқа сай Ақмола облысы бойынша Zoom платформасында 5 онлайн-сессиясы өткізілген. Форумда сөйлеген ол: – Онлайн-сессияларға қатысу арқылы, мен өзіме көптеген жаңа тәсілдердің барлығына көз жеткіздім. Қандай жағдай болсада, «Білім» саласының ешқашан тоқтап қалмайтындығына осы өткізілген жоба нақты дәлел деп айтар едім. Себебі, мен бұл жобадан, профессор Т.Т.Ғалиевтың «Жүйелі ойлау» тәсілін тек ҰБТ-ға дайындық кезеңінде ғана емес, сондай-ақ, олимпиадаларға дайындық, күнделікті сабақта қолданысқа енгізу өте тиімді екендігін ұғындым, – деді жас маман.
Сөйтіп, «Birgemiz:Bilim» жалпыұлттық жобасының жалғасы ретінде, «IQ онлайн-лагері» құрылады. Осылайша, Ақмола облысы бойынша «Birgemiz:Bilim» жалпыұлттық жобасын іске асыру аясында құрылған «IQ онлайн-лагері» 2020 жылдың 7 шілдесі мен 15 тамыз аралығында екі ауысымда жұмыс жасаған. С.Омарбекованың айтуынша, «IQ Онлайн-лагері» бұл достар табудың жаңа форматындай. Сондай-ақ, онда өте қызықты тұлғалар – мұғалімдер мен ғалымдар, мектепті жаңа бітірген табысты жастар немесе әртүрлі интеллектуалды жарыстарда жетістікке жеткен студенттер – өз жетістіктерімен бөлісіп қана қоймай, қатысушыларды да өздерімен бірге алға жетелейді деген ойын мақтанышпен жеткізді. Мұғалім үшін қашанда жаңа мүмкіндіктерге жола ашатын бағдарламалар жаңа серпін екені сөзсіз. Одан әрі өзінің іс-тәжірибесімен бөліскен Раушан Қожанова – Целиноград ауданының «Ақбар» ауыл шаруашылығы кооперативінің директоры. Өзінің бизнес жолын қызықты етіп баяндаған кәсіпкер бизнеске КСРО құлаған қиын кезеңде келіпті.
– Мен институтты инженер-технолог мамандығы бойынша аяқтап, зауытта жұмыс істедім. Алайда, ол зауыт Кеңес Үкіметімен бірге жойылды. Анам «тұрақты бол, күте тұр, зауытқа жұмысқа тұр» – десе, әкем: «кез келген тарихи құлдырау – жаңа мүмкіндіктердің бастауы», – деп мені жаңа іске итермелеген болатын. Өзіңді басқа салада сынап көруге қорықпа деп кеңес берді. Содан кеден брокері болдым. Ол кезде Еуропа стандарттары бойынша кедендік декларацияларды толтыруды көбі білмейтін. Қазір мен еліміздің кеден саласын сонау жылдардан бері «ішкі әлемін» көріп, еліміздің алғашқы «Кедендік Кодекстің» шығуына атсалысқанымды мақтан тұтамын. Кедендік қызметтен кеткен кезде бірге оқыған курстасым ауыл шаруашылығындағы кәсібіне көмекке шақырды. Құнан мен байталды ажырата алмасам да, бұл бизнеске келдім. Экономист болып жүріп, бір айдан соң директор болдым. Басшылықтың туысқандарына құнан-биесін, қымыз-саумалын тегін беретін әрекеттеріне тосқауыл қойдым. Бизнесте ең үлкен жау – өзің! Ешкімге ештеңені тегін бермегеніміздің нәтижесінде барлық қарыз жабылып, шаруа қожалығы дамудың жаңа кезеңіне көшті, – дейді өз ісінің білгірі не айналған кәсіпкер Р.Қожанова. Кейін келе ол Нұр-Сұлтан қаласына жақын жерден бірнеше гектар жерді жалға алып, «Ақбар» ауыл шаруашылығы кооперативін ашқан. Сөйтіп, 100 еріктіні кооперативке жұмысқа шақырады. Олар тегін жер алып, үй салып, басты талап – осы жерде өмір сүріп, шаруашылықпен айналысуды түсінеді. Міне, осылайша, шаруашылыққа икемді бірнеше отбасымен бірге, мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен үлкен істі бастаған кәсіпкер Р.Қожанованың бөлісер тәжірибесі де мол.
Бүгінде осындай кәсіптің әр саласын ауылда дамытып, нәпақа тапқан, онымен қоса ауыл азаматтарына жұмыс орындарын ашқан батыл да қайсар әйелдер еліміздің экономикалық дамуына үлкен үлес қосып жүр. Ақмола облысының елді-мекендерінен байланысқа шыққан әйелдер өздерінің табысты кәсіптерінің басталу тарихымен бөлісіп қана қоймай, ауыл әйелдерін жұмысқа да шақырды. Жалпы, форумда көтерілген мәселелер, табысты ауыл әйелдерінің бизнестегі ізгі жолы кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Олай болса, табысқа жетудің қайнар көзі –кәсіпте екенін ұмытпайық.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.