Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Маңызды кезеңнің мәнді істері - АРҚА АЖАРЫ

Маңызды кезеңнің мәнді істері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан:іс-қимыл кезеңі» атты ел халқына арнаған Жолдауының ә дегенде коронавирус індетіне қарсы бүкілхалықтық күресті сөз етуден бастау алуы тегіннен-тегін емес.

Жолы қиын жұмбақ тіршілік демекші, бүкіл әлемді жайлаған дерт біздің Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің биылғы жылға белгілеген сан қырлы ауқымды жұмыстарын кең көлемде жүзеге асыруға кері ықпалын тигізді. Белгіленген шаралар өз мақсат деңгейінде жүзеге асырылмай отыр. Дегенмен де сан қилы өмір өткелдерін бастарынан өткізген ардагерлер қауымына және жас ұрпаққа тәрбие беріп жол көрсетуде облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшелері, ардагерлер ұйымдары едәуір жұмыстардың басын қайтарды.
Әсіресе, үстіміздегі жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Ұлы Абайдың 175 жылдығы аясындағы кең көлемді шаралардың басым көпшілігі қоғамда қалыптасқан қиын да күрделі жағдайға қарамастан, ойдағыдай іске асырылуда. Бұл тарихи оқиғалар жалпы ардагерлер ұйымдарының жұмысына жаңа серпін беріп отыр. Қамқорлық көрсету шараларының басым көпшілігі осындай жағдайға орай, оқшаулану шеңберінде өткізілуде. Төралқа мүшелері облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұлдың тікелей ұйтқы болуымен өздерінің белсенділіктерін танытып, ұрпақ сабақтастығы жолында аянбай еңбек етуде.
Олар барлық аудандардағы ардагерлер ұйымдарының жетекешілерімен интернет, «Ватсап» жүйелері бойынша, баспасөз құралдары арқылы жұмыс жүргізуді қолға алып, көптеген көңіл қуантарлық істердің ұйтқысы болуда. Мұның бәрі осынау қиын-қыстау кезеңде қарияларды өздерінің күнделікті көкейтесті мәселелерімен жеке қалдырмай, тұрақты түрде назарда ұстауға тірек болды. Қолдан келгенше жергілікті жерлердегі өкілдеріміз арқылы аудан басшыларымен, әлеуметтік қызмет көрсету салаларының қызметкерлерімен, денсаулық сақтау мекемелерінің басшыларымен тікелей байланыс жасап, ауру-сырқауға душар болған қарияларға көмек көрсету үшін нақты іс-қимылға көшті.
Атап айтқанда олардың осынау ауқымды жұмыстары өңірдегі қариялардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға, зейнеткерлерге мәдени-тұрмыстық, медициналық және басқа да қызмет түрлерінің сапалы көрсетілуіне ықпал етуге, жастарды аға ұрпақтың жауынгерлік және еңбек даңқы дәстүрінде, сол сияқты ата-бабаларымыздың үздік ұлттық құндылықтары негізінде тәрбиелеуге бағытталды.
Бүгінде облыстық ардагерлер ұйымында 2 қалалық және 17 аудандық кеңестер бар, 849 бастауыш ардагерлер ұйымдарына 112 мыңнан аса зейнеткер, 34 Ұлы Отан соғысына қатысушылар және 5 соғыс мүгедегі, 1000 мыңға тарта соларға теңестірілгендер, 4 139 тыл еңбеккерлері, 900-дей Ауған соғысына қатысушылар, 61 Чернобыль атом электр станциясындағы апатты жоюға қатысқандар кіреді.
Облыс әкімі Е.Б.Маржықпаев қабылдаған арнайы қаулыға сәйкес өткен мерзім ішінде облыс бойынша соғыс және еңбек ардагерлеріне, мұқтаж адамдарға 482,904 миллион теңгенің көмегі көрсетілді, бұл өткен жылдағыдан 36,1 миллион теңге артық. 13 332 адам тегін және жеңілдетілген дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілді, бұл көрсеткіш те бұрынғы жылдармен салыстырғанда 8 857 адамға көп. Шипажай-курорттық мекемелерде 1 317 зейнеткер денсаулығын түзетті.
Аға буын ешқашан қоғамдық-саяси оқиғалардан тыс қалған емес. Өздерінің бай өмірлік тәжірибелеріне, білімдеріне, күш-қуаттарына, ақыл-ойларына сүйене отырып, мемлекетіміздің дамып көркеюіне ат салысып келеді. Сол елеулі шаралардың бірқатарына тоқтала кетейік.
Мәселен, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдық мерекесі аясында белгіленген және жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға жете көңіл бөлуде. Ең алдымен облыстық ардагерлер кеңесі бүкілхалықтық маңызы бар мерекені лайықты қарсы алу мақсатында арнайы пленум ұйымдастырып, Жеңістің 75 жылдығына дайындалу, жастарға патриоттық тәрбие беруді күшейту жөніндегі міндеттер туралы мәселені қарады. Онда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл баяндама жасап, облыс, аудандар мен қалалардың ардагерлер кеңестерінде, оның бастауыш ардагерлер ұйымдарында Ұлы Жеңістің 75 жылдығын лайықты қарсы алу, жастарға патриоттық тәрбие беруді күшейту бағытында жүзеге асырылып жатқан шараларға жан-жақты тоқталды.
Осы мереке шараларының аясында «Әр берген бұл өмірге ән менен жыр» атты облыс ардагерлерінің қатысуымен көркемөнерпаздардың үлкен байқау конкурсы өткізілді. Облыстық ардагерлер кеңесінің қолдауымен Жеңістің 70 жылдығына «Зерде» естелік кітабының 10 томдығы, ал, екі жылдан соң 11-ші қосымша томы жарық көрді. Жерлесіміз Екатерина Шелестова құрастырған «Соғыс жылдарының әндері» жинағы басылып шықты.
Қызыл ізшілердің көмегімен Ұлы Отан соғысында қаза тауып, белгісіз болып келген жауынгерлердің зираттарын іздеу, анықтау, опат болған майдангерлердің сүйектерін елге әкеліп қайта жерлеу жұмыстары ұдайы өз жалғасын тауып келеді. Із-түссіз жоғалып, бейіттері табылған жауынгер жерлестеріміздің туған-туыстарына қаржылай көмек көрсетіліп, олардың жақындары табылған шахарларға барып қайтуға қолқабыс жасалды.
Бір ғана дәлел ретінде Ленинградты қорғауға қатысқан жерлесіміз, 1943 жылы хабарсыз кетіп, 2018 жылдың 3 мамырында Ленинград облысының орманында табылған Жақсы ауданындағы Терісаққан ауылының азаматы Кенжебек Болтаевты, Новгород облысының Старая Русса қаласының түбінде табылған Сандықтау ауданындағы Ұлан ауылының азаматы Кирилл Семенович Демченконы қайта жерлеу рәсімдері бұқара халықтың қатысуымен өткізілді. Сол сияқты, Бұланды ауданының Тастыөзек ауылында 1942 жылы қаза тапқан жауынгер-жерлесіміз Иван Петрович Гвоздевтің және де Целиноград ауданына қарасты Жалғызқұдық ауылында Калуга облысынан жеткізілген жауынгер-жерлесіміз Тәжібаевты қайта жерлеу рәсімдері абыроймен атқарылды. Оларға бүкіл аудан, ауыл тұрғындары қатысты.
Бұл бағытта облыстық ардагерлер кеңесі төралқа мүшелерінің атқарып жатқан тынымсыз еңбектерін айрықша атау керек. Мәселен, облыстық соттың бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы, облыстық ардагерлер кеңесінің президиум мүшесі Мейрам Мырзахметұлы Ғибаділов қашанда өзінің белсенді іс-қимылымен тамаша өнеге көрсетіп жүр. Ол Ұлы Жеңістің 75 жылдық торқалы тойы аталып отырған жылы соғысқа қатысып ерлік танытқан, майданнан кейінгі бейбіт өмірде ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, болашақ ұрпақты аға буын өнегелерінің үлгісінде тәрбиелеуге белсене араласқан ардагерлер туралы тамаша мақалалар ұйымдастыра білді.
Степногорск қаласындағы №6 мектеп-гимназиясының бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі, қызыл ізшілер тобының жетекшісі А.В.Кенцель де осы тұрғыда белсенді жұмысымен көрінуде.
– Былтырғы оқу жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесін кең көлемде атап өттік. Оқушылар осы шаралар аясында өткізілген Халықаралық акцияларға белсенділікпен қатысты. Мәселен, Санкт-Петербург қаласында 16 мемлекет өкілдерінің қатысуымен өткен «Блокада кітабын оқимыз» халықаралық акциясына қатысып, оқушылар мен ұстаздар О.Адамович және Д.Граниннің шығармаларын оқыды. Сонымен қатар, блокадаға қатысқандармен кездесу өткізді, Нева алаңына, «Ленрезерв» музейінде болдық.
Сол сияқты, «Жеңіс диктанты», «Балаларға соғыс туралы», «Ұрпақтар жалғасы» сияқты акциялар ұйымдастырдық. «Біздің батырларымыз» атты халықаралық акция шеңберінде оқушылар көптеген іздестіру жұмыстарын жүргізіп, Ұлы Отан соғысының батырлары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, И.Панфиловтар жайлы тың деректер тауып, оқушыларды таныстырды. Оқушылар, ұстаздар «Халық естелігі» сайтын пайдаланып, әр отбасынан соғысқа қатысып, із-түссіз жоғалған жауынгерлер туралы жаңа деректерді тапты. Біздің қызыл ізшілеріміздің үлкен қол жеткізген жетістіктерінің бірі – Ұлы Отан соғысына арналған шағын музей үйін ашуы –дейді ол.
Міне, патриоттық тәрбие беруде іске асырылып жатқан осындай мысалдар жеткілікті. Облыстық, қалалық, аудандық ардагерлер кеңестері соғыс ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін әлеуметтік қорғауда, есте сақтауда белгілі дәрежеде мол тәжірибе жинақтаған. Мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында, кәсіпорындар мен мекемелерде соғыс, тыл және еңбек ардагерлерімен жүйелі түрде кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізуді берік дәстүрге айналдырған.
Соғыс және еңбек ардагерлеріне әлеуметтік, материалдық қамқорлық жасау, олардың күнделікті мұң-мұқтаждарын өтеу мәселелері ардагерлер ұйымдарының басты назарында. Сөзіміздің басында айтқан Президент Жолдауы да бізді осыған міндеттейді.

Үкітай АХМАДЕЕВ,
Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар