Ой-санаңды тұрмыс билесе, қандай да бір істен нәтиже шығару оңай-оспақ шаруа емес. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары халықтың көңілін тұрмыс билегені өтірік емес. Ашық айтылмаса да, қарапайым халықтың арасында «жұрттан қалмау керек» деген бір қағида бар.
Сол мақсатқа жетудің соңғы жылдары жылдам шешімі табылған. Қаржыдан қысылған халық пайыздық үстемесіне қарамастан қарызға батып, несие алуды әдетке айналдырған десе де болады.
Кейінгі жастар қанағат пен сабыр, үнемшілдік пен шүкіршілік сияқты абзал қасиеттерді де ұмыта бастағандай. Жұрттан қалмаймыз деп, несие ала салып, ұлан-асыр той жасайтын да қарапайым халық. «Алмақтың салмағы бар» деген сөзге мән беріп жатқан да жан жоқ. Көбіне халықтың алынатын қарыздың қанша пайызбен берілетініне де онша-мұнша мән бере бермейтінін байқауға болады. Осының барлығы сайып келгенде, халықтың қаржылық сауатының төмен екендігін аңғартып отыр.
Жасырары жоқ, соңғы жылдары
несие алып, той жасайтын қазақ көбейген. Тұрақты жұмысы бар да, жоғы да кез-келген уақытта қарызға белшесінен батып, несие рәсімдеуді әдетке айналдырған. Мұның соңы көп жағдайда жақсылыққа апармайтынын байқауға болады. Осы несиенің салдарынан бір-біріне жат болған бауырлар көбейді, қаншама отбасы ажырасып, нешеме тағдыр талқандалды…
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына жолдаған өз Жолдауында жөн-жосықсыз, себеп-салдарсыз берілетін несиелер туралы жөнді мәселе көтерді.
«Тұтынушыларға тоқтаусыз, кейде жауапсыз несие беруді нормативті түрде тоқтату керек. Бұл әлеуметтік салдарға әкелуі мүмкін. Азаматтардың қаржылық сауаттылығының тиісті деңгейде болмауы оларға кредит өнімдерін негізсіз беруге себеп болмауы керек. Биыл менің тапсырмам бойынша нормативтік-құқықтық база өзгертілді. Қарыз алушының төлем қабілетіне талап айтарлықтай күшейтілді» деді Президент Жолдауда.
Мемлекет басшысының айтуынша, алдағы уақытта халыққа негізсіз несие берген ұйымдардың жұмысы бақылауға алынатын болады. Мен көп балалы ана ретінде, алдымен балалардың болашағына алаңдаймын. Әрине, несие берілмеуі керек емес, берілуі керек. Ынтасы бар жастардың білім алуына, кәсіпкерлерге бизнестерін өркендетулеріне, тұрғындардың баспаналы болу үшін аса қажетті. Алайда, жөн-жосықсыз қарызға батып, қаржыны желге ұшыру жақсылыққа апармайды. Себебі, қанағат ете білудің өзі бақыт. Сондықтан, бұл мәселенің мемлекет тарапынан үйлестіріле түсетінін тек қолдау керек.
Әлия ЖАНЫБАЙҚЫЗЫ,
көп балалы ана.
Зеренді ауданы.