Отбасы өзінше бір шағын Отан. Оның да атадан келе жатқан дәстүрлері, заңдары және құндылықтары болады. Әсіресе, соңғы кездері отбасы құндылығы деген сөзді жиі естиміз. Отбасы құндылығы дегеніміз не? Біздің кейіпкеріміз – ақкөлдік Әубәкіровтар отбасының ақжаулықты анасы Қуаныш Шотанқызы отбасы құндылығы ең алдымен ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі дейді.
Тамыры тереңге жайылған Әубәкіровтар отбасын көпшілік ұстаздар династиясы ретінде жақсы таниды. Былтыр облыстық «Мерейлі отбасы» байқауында бұл отбасы бірінші орынды жеңіп алған еді. Ол кезде отағасы Ақан Әубәкіровтың көзі тірі болатын. Бар саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған абыройлы ел ағасы, үстіміздегі жылдың ақпан айында 81 жасында қайтыс болды. 57 жыл отасқан жан жары Қуаныш Шотанқызы екеуі 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, балаларының барлығына жоғары білім беріп, өнегелі ғұмыр кешті.
Бізбен әңгімесінде Қуаныш Шотанқызы жолдасының өте абыройлы, сегіз қырлы, бір сырлы азамат болғанын айтты. Ақан Қайыржанұлы 1961 жылы Қарағандыда жоғары оқу орнын тәмамдап, жолдамамен Кеңес орта мектебіне математика, физика пәндерінен мұғалім болып орналасыпты. Сол жылы осы мектепте вожатый болып жүрген Қуаныш Шотанқызымен танысып, біраз уақыт өткеннен кейін екеуі шаңырақ көтерген. Жас отбасы отағасының туған ауылы Амангелдіге оралады. Ақан Қайыржанұлы мектеп директоры, Қуаныш Шотанқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. 1967 жылы Қуаныш Шотанқызы Қарағанды педагогикалық институтындағы оқуын тәмамдайды.
–Жолдасымды аудандық әкімшілікке, филормонияға, тіпті қауіпсіздік комитетіне де жұмысқа шақырды. Бірақ, ол кісі елінің мүддесін бірінші орынға қойды. Н.Хрущевтің «орыстандыру» саясатының қырсығынан ауданның барлық қазақ мектептері орысшаға айналды. 20 пайыз қазағы бар Алексеев деген ауданда бұл іс-шара оп-оңай іске асты. Тіпті, 1928 жылдан бергі іргелі қазақ мектебі орысшаға айналып кетті. Жалғыз Амангелді мектебі ғана қазақ мектебі болып қалды. Әрине, ол үшін де әкімшілік тарапынан талай соққы жеді, бірақ, халқының көмегімен мектепті аман сақтап қалды. Директор болып жүргенінде ауылда 2 мектеп салдырды. Ол кісінің арманы типтік мектеп еді, оған да қолы жетті. Оның жолында да біраз тер төгуге тура келді. Мектепте құрал-жабдықтардың бәрі болатын, әсіресе, техникалық құралдардан қаланың іргелі мектептерінен әлдеқайда жоғары болдық, – деген кейіпкеріміз уақытпен санаспай еңбек етіп, оқушыларды әртүрлі үйірмелерге тарта білген кездерін тебіреніп еске алды.
Ерлі-зайыптылар өздері оқушылармен қосылып ән айтып, би билеп, әртүрлі қөріністер қойып, ауыл-ауылға барып өнерлерін көрсеткен екен. Совхоздың барлық істеріне араласып, газет шығару, концерт қою сияқты мәдени шаралардың басы-қасында жүрген. Ансамбль құрып, араламаған жерлері қалмаған. Ауданның орталығы ғана емес, Кеңес, Барап, Калинин, Киров (бұрынғы атаулары), Қызыл ту сияқты ауылдарда талай жұрттың көз қуанышына айналып, қошеметтеріне бөленді. Балаларын да өнерге баулып өсірді. Өнердің қай саласы болмасын, спорт, шахмат, ән дейсіз бе, тек жүлделі орындарды иеленетін. 1961 жылдан бастап жеке де, қосылып та сахнада ән шырқап, халық қошеметіне бөленді. 1965 жылы 5 облыстан өнерпаздар қатысқан өлкелік вокалистер конкурсында бас жүлдені жеңіп алды. 1965 жылы Алматы қаласында өткен көркемөнерпаздар фестивалінде ән шырқап, «Социалистік Қазақстан» газетінде «Ұстаздар ән шырқайды» атты мақаласы жарияланды. 1984 жылы Ақмола қаласында өткен «Жанұялар конкурсында» «Ең жарасымды отбасы» атағын, 1991 жылы Ақмола қаласында өткен жанұялар конкурсында «Ең жарасымды жанұя» аталымы бойынша бас жүлдегер атанды.
Ерлі-зайыпты ұстаздардың алдынан өткен бірталай шәкірттері аудан, облыс мектептерінде дәріс беріп жүр. Халқына сіңірген еңбектері бағаланбай қалмады. Ақан Әубәкіров 1964 жылы «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» атағын алса, 1970 жылы «Лениннің туғанына 100 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. 1978 жылы республикалық мұғалімдер съезінің делегаты болып, Д.Қонаевты жүзбе-жүз көргеніне шексіз қуанып оралды. 1983 жылы КСРО Оқу министрінің Құрмет грамотасымен, Ұлы Жеңістің 40 жылдығына байланысты ВЛКСМ Орталық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталды, 1986 жылы республикалық Кәсіподақ ұйымы конференциясына делегат болып, «Еңбек ардагері» медалін иеленді.
Қуаныш Шотанқызы Ақкөл ауданы Амангелді орта мектебінде 35 жыл ауыл балаларына сапалы білім, саналы тәрбие берумен айналысып, сол жерден зейнеткерлікке шықты. Оның мұғалімдік озық тәжірибесі облыс көлемінде таратылды. Қазақстан Республикасы Оқу минстрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Алматыда М.Әуезовтың 90 жылдығына байланысты өткен республикалық конференцияға облыстан делегат болып сайланды. «Еңбек ардагері», «Ана даңқы» медальдарының иегері атанды. Бүгінде ақжаулықты ананың жасы 76-ға келді.
Ақан мен Қуаныш Әубәкіровтар осы бір мәртебелі мамандыққа өмірлерін арнап қана қоймай, оны ұрпағының да жалғастыруына себепкер болды. Бүгінде балалары ата-анасының ізімен келеді. Тұңғыштары Бейбіт Әубәкіров Ақкөл ауданының Талқара ауылында тұрады.Қазір жеке кәсіпкер. Жұбайы Айсұлу Әубәкірова Талқара негізгі мектебінде директор, әрі орыс тілінен сабақ береді.
Бейбіттен кейін дүниеге келген қыздары Назгүлдің де педагогикалық білімі бар. Одан кейінгі қыздары Меруерт бүгінде Степногорск қаласындағы №9 қазақ орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, әрі математика мұғалімі. Ұлдары Құрмет Әубәкіров Қарағанды педагогикалық университетін қызыл дипломмен тәмамдағаннан кейін 6 жыл ұстаздық еткен. Кейін заң факультетін бітіріп, 20 жылдай прокурор қызметін атқарған. Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты», «Армия генералы С.Нұрмағамбетов», авиация генерал-
майоры Талғат Бигелдинов медальдарымен марапатталған. Ал, ең кенже ұлдары Науан Әубәкіров осы күні Жайық Бектұров атындағы Ақкөл орта мектебінде бас-тауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқаруда.
–Ата-анамыз білім беріп қана қоймай, қоғамдық іс-шараларға белсене қатысқан, ауыл балаларын өнерге баулыған. Анамыз ән-би үйірмелерін өткізген. Кішкентай кезімізден бізді де өнерге баулытты. Әкеміздің өзінің 40 жылдан келе жатқан домбырасы, балалайкасы төрде ілулі тұр. Сол домбырасын алып әрбір кеште екеуі қосылып ән айтып, көңілімізді көтеретін.Ата-ананың адал еңбек етуі, өнерге деген сүйіспеншіліктері біз үшін үлкен өнеге болды, – дейді Әубәкіровтар отбасының ортаншы қызы Меруерт.
Иә, отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни, кез-келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Ендеше, елімізде Әубәкіровтар әулетіндей мерейлі отбасылар көп болсын деп тілейміз.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Ақкөл ауданы.