Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жеңімпазға – Қажыбай Жахин атындағы жүлде - АРҚА АЖАРЫ

Жеңімпазға – Қажыбай Жахин атындағы жүлде

«Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы аясында Ұлттық домбыра күніне орай өткен онлайн байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі болып өтті.

Салтанатты рәсімде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев және онлайн-байқауды ұйымдастырушы, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл құттықтау сөз сөйлеп, қазақтың қасиетті домбырасын, ұлтымыздың үні мен дәстүрін жаңғыртуға атсалысып жүрген өнерпаз жастарға ризашылықтарын білдіріп, жеңімпаздарға дипломдар мен Алғыс хаттар және сый-сияпаттар табыс етті.
«Күй», «Дәстүрлі ән», «Арнау» аталымдары бойынша өткен онлайн-байқауға 35 жасқа дейінгі кез-келген жас өнерпаздар қатысты. Әр қатысушы байқаудың шарты бойынша өзінің өнерін бейнетаспаға түсіріп, ұйымдастырушыларға жолдады. Кейіннен фейсбук, басқа да әлеуметтік желілерде жарияланып, тыңдарман қауым назарына ұсынылды. Жеңімпаздар дауыс беру арқылы анықталды. Жаңаша бағытта өткен сайыс қатысушыларға тың серпіліс бергені байқалды.
– Елімізде карантин жарияланып, пандемияның өршіп тұрған кезінде көрермен жинаудың қиын кезеңіне қарамастан, онлайн жүйеде өткен байқау жақсы бір бастама болды дер едім. Себебі, елдің ішінде қаншама танылмай жүрген жас дарындар мен таланттар бар. Мұны солардың өнерлерін, шығармашылығын халыққа насихаттау мақсатындағы жоба деп есептеймін. Ақмола облысы бойынша өздерінің өтініштерін білдірген өнерпаздар өте көп болды. Солардың арасынан ең мықтылары суырылып шықты, – деді Көкен Шәкейұлы атындағы ақындар мектебінің жетекшісі Мұхамед Қоңқаев. «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл:
– Онлайн байқаудың астары адамдардың рухани жүдеушілігін жаңаша бір сипатта дамытуға септігін тигізді деп есептеймін. Осы байқау жарияланғаннан кейін-ақ, қаншама жас өнерпаздар, арасында қанатын енді қағып келе жатқандары бар, барлығы хабарласып, байқауға қызығушылық танытты. Бұл, әрине, қуанарлық жайт. Әсіресе, ауылдық жерлердің өнерпаздары хабарласып, қатысуға ниет білдірді. Олардың өнерін әлеуметтік желілер арқылы көрермендер өздері бағалады. Енді, міне, жеңімпаз атанған қатысушыларымызды марапаттау сәтіне де келіп жеттік, – деді.
– Бұл байқаудың ерекшелігі онлайн жүйеде өтті. Әдетте, біз көрерменнің алдында ән шырқап, солардың қолдап демегендерінен шабыт аламыз ғой. Ал, бұл сайыста дәл сондай қошемет болмаса да, әлеуметтік желілер арқылы халық өзіне ұнаған қатысушысына дауыс берді. Сондықтан, маған сеніп, үміт артқан халқыма және осы онлайн-байқауды ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Бабы келісіп, бағы жанған жеңімпаздар өздерінің лайықты марапатын алды, деп ойлаймен, – деді онлайн-байқаудың жеңімпазы Аслан Мұхамедияров.
Сонымен, айтыскер ақындардың арнау-лары, дәстүрлі әншілердің әндері және домбырашылардың күй орындау шеберлігі бойынша бәсекелі тартыстың «Дәстүрлі ән» аталымында 434 дауыспен Көкен Шәкейұлы атындағы ақындар мектебінің шәкірті Аслан Мұхамедияров топ жарды. Жеңімпазға жуырда ғана дүниеден озған белгілі сахна саңлағы Қажыбай Жахин атындағы бас жүлде табыс етілді. Ал, бірінші орын 211 дауыспен Өмірзақ Шешханұлының еншісіне тисе, 79 дауыс жинаған Таңнұр Әлбосын екінші орынға, 28 дауыспен Жоламан Рахымов үшінші орынға ие болды. Сондай-ақ, «Арнау» аталымында бас жүлдеге ие болған ерейментаулық ақынымыз Ерлан Дәулет 156 дауыспен қарсыластарын шаң қаптырса, айтыскер ақын Әлібек Серғалиев 75 дауыспен екінші орынға, 25 дауыспен Абзал Жұмабек үшінші орынға табан тіреді.
«Күй» аталымында қазақтың қос ішекті домбырасын жанына серік еткен өзге ұлт өкілі Юрий Кочетыгов топ жарып, мерейі үстем болса, екінші орынды 35 дауыспен
Гаухар Балабек қанжығасына байлады, үшінші орын 16 дауыспен Дінислам Бекболатқа бұйырды.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған жеңімпаздардың өнері дипломдар мен Алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен бағаланды.
Ұлттық домбыра күніне орай өткен онлайн-байқаудың қорытындысы осылайша өз мәресіне жетті. Қалай десек те, бабадан қалған бағзы мұраны насихаттауға бағытталған байқау өңір жастарының мәдени құндылықтарды жете сезінулеріне себепші боларына сөз жоқ.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарнының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар