«Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың қатысуымен партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен отырысы болып өтті.
Отырысты «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев ашып, жүргізіп отырды. Онда бірінші болып «Жаңа оқу жылында карантиндік шаралар жағдайында қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру үшін жалпы білім беретін мектептердің оқушыларын компьютерлік жабдықтармен қамтамасыз ету туралы» хабарлама жасаған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенованың айтуынша, өңірімізде жаңа 2020-2021 оқу жылын 555 орта білім беру ұйымы бастаған. Олардың 551-і – мемлекеттік мектептер болса, 4-еуі жеке меншік оқу орны. Бұл мекемелердің 1-11 сыныптарында 130 мыңнан астам оқушы, ал, мектепалды даярлық сыныптарында 70 мыңнан астам бала білім алуда. Облыста қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, биылғы оқу жылында қашықтықтан оқытуды сапалы ұйымдастыру бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын айта келе, хабарламашы жоғарыдағы 555 мектептің ішінен 172 мектеп қашықтықтан білім беретінін жеткізді.
Тағы бір мәселе, оқушыларды компьютермен қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналуда. Өйткені, баршамызға белгілі, елімізде қауіпті індеттің белең алуына байланысты оқушылардың денсаулығына алаңдаушылық туындап отыр. Сондықтан, наурыз айынан басталған пандемияның салдарынан, оқушылар төртінші тоқсанды қашықтықтан оқумен жалғастырған болатын. Міне, енді жаңа оқу жылы да осылай жалғасуда. Сол себепті, оқушылардың үйден білім алуына тиісті жағдайлар жасалуда. Мәселен, біздің облысымызда қашықтықтан оқитын 68881 оқушының 89 пайызы жеке компьютерлермен, ноутбуктермен қамтамасыз етілген. Ал, 7 532 оқушыға білім беру ұйымдары уақытша пайдалануға компьютерлік жабдықтар берген. «Күнделік», «BilimLand», NOBD ақпараттық жүйелерінде мұғалімдердің табысты жұмысының бір шарты – компьютермен жабдықталған пәндік кабинеттің болуы. Бұл тұрғыдан айтар болсақ, бір компьютерге орта есеппен тоғыз оқушыдан келеді. Қазіргі таңда мектептерде 16 мыңнан астам компьютерлік техника бар және оның 4406-сы ауыстыруды қажет етеді. Сондай-ақ, 8220 пән кабинеттерінің 6734-і, яғни, 82 пайызы компьютермен жабдықталған. Биылғы жылы компьютерлік техниканы жаңарту мәселесіне орай, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыстық бюджеттен 420,2 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Демек, бұл мәселе жуық арада шешімін табады деген сөз.
Жалпы, республика бойынша сегіз әртүрлі білім беру платформалары жұмыс істеуде. Ал, біздің облыста ең негізгі екі платформа жүзеге асырылған. Қашықтықтан оқыту осы білім беру платформаларын қолдану арқылы ұйымдастырылады. Облыстық мектептер білім беру үдерісінде үшінші жыл «BilimLand» инновациялық білім беру платформасын қолдануда. Онда 42 мыңнан астам оқу сабақтары және үш тілде бір миллионнан астам мультимедиялық материалдар орналастырылған. Жалпы, Ақмола облысының барлық аудандары мен қалаларының мектептері білім беру платформаларына қосылған. Аймақтың барлық мектептері «Күнделік» ақпараттық жүйесіне қол жеткізе алады.
Кеңес отырысында «Аршалы ауданындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша қабылданған шаралар туралы» есеп берген Аршалы ауданы әкімінің орынбасарының міндетін атқарушы Людмила Асанова сыбайлас жемқорлықтың қазіргі қоғамдағы жағымсыз құбылыс екенін айта келе, әдеп кодексін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау қажеттілігі туралы үнемі еске салуға қарамастан, ауданның мемлекеттік қызметшілері арасында қолданыстағы заңнаманы бұзу фактілері бар екенін жасырмады. Бұл бағытта Ғалым Бекмағанбетов өткір сұрақтар қойып, сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың тиімді шарттарын алға тартты.
Одан әрі облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Ербол Оспановтың «Партияның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасын іске асыру барысы туралы» есебіне сүйенсек, басқарма жүйелі негізде мемлекеттік қызметтерді көрсетудің нақты мерзімдерін оңтайландыру, оларды автоматтандыру бойынша шаралар қабылдап, жаңа қызметтерді Мемлекеттік қызметтер тізіліміне енгізу бойынша ұсыныстар енгізу бағытында жұмыс істеуде. Биылғы жылдың 8 айында барлығы 40 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде 36 қызмет электронды, төртеуі қағаз түрінде берілген. Ал, өткен жылдың осы мерзімінде 80 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, 44 қызмет электронды, 36-сы қағаз түрінде көрсетілген екен. Жалпы, мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде газеттерде, ресми интернет-ресурста және әлеуметтік желілерде орналастырылып отырады.
Қоғамдық кеңестің бірлескен отырысында хабарламашылар қойылған сұрақтарға жауап беріп, соңында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қаулы қабылданды.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.