Жылдар мен адамдар тағдырлас сияқты. Жылдар да ұлғайып, уақыт аралығын, замана көшін артқа тастайды. Адамдар да солай, тәй-тәй басқан, тайға мінген кездері соңында қалып, есейеді, ер жетеді. Көкшетаудың сондай азаматтық тұғырға қонған, кемел жастың ауылына ат басын тіреген перзенттерінің бірі Талғат Тұрлыбекұлы Жүнісов деп ауыз толтыра айтсақ, артық емес. Жастайынан ойыннан да ойға жақын болған Талғат 1963 жылы Көкшетау облысының Чкалов ауданындағы Қарағаш ауылында дүниеге келді. Қазір бұл ауыл Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына қарайды.
Қанша айтқанмен, адам баласына өз тегі, түп-төркінімен бірге туған топырағы да әсер ететін болуы керек. Қашанда әркім бала кезінен сол өзі туып-өскен өңірдің жақсы-жайсаңдарына қарап, ер жетпей ме?! Талғат та Қарағаш ауылы дегенде ауыз толтырып айта алатын айтулы тұлғалардың, исі қазаққа белгілі ақын-жазушылардың жақсы атына қанығып, солардың оң қадам, құтты жолдарынан өнеге алып өсті. Сөйтіп, туған ауылында сегіз жылдық мектепті бітіргеннен кейін, талаптың тұлпарын мініп, Щучинск индустриялдық-педагогикалық техникумына оқуға түсті. Араға төрт жыл салып, қалтасындағы дипломымен Абай атындағы кеңшардың, яғни, өз туған ауылының машина-трактор ауласында слесарь болып еңбек жолын бастап та кетті.
Әрі қарай өмір және еңбек жолы өз қатарластарының қам-қарекетінен бір аумай, сол кездегі дәстүрлі қалыппен жалғаса берді. Бұл дегеніміз, әскер қатарында болуы, одан әскери бөлім командирінің берген ұсыныс хатымен Целиноград ауыл шаруашылығы институтының дайындық бөліміне түсуі. Бұл кезде әлі жас болса да, Курчатов қаласындағы Семей ядролық полигонында взвод командирі болғандықтан, өмірдің, кеңестік саясаттың біраз бұралаң-қалтарысын да біліп қалған, соған жүрегі мен жаны ауырған жігіттің қатарынан еді. Өмір осылай алып келіп, жоғарыдағы оқу орнының Көкшетау филиалын қызыл дипломмен бітіртті. Сөйтіп, инженер-механик мамандығына ие болды.
Байқаған жанға Талғат Тұрлыбекұлының өмірге ұмтылысы, өз ортасына сыйлы болуы, жүктелген сенімді азаматтықпен ақтай білуі жастай бойынан табылған қасиет екені аңғарылады. Әскерден институтқа жолдамамен оралса, өзі бітірген оқу орнында ұстаздарының қолдауымен ассистент болып жұмысқа қалды. Бұл да екінің бірінің қолынан келе бермейтін, табанды, мақсаткер жігіттерге ғана тән қасиеттер болса керек. 1992 жылдың қаңтарында осы институт қабырғасында күндізгі аспирантураға түсіп, қызмет бабымен біртіндеп өрлей бергенін көреміз. Аға оқытушы, одан әрі доцент, студенттердің өндірістік практикасының жетекшісі бола жүріп, арада бес-алты жыл ғана уақыт өткенде, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде техника ғылымдарының кандидаты диссертациясын да ойдағыдай қорғап шығады.
Білімнің жолындағы ізденіс те – жан азабы. Әйтпесе, ата-бабамыз оқу-ілімді «инемен құдық қазғандай» деп атамас еді. Сол білім мен ғылым жолында талай ұйқысыз түнін сарп еткен Талғат Тұрлыбекұлы 1998 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің С.Смағұлов атындағы ауыл шаруашылығы институты директорының орынбасары болып тағайындалды. Бұл оның осындай дәрежедегі лауазымына алғаш қол жеткізуі еді. Ал, соған Тәкең несімен жетті десек, әрине, алдымен ойға сонау өзі оқыған институт қабырғасынан білімге құштарлығы, алғырлығы мен өз мақсатына қол жеткізудегі табандылығы, іскерлік және жетекшілік қабілеттері оралады. Халықтың көз алдында жүретін әрбір азаматтың өз сыншысы бар. Ол – халық, жанында және қарамағында бірге жүрген әріптестері. Солардың көзқарасымен, адамды бағалау таразысымен алсақ та, осы күнге дейін Талғат Тұрлыбекұлына ризашылықтары мол деп сеніммен айтуға болады. Өйткені, ол жас та болса, ел жүгін ерте арқалаған, көп орталарда басшылық тізгінін ұстап, өзін тек жақсы жағынан ғана таныта білген тұғырлы азамат.
Сол институт директорының орынбасары болып тағайындалған 36 жасында академиялық доцент атанса, араға бірер жыл салып, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің сырттай оқу бөлімінің деканы, одан көп ұзамай, университет проректоры болып және бір қызмет баспалдағынан көрінді. Ал, одан кейін осы бір сабырлы да елгезек, мінез-құлқы, орнықтылығы көпшілік көңілінен шыққан абзал азаматты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Сараптама, аккредиттеу және сертификаттау департаменті кадрлар және ұйымдастыру бөлімінің бастығы қызметі күтіп тұрды. Аты айтып тұрғандай, бүкіл еліміз бойынша білім саласындағы кадрлық-ұйымдық жұмысты алып жүру оңай емес. Соған қарамастан, мұнда да өз қабілет-қарымымен танылған Талғат Тұрлыбекұлы алғашқы тәжірибесі мен жетістіктері де баршылық. Ғылым саласын да ұмытпай, оны негізгі жұмысымен қатар алып жүріп, 2005 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі Тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі ғылыми-өндірістік орталығында техника ғылымдарының докторы атағын табысты қорғап шықты.
Сөйтіп, 2008 жылға дейін, яғни, қатарынан алты жыл Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің қашықтықтан оқыту және инновациялық технологиялар жөніндегі проректоры, одан әрі ғылыми-зерттеу жұмысы және инновациялық технологиялар жөніндегі проректоры, керек десеңіз, оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры да болып, бойында күш-қуаты толысқан нағыз дер шағын осы оқу орнының бар ыстық-суығына арнады. Елде жүріп, жақсы жағынан ел назарына іліккен кешегі ауылдың қара домалақ баласының тағы бір азаматтығы, іскерлігі сынға түскен кезең Рудный индустриялық институтының ректоры болып істеген жылдары десек, қателеспейміз. Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты орналасқан іргелі қалада еліміздегі талай алып кәсіпорындардың кадр даярлау орталығына айналған осы бір оқу орнын да ақыл-парасат, тәжірибе-білігімен ойдағыдай басқара білген Тәкең бұл институт қабырғасында бес жылдай уақытының күндегі қарбаласпен қалай тез өте шыққанын да байқамай қалды. Осы уақыт ішінде институттың оқу-материалдық базасы айтарлықтай нығайып, өзі тектес жоғары оқу орындарының ішінде алғы лектен ойып тұрып орын алуы алдымен ректордың, сосын әрине, бір мақсат, бір мүддеге жұмыла білген ұжым арқасы еді.
Осы арада, тарқатып айта кететін тағы бір мәселе, бұл жылдар тек әртүрлі оқу орындарына, басқа да мекемелерге басшылық жасау, олардың жұмысындағы ауыр бір жүкті көтерісу қамымен ғана өткен жоқ, сонымен бірге, қоғамдық істерге белсене араласқан, ел игілігі үшін талай абыройлы белестерден көрінген кездерімен де есте қалды. Әсіресе, «Nur Otan» партиясының мүшесі ретінде шешімін күткен біраз өзекті мәселелерге араласып, әріптестерімен, партияластарымен бірге сол істердің оң бағыт алуына үлесін де, қажыр-қайратын да аянбаған тұстары бір өзіне аян. Сол жайлардың өзі азамат ретінде шыңдап, талай сынға салып, қайратын да, мінезін де ұштай түскені ақиқат. Осылай кейбір қате қадамдардан сабақ алып, жеңе білген ауыртпалықтардан көңілі өсіп, әлі күнге өмір белесінде елге шарапатымды тигізсем, дүниеге бір кірпіш болып қалансам деп келе жатыр.
Күні бүгінге дейін соңынан жігіттің жігерін жасытатын, кейде тіпті, алдағы жолыңа кедергі болып жататын жаман сөздің де ермеуі содан шығар. Ал, қызметке келсек, көп жағдайда Талғат Тұрлыбекұлы оны емес, ол осы бір азаматты дөп басып тауып отырған. Айталық 2014 жылдың сәуірінен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының проректоры болса, кейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығы басқарма төрағасының орынбасары болып істеді. Одан кейін жерлестері Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының лауазымынан көріп, бойында біз айтқан қадір-қасиеттердің берік орныққанына, осы қызметте жас ұрпақтың келешегі үшін жан аянбай еңбек еткеніне көз жеткізді. Соңғы лауазымында да өзіне тән байсалдылықпен кездескен қиыншылықтарды, басқа да күнделікті мәселелерді жеріне жеткізе шешіп, өзінің қай басшылық жұмыста да сол орынға сай екендігін таныта білді. Қазіргі атқарып жүрген қызметі – «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары. Бұл Талғат Жүнісов сияқты азаматтардың қай істе де, мейлі ол білім саласы, өндіріс, ғылым жолы болсын, жан-жақты ашылып, қоғамға, елге өзіндік қайтарыммен жемісті жұмыс істей алатындығын байқатса керек.
Әрине, өзінің бар саналы ғұмырында қолынан келгенінше еліне пайдасын тигізіп, азаматтық ар-ожданымен биік тұғырдан көріну туған жер деген ұлы мекеннің қай перзентінің де басты парызы екені ақиқат. Сол сияқты, Талғат Жүнісов та осындай өзіндік ой-толғаныстарынан кейін бұл күндері Елбасы бастамасымен қолға алынған «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысуға ниет білдіріп, өзге де үміткерлермен бірге осы бір жақсы жолда бағын сынауда. Оның осы праймеризге арналған сайлау алдындағы бағдарламасын қарап отырсаңыз, нағыз елдің көкейіндегі өзекті мәселелерге толы. Соның ішінде білім, ғылым жағдайына жақсы қанық азаматты ауыл мектептерінің білім деңгейін көтеру, оларды дұрыс компьютерлендіру, ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мұғалімдерді қолдау сияқты жайлар толғандырады. Бағдарламада жоғары және орта арнаулы оқу орындарының материалдық базасын нығайту, соның ішінде оқуды бүгінгі заман ауаны талап етіп отырғанындай, ғылыми жолмен ұштастыруға мүмкіндік беретін зертханалар жүйесін кеңейту мәселелері де көрініс тапқан. Егер праймеризде бағы жанып, өзі көп жыл белсенді мүшесі болып келе жатқан «Nur Otan» партиясынан алдағы сайлауда депутат болып сайлана қалса, еліміздің де, қоғамымыздың да жаңа сапалы деңгейге көтерілуіне бір кісідей ат салысатыны күмәнсіз. Өйткені, өзінің өмір және еңбек жолы да көрсетіп келе жатқанындай, Талғат Тұрлыбекұлы тәжірибесі де, білімі де заман талабына сай іскер азаматтарымыздың бірі. Ауылдық жерде туып-өскеннен кейін оған ауылдың күрмеуі қиын мәселелері де етене жақын. Бұл орайда әсіресе, бір кезде қосымша ырыс көзіне айналған қой түлігінің терісі мен жүнінің де кәдеге аспай келе жатқаны, өзге мал өнімдерін өндіру, қайта өңдеу мен сақтау бойынша да әттеген-айлардың бары әр нәрсеге бір алаң көңілін мазаламай қоймайды. Талғат Тұрлыбекұлындай азаматтар депутаттық мінберден аймақ өнеркәсібін дамыту, халыққа қолжетімді, сапалы медициналық көмек көрсету, коронавирус пандемиясына қатысты мәселелерде әлі де опық жеп қалмас үшін санитарлық-эпидемиологиялық қызметті нығайту, тағы басқа сұранып тұрған жайларда да ел мүддесін қорғай білері анық. Мұның бәрі оның алда өтетін праймеризде партияішілік сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары болып табылады.
Үнемі ізденіс үстіндегі азаматтың бұрынғы біліміне қоса, «Фемида» заң академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіргені де осы істе үлкен көмек болары анық. Оның үстіне кезінде Рудный индустриалдық институтына жетекшілік етіп жүргенінде Қостанай облыстық мәслихатының депутаты болып сайланып, халық қамы, елдің әл-ауқатын жақсарту тұрғысында жинақтаған мол тәжірибесі бар. Бұл күнде Талғат Тұрлыбекұлы жоғарыда айтқандай ғылым докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі. Оның ғылыми-педагогикалық жұмыс өтіліндей, өте мол, сан салалы іс-тәжірибе екі адамның бірінде кездесе бермейді. Сондықтан, еліміздің білім және ғылым жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталуы, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ыбырай Алтынсарин», «Қазақстан Республикасындағы машина жасау саласын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілеріне, сондай-ақ, білім беру мен ғылымға еуропалық жүйенің дамуына және интеграциялануына қосқан үлесі үшін Халықаралық «Біріккен Еуропа» сыйлығына ие болуы абзал азаматтың ел игілігі жолындағы табанды еңбегін өзі-ақ аңғартып тұрғандай.
Өзінің еңбек жолында осындай биіктерді бағындырған Талғат Тұрлыбекұлы сонымен бірге, зайыбы Мәрашпен үш бала тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы иесі. Үлкен-кішімен әңгіме барысында да оның бойынан тектілік пен мәдениеттілік сияқты жақсы қасиеттердің мен мұндалап тұруы қазақтың «ұлық болсаң, кішік бол» деген дана сөзін еске салғандай. Өз ортасында, еліміздің тұтастай білім жүйесінде осындай өзіндік орны бар жайсаң азаматқа қол жеткізгеніңізбен тоқтамаңыз, алда да алар асуларыңыз зор болсын деген тілегімізді білдірмекпіз.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.