Ақбас Алатау баурайында ежелден еншісі бөлінбей бірге жасасып, біте қайнасқан қазақ пен қырғыз халқы тарихтың ұзын салқар керуенінде әрдайым үзеңгілес те үндес жүрген. Сондықтан Шоқан мен Боранбай, Жамбыл мен Тоқтағұл, Кенен мен Оспанқұл, Мұхтар мен Шыңғыс сынды арда ұлдары төс түйістірген, тарихы ғана емес, тағдыры да қатар өрілген бауырлас жұртты біріктіретін қасиет-құндылықтар аз емес. Соның бірі де бірегейі – «Манас» жыры.
Халықаралық Түркі академиясы бүгіндері қырғыз халқының рухани мирастарын, әсіресе, манастануға қатысты еңбектерді жүйелі жариялап, ғылыми нысанға айналдырып келеді. Академияда ірі зерттеу еңбек «Манас» энциклопедиясы, «Манас» сөздігі жарияланды. Академия ғалымдарының ізденісімен әйгілі манасшы Мергенбай Медеров бұрынғы манасшылардан жазып алған «Манас» эпосының қолжазбасы табылып, оның электронға тергенде 2500 бетке жуық жырын белгілі түрколог, профессор Қадыралы Қоңқобаев бастаған ғалымдар тобы кітап етіп дайындап, латын қарпінде оқырманға ұсынды. Сонымен бірге, Қырғыз республикасының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, білікті дипломат, философия ғылымдарының докторы, профессор Жұмағұл Садаанбековтың «Манас эпосының философиясы» деген біртуар еңбегі жарық көрді.
Академия өткен жылы Алматы облысы әкімшілігімен бірлесіп Талдықорған қаласында қазақ-қырғыз зиялыларының ІII форумын, «Ұлы Даланың мәңгілік мирасы – Манас» атты халықаралық симпозиумды табысты өткізді. Аталмыш шара аясында Алтынемелде ұлы ғалым Ш.Уәлихановтың кесенесі тұрған киелі өлкеде халықаралық манасшылар фестивалін өткізіп, халықты кәусар жырмен сусындатты. Төрт манасшыға –Назарқұл Сейдрахманов, Баянғали Әлімжанов, Рысбай Исақов, Замирбек Баялиевке «Түркі әлемінің Манасшысы» атағы беріліп, куәлігі тапсырылды.
Мұның барлығы түркі халықтарының эпикалық мұрасының алып шыңы «Манасқа», оны тудырған қырғыз халқының эпикалық ұлы дәстүрінің тағылымына арналды.
Түркі әлемінің рухани өміріндегі аса елеулі оқиға – биыл «Манас» эпосының 1025 жылдық мерекесі. Бұл туралы академия Бакуде 2020 жылды «Манас жылы» деп арнайы жариялады, алдағы айларда бұл тойды жоғары деңгейде атап өтуге жоспар бар. Бұдан бұрындары академия әйгілі манасшы, жырау Сағымбай Оразбақовтың 150 жылдығын Парижде, ЮНЕСКО штаб-пәтерінде және түркі елдерінің бірқатар астаналарында халықаралық деңгейде атап өтуге ұйытқы болған болатын.
Міне, бұл жолы сол игілікті істің жалғасындай әйгілі қазақ сөз зергері, дарынды манасшы,төкпе ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов қазақшалаған «Манас» эпосы оқырманға жол тартып отыр.
Академик М.Әуезовтің бас болуымен «Манас» эпосы төрт кітап болып 1959-1962 жылдар аралығында қазақ тіліне аударылып жарияланған болатын. Әйгілі жырды қазақша сөйлеткен – аса көрнекті ақындар Қ.Жұмалиев, Ғ.Орманов, Т.Жароков, Д.Әбілев, Ж.Молдағалиев, Қ.Бекқожин, Ә.Тәжібаев, Х.Ерғалиев, С. Мәуленов, Ғ.Қайырбеков секілді кілең саңлақтар. Қазақ оқырмандары алғаш рет Манас батыр рухымен осылай сәтті танысып, телегей теңіз жырдың толағай толқынынан қайсарлық пен отансүйгіштікті, махаббат пен ғадауатты сүйсіне түйсініп, ең бастысы осы жырда жылы леппен өрнектелген қазақ пен қырғыз халықтарының бауырластығына риясыз куә болған еді. Жырқұмар оқырманның талай буыны бала кезінде сол ірі-ірі үш томды басына жастанып өсіп, қарияларға оқып беріп, қаһармандық жырдың шуағына кенелгені айқын.
Енді, міне, бүгінгі оқырман үшін жарық көргеніне алпыс жылдың мұғдары болған сол томдар қолға түспейтін сирек кітапқа, таптырмайтын асыл қазынаға айналыпты. Тәуелсіздік жылдарында «Манас» эпосы қазақ тілінде қайта жариялана да қоймапты.
Мінеки, арада алпыс жыл салып, сол кітаптардан нәр алып, өзі де бүгіндері түркі әлеміне белгілі шоң манасшы, дауылпаз жыршы, тұлпар қаламгерге айналған ақын ағамыз Баянғали Әлімжанов «Манас» жырының қазақша сара нұсқасын жасап, оқырманға тарту етті.
Ақын болу басқа өнер, ал манасшы болу ол ежелден Тәңірдің сыйы саналғаны тегін емес. Түркі халықтарының жыршылдық дәстүрінде өзгеше бір феномен, бүгіндері бауырлас елдердің баршасына мойындалған шындық, сан рет көрерменнің көзі куә болған ақиқат ол – Баянғали Әлімжановтың манасшылық кереметі, сұрапыл дарыны. Манасты толғағанда арқаланып, қаны қызатын, байырғы батырлардың рухын демдеп сахнаға әкеліп, қазақ, қырғыз ғана емес, тіпті, тілі мен діні басқа жұрттарды да жырдың толқынымен таңдандыратын, бүгіндері өзі де аға буын бас манасшыға айналған Баянғали Әлімжановтың жырлау машығы манасшылық өнердегі айрықша белес екендігіне мамандар ыстық ықыласпен баға беріп келеді. Оның манасшылық өнеріне қырық жылдың жүзі толып отыр. Ол – Сағымбай Оразбақов, Саяқбай Қаралаев, Жүсіп Мамай, Шабай Әзизов, Қаба Атабеков, Ұрқаш Мамбеталиев, Асанхан Жұманалиев, Базарбай Сөлпиев секілді шоң манасшылардың жолын қуып, сүрлеуін іздеген, қазіргі замандағы қырғыздағы манасшылар Сапарбек Қасмамбетов, Назарқұл Сейдрахманов, Қуанышбек Алмабеков, Сәлімбай Тұрсынбаев, Әлімбай Матов Рысбай Исақов, Талантәлі Бақшиев, Замирбек Баялиев, Самат Көшербаев, Дәулет Сыдықов, Кәмел Мамадалиев, Ұлан Ысмайылов, Тілек Асанов сынды дарындармен өнер жолында табысып, олардың біріне іні, біріне аға болған жұлдызды өнер иесі. Манастың мыңжылдығы мерекесінде абыз манасшы Жүсіп Мамаймен кездесіп, ақ батасын алуы аңызға айналған оқиға.
Ақын, сөз зергері, жазушы, төкпе айтыскер Баянғалидың шоң манасшыға айналуының сыры мен қыры туралы әр түрлі байлам жасауға болар, біздіңше мұның түпкі қазығында, ішкі өзегінде ұлы дәстүрдің заңды жалғастығы жатқан сынды. Адамзат ақыл-ойының інжу-маржанына айналған асыл мұра «Манасты» алғаш рет хатқа түсіріп, «Илиада», «Одиссеяға» теңеген ғұлама Шоқан Уәлихановтың туған жері жер шоқтығы киелі Көкшетау болса, ақын Баянғали Әлімжанов та осы өлкенің перзенті. Манас туралы алғаш монографиялық еңбек жазған, солақай тұрпайы сыннан даналықпен қорғаған Мұхтар Әуезов пен Шоқан Уәлиханов жазып алған «Көкетайдың асы» жырын архивтен талмай іздеп тауып, манастануға толағай үлес қосқан ғұлама Әлкей Марғұландардың ұлы соқпағы ақын Баянғали Әлімжановтың көкірегіне нұрлы сәуле шашқаны айдан анық жайт.
Оның осынау мұхиттай алып жырдың ұзын-ырғасын, негізгі сюжеттік желісін сақтай отырып, ықшамдап, өзінің ұзақ жылдар бойғы шығармашылық елегінен өткен, әбден саралап екшелген, жүрегінің шуағына көмкерген көркем нұсқасын оқырманға теңізден маржан теріп, әдемі алқа тізгендей етіп ұсынған еңбегі – жинақылығымен аса бағалы. «Манас» жырының осылайша тығыз да нығыз сараланған нәрлі, әрлі мәтіні ақпараттық толқынмен арпалысқан бүгінгі оқырманның талап-тілегіне әбден қажет екені түсінікті.
Манасшы Баянғали Әлімжановтың бұл нұсқасы тек қана жырдың таза аудармасы емес, көптеген варианттарды саралап, ұлы эпопеяның шытырман шүйгінін аралап, шығармашылықпен теріп алған өзгеше нұсқа деуге болады. Өйткені, ол арқаланған кезде өзі де өлең нөсерін жауғызып, емін-еркін кеткен тұстар, қызықты эпизодтарды жаңашалаған мезеттер мол. Шабытты шақта ақынның аузынан ақтарылып түскен ондай шумақтар эпосқа табиғи жарасып кетсе, бұл жыршылық дәстүрде болатын шығармашылық жағдай, сол себептен де ақынның өзі тудырған жыр жолдары арнайы курсивпен теріліп берілді. Қысқасы, осындай құбылысты бастан кешіп жарыққа шыққалы отырған бұл кітапта ақын Баянғали Әлімжановтың өзіндік қолтаңбасы, қырғызша айтқанда салымы болғандықтан оны жай ғана аударма емес, «Манас» эпосының ықшамдалған, қорытылған қазақша нұсқасы деуге болатын сынды. Мәселен, ақын «Жыр басы», «Ер Көкше мен Несқара», «Көзқаман», «Түйе мен жалаңаш қатын» секілді тарауларды өзінше жырлаған. Сонымен бірге, шым-шытырық сюжеттер мен сарындарды қысқартып, қиыстырып, бір-біріне іліктіріп, түйіндеп, қара сөзбен баяндап отыруы да қазақ жыршысының басты шығармашылық ерекшелігі.
«Манас» жырының кілті – оның баяғының бағы заманы, ата-бабалардың алтын тағы заманымен тыңдарманды шебер түйістіре қоятын жырдың тиек бастамасы екені анық. Осы айшықты жырды ақын Баянғали Әлімжанов нәрлі де әрлі көркем толғауға айналдырады:
Баяғының ерлері,
Баябан дала, құла дүз,
Құмдауытта ай кезіп,
Алмауыты арқырап,
Аймауыты жарқырап,
Алты малта ас қылған,
Адастырмас ата жол,
Ақылманын бас қылған,
Айбатын айға асырып,
Оймауыттың он сан қол,
Торғауыттың тоқсан қол,
Ойрат, қалмақ , манжуды,
Ойран салып, састырған.
Айкөл Манас жырында түбі бір түркі халықтарының тұтастығы, елдік дәстүрі, отаншылдық сезімі, қырғыз бен қазақтың бауырластығы жырдың айшықты сарынына айналуы – жас ұрпаққа терең ғибрат.
Басқы атамыз Қарахан,
Ер Тұраннан тараған.
Он бірінші атамыз,
Аруағы биік Алаш хан.
Хабарласқан жер-жерге,
Ұрығы алаш елдерге!
Қырғыз бен қазақ халықтарының бауырластығы мен тамырластығы, сыртқы жауларға қарсы біріккен күресі, ауызбіршілігі, атажұртты жаудан қорғаған қаһармандығы эпоста шабытпен жырланады.
Бұл қосынның ішінде,
Ортақтас жүрген нойғұт бар,
Қызыр шалған Жақыптың,
Қызметін көрген найман бар,
Қоңсылас жүрген қоңырат,
Үйірлес жүрген үйсін бар,
Араласқан алшын бар,
Арғыннан Қарақожа бар», –
деген жолдар эпос пен этностың біртұтас дүние екендігін көрсеткендей.
Әлемдік әдебиеттің алтын қорына қосылған жауһар мұра жас ұрпақтың игілігіне жарасын!
Дархан Қыдырәлі,
Халықаралық Түркі академиясының президенті.