Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өз халқымы түсінікті болсын деп!.. - АРҚА АЖАРЫ

Өз халқымы түсінікті болсын деп!..

Бауырлас қырғыз халқының әлемге әйгілі «Манас» жыры ұшан теңіз, сан тарау. Әйгілі Тыныбек, Балық, Назар, Шоюке, Сағымбай, Саяқбай сынды ұлы манасшылардың мұрасы әлденеше том кітап болады. Саяқбайдан эпостың үш бөлімі – Манас, Семетей, Сейтек 1930 жылдан бастап 1947 жылға дейін, 17 жылда толық жазылып алынған, көлемі 500553 жол. 20-25 үлкен кітап болып қалады! Қытайда өткен қырғыз манасшысы Жүсіп Мамай өз нұсқасын 18 кітап етіп шығарған. Бұған бұрынғы заманда өткен басқа да айтулы жомоқшылардан жазылып алынған мыңдаған жол жырды, кейінгі буын манасшылардың қағазға түскен, жарық көрген кітаптарын қосып көріңіз! Оның бәрін арнайы зерттеуші ғалымдар болмаса, көпшілік оқырманның, әсіресе, бүгінгі һәм келешек жастардың игеріп, оқып шығуы аса қиын. Осыны ойлаған қырғыз жазушысы Бексұлтан Жәкиев оқырманға ыңғайлы, түсінікті болсын деген ниетпен, Манас жырын ықшамдап , «қысқарған емес, қысылған нұсқасын» кітап етіп шығарды. Яғни, эпостың негізгі желісін толық сақтай отырып, ағыл-тегіл өлең жолдарын ықшамдап берген.

Қазақ оқырмандарына түсінікті болу үшін бір назар аударатын мәселе: Манасты айтқанда, әр манасшы жырдың түп негізін, ортақ желісін сақтай отырып, өзінше таратып айтады. Бейнелеп айтқанда, өзеннің бастауы бір, құяр жері бір, ал арнасы сан салаға бөлініп, бірде қосылып, бірде бөлініп, ойдан ойды қуалап, бірде тасқындап, бірде кеңінен жайылып, ортақ теңізге құйғанша тоқтаусыз аға береді.
Көбі өтірік, көбі шын,
Көпшіліктің көңілі үшін,
Күпілдетіп айтамыз,
Көкжал ердің жөні үшін.
Жармы өтірік, жармы шын,
Жарандардың көңілі үшін.
Жанында болған кісі жоқ,
Жалғаныменен ісі жоқ! –
деп, бұрынғының манасшылары өздері айтып кеткендей, талай-талай заманның қатпар, қатпар тарихи жағдайларының сәулесі мен шығармашылық қиялдың шарықтаған шабытты шағында туған әдеби образдардың, көркем оқиғалардың жарасым тауып, жалғаса беретіні бар. Оның бәрін армансыз кезіп көремін деген кісінің өз еркі өзінде, бірақ, ол көп уақытты, үлкен еңбекті талап етеді. Біздің ойымызша, бүкіл адамзаттық бағалы мәдени мұра саналатын, түрік халықтарының ортақ мақтанышы, бір туған қырғыз елінің дарынды жыршылары сан ғасырлар бойы жаратып , бір арнаға қосып, бір биікке шығарған Манас эпосының негізгі мазмұнын қазақ оқырмандарына түсінікті қылып айтып беру де қазіргі заманда өте қажет сияқты. Өйткені, эпостың біріктірілген нұсқасы қырғызша 4 том болып 1958 жылы жарыққа шыққаннан кейін, іле-шала, 1961 жылы, қазақ тіліне аударылып, Мұхтар Әуезовтың алғысөзімен 4 кітап болып басылды. Бұл аудармаға қазақтың көрнекті ақындары ат- салысты. Одан бері алпыс жылдай уақыт өтті. Ол кітаптар бұл күнде сирек дүниелердің қатарында, қолға түсе бермейді. Өзі жүз мың жолдай өлең. Қазіргі оқырманның үңіліп, бәрін оқып шығуы екіталай. Және ұланғайыр дүниенің ұшығына жетіп, түсіне қоюы да оңай емес.
Ал, Шоқан Уәлиханов 1856 жылы қырғыз манасшысынан жазып алған «Көкетайдың асы» деп аталатын бөлігін академик Әлкей Марғұлан архивтен тауып, зерттеп, қазақшалап шығарған болатын. Бұл кітап та қолға түсе бермейді және ол эпостың толық нұсқасы емес, бір тарауы ғана. Демек, «Манас» жырын толық оқып, білгісі келетін қазіргі қазақ оқырманы үшін бірталай қиындықтар барлығы рас. Сондықтан, телегей теңіз, жойқын жырды түсінікті қылып жинақтап, жұмырлап аударып, түйіндеп айтып беруді жөн көрдім. Яғни, көркемдік бояуын, табиғи қалпын, рухын, поэтикалық қуатын сол қалпында сақтай отырып, кей тұстарын қысқа-нұсқа қара сөзбен баяндап, ықшамдап, еркін аударуды көздедім. Бұл бір
Екіншіден, әр манасшы эпосты тек жаттап қана айтпайды, негізгі оқиға желісін сақтай отырып, өзінше жырлайды. Қажет болса жайылтып, яғни, кеңінен айтады. \Мысалы: Жайсаң ырчы дегені, Жолум үйдің борумын, Жарым күнге ырдаған!\ Немесе, чогултуп айтады, яғни, ықшамдап, қысқаша қайырады. Мен де эпостың кей тұстарын, шығармашылық көңіл күйге, ыңғайына қарай, өзімше айтып шықтым. Бұл менің Манас жырына қосқан салымым – үлесім деп қабыл алыңыздар.
Қырғыз манасшыларының мұрасын қазақшалаған тұстар кәдімгі әріппен, ал өзімше баяндап айтқан жерлер курсивпен берілді.

Баянғали Әлімжанов,
ақын, жазушы, драматург, жыршы, манасшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Саяқбай манасшы»
медалінің иегері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар