Ақмола облыстық экология департаменті Краснояр селосының іргесінде орналасқан «Эко-Dump» cеріктестігінің қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына баспасөз турын ұйымдастырды.
Бұрын Көкшетау қаласының күл-қоқыстары Омбы қаласы бағытындағы тас жолдың бойындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына шығарылатын. Бұл нысан жабылғаннан бері облыс орталығының қоқыстары Краснояр селосының іргесіндегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына төгіледі. Мұнда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын цех жұмыс істейді. Бүгінгі күні шағын полигонда күл-қоқыс төгетін жер мәселесі туындап отыр. Осы орайда біз Ақмола облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ержан Ахметовты әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, облыс аумағында жер актісі бар 130 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны жұмыс істейді. Оның тек 26-ның ғана рұқсат етілген құжаты бар екен.
Сондай-ақ, қалдықтарды сұрыптау мәселесі туындайды. Бұл барлық қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару нысандарының тек қана 20 пайызы экологиялық талаптарға және санитарлық ережелерге сәйкес жұмыс істейді деген сөз. Заңдастырылған полигондардың жоқтығы рұқсат етілмеген қоқыс төгетін қоқыс орындарының пайда болуына жол ашады. Осы орайда, «Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының ғарыштық мониторингісі арқылы Ақмола облысында 1593 қоқыс орны анықталыпты. Облыстық экология департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, 854 қоқыс орындары бойынша жұмыс жүргізген екен. Облыс аумағындағы 26 полигонда сұрыптау цехы жұмыс істейді. Мұндай цех әр полигонда болуы үшін жергілікті атқарушы органдар бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажет. Дегенмен, шағын елді мекендерде полигон ашудың шығыны көп, кірісі аз. Осы орайда, қала мен ауылға қойылатын талап әртүрлі болуы керек. Ержан Ахметов өз сөзінде әр ауданға бір полигон жеткілікті екенін, басқа елді мекендердің қоқысын осы аудан орталығындағы полигонға тасымалдау керектігін айтты.
Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Ербол Төлеуовтың айтуынша, Көкшетау қаласының күл-қоқысы «Эко-Dump» серіктестігінің қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына шығарылады.
–Жаңа экологиялық кодекс Петропавлға шығатын тас жол бойында салынатын полигонға басқаша ереже мен талаптар қояды. Бүгінгі күні Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасы жаңа ереже бойынша жоба дайындауда. Бұл жаңа экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес келеді. 40 гектар алқапқа Көкшетау қаласының жаңа полигоны салынғанша, «Эко-Dump» серіктестігінің полигоны жұмыс істейтін болады. Серіктестіктің полигон жерін ұлғайту жөніндегі мәселесі қаралуда,–деді қала әкімінің орынбасары. Бүгінгі таңда қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі өте күрделі болып отыр. Көптеген елді мекендердің іргесінде заңсыз төгілген қоқыс шашылып жатыр. Бұл мәселені жүйелі түрде шешу керек. «Жаңа шыққан экологиялық кодексте полигонға сұрыпталған қатты тұрмыстық қалдықтар тасымалдануы тиіс делінген. Ол үшін тұрғындар арасында үлкен түсінік жұмысын жүргізу керек»,–деген «Эко-Көкше» экологиялық орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Әбілжан Құсайынов полигон маңайында шашылып жатқан қоқыстардың қоршаған ортаға тигізетін зардабы жөнінде айтып берді.
Бүгінгі таңда бұрын Краснояр селосы үшін ашылған полигон күл-қоқысқа әбден толған. Тау-тау болып үйіліп жатқан қоқыстарды жел жайылым жерге ұшыруда. Сондықтан, қосымша жер бөлу мәселесін тез арада шешіп, полигонды тор сыммен қоршау қажет.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.