Бүгінгі таңда жастарға кәсіптік-техникалық білім беру өте маңызды. Краснояр ауылындағы агротехникалық колледждің кешегі білім алушылары қазір өз мамандықтары бойынша абыройлы еңбек етіп жүр.
Осындай жастардың бірі Қасымхан Қайыркенов «Ұмай жер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде комбайншы болып астық үшін күресуде. Әріптестері жас комбайншының бойындағы теориялық білім мен өз мамандығына деген сүйіспеншілігін жоғары бағалайды. Өйткені, Қасымхан колледжде оқып жүрген кезінде осы шаруашылықта тәжірибеден өтті. Тәжірибелік жұмыс барысында өзін жақсы жағынан көрсете білді. Әрдайым жұмысқа ынталы әрі табанды жастың қолынан іс келетініне сенім білдірген шаруашылық басшылары аталмыш колледжді бітіріп келген соң бірден жұмысқа қабылдады.
–Комбайншы болу оңай-оспақ шаруа емес, – дейді Қасымханның өзі, – күзгі егін орағы кезінде уақытпен санаспай жұмыс істеу керек екен. Оның үстіне техниканы бүге-шігесіне дейін меңгергенің жөн. Осы орайда колледжде тиянақты білім берген ұстаздарыма айтар алғысым мол. Сол білімнің арқасында жаңа техниканың қыр-сырын игеріп, тәжірибесі толысқан аға буынды өкшелей еңбек етудеміз. Мен әуел баста осы мамандықты таңдап алғаныма қуаныштымын. Өйткені, «ас атасы – нан» демекші, дала ерлерінің ақ адал еңбектерінің өте абыройлы шаруа екендігіне көзім анық жетіп отыр. Біз елдің ырысы мен берекесін келтіруге тырысудамыз.
Әдетте, жастарға деген сенім олардың бойындағы кәсіби біліктілікке қарай орнығады. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде колледж оқушыларының заманауи техниканы игеруге деген ынтасының зорлығын және сол талап биігінен шығып отырғандығын айқын көруге болады. Егер еліміздің әрбір жасы Қасымхан құрбыларындай болса, ауыл шаруашылығы да, өзге салалар да қарыштап алға жылжитындығына күмән жоқ.
Биыл алғаш рет астық жолындағы арпалысқа қатысып, әбден шыңдалған Қасымхандардың алар биігі алда. Ілкіден жалғасқан еңбек тәжірибесін жете меңгерсе, кәсіптік-техникалық колледждегі теориялық біліммен ұштастырса, дала төсінде табаны тастан таймаған тарланбоздай еселі еңбек еткен даңғайыр диқандардың жолын жалғастыратын болады.
Қазір алғашқы егін орағында тәп-тәуір тәжірибе жинап шыңдалған Қасымхан өзінен кейінгі буынға тәлімгер болып жүр.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.