Облыс әкімі Ермек Маржықпаев облыстық әкімдікте Халықаралық қарттар күніне арналған салтанатты жиналысқа қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлерді Алғыс хаттармен марапаттады.
Ермек Маржықпаев салтанатты жиналыста сөйлеген құттықтау сөзінде: –Ардақты ардагерлер, құрметті жерлестер! Баршаңызды күздің шуақты мерекесі – Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын. «Қарттары бар жұрттың қазынасы бар» демекші, егемен елдің саналы жастарын тәрбиелеуде аға ұрпақ өкілдерінің қосар үлесі орасан зор. Адамгершілік құндылықтарды, салт-дәстүрлерімізді сақтаушы, қоғамымыздың ақылшысы Сіздерсіздер, қадірлі қарттар! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арнаған биылғы Жолдауында еліміздегі коронавирус індетіне қарсы күреске баса мән беріп, қиын сәтте демеу болған барша азаматтарға алғысын білдірді, – дей келе, облыста тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.
Қарияларға құрмет көрсету, жылылыққа, мейірімділікке бөлеу – қастерлі парызымыз. Дәстүрлі Қарттар айлығында облыс әкімінің қаулысына сәйкес қарттар мен мүгедектерге үйлерінде қызмет көрсету, әлеуметтік қолдау шараларын ұйымдастыру көзделген. Сондай-ақ, қалалар мен аудандардың бюджетінен 130 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, 20 мыңнан астам қарт адамдар мен барлық топтағы мүгедектер екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлемақы алады.
Бүгінгі таңда өңірімізде 111 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Соның ішінде 33 Ұлы Отан соғысының ардагері және соғысқа қатысушыларға теңестірілген 478 адам, 3925 еңбек ардагері бар. Қарияларды күндізгі стационарларда оңалту үшін тиісті жағдай жасалуда. 5 мыңға жуық қарт арнайы әлеуметтік қызмет түрлерімен, 1500-ге жуық қария санаторлық-курорттық емдеумен қамтамасыз етілген.
Салтанатты шарада Ермек Маржықпаев бар саналы ғұмырын елдің дамуына, халыққа қызмет етуге арнаған, бүгінгі таңда облыстық, қалалық және аудандық ардагерлер кеңестерін басқарып отырған абыройлы ел ағаларына Алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етті. Өз кезегінде құттықтау сөз алған Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, осы ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі Галина Марченкова мен Ерейментау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Әбдин мемлекетімізде қарттарды қолдауға зор көңіл бөлініп келе жатқанына шынайы ризашылықтарын білдіріп, егемен еліміздің өркендей беруіне тілектестіктерін жеткізді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.