Дана халқымыз қыз тәрбиесіне сонау ерте заманнан бастап ерекше мән берген. Қызды елдің көркі деп үкілеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай еркелетіп өсірген. Ұлттың өркендеуін ойлаған ата-бабаларымыз қыз баланы тәрбиелеу ісінде ешқашан уақытпен санаспаған. Әлі күнге дейін қыз бала отырған жерге ер адам баса көктеп кірмейді. Қыздың көзінше бейсауыт дөрекі сөздер айтылмаған. Дана мінезді періште пейіл халқымыз ар-ұят, абырой мәселесіне қатты көңіл бөлген. Болашақ отбасының тұрақтылығы қыз арының тазалығымен байланысты болатынын алдын ала білген, ана-әжелеріміз қыз баланың ар тазалығын қызғыштай қорғаған.
Біздің қазақ халқына табиғилық сезім тән. Табиғат тылсымына ерекше құрметпен қараған қазақ әйелдері табиғи сұлулықты қыздардың бойына дарытуға тырысқан. Аққудың адалдығы, гүлдердің нәзіктігі, тау бұлағының күміс сыңғыры, еліктің еркелігі мен даланың даналығы қазақ қызының бойынан табылатыны сондықтан деп білеміз.
«Қыз өссе – елдің көркі» деп әр қазақ қызына ерекше құрмет пен қошемет көрсетілген. Әр қазақ ауылының өз Қыз Жібегі, Баян сұлуы болған. Үлгілі, тәртіпті шығарма кейіпкерлерінің есімін қыздарына қоюға тырысқан, қызымыз солардай болсын деп. Даналығымен ел есінде қалып, ерлігімен көзге түскен талай тарихи тұлғаларды дүниеге әкелген қазақ әйелдері жетерлік. Томирис, Домалақ ана, Қарашаш, Айғаным, Зере, Ұлжан, Ұлпан сияқты ақ жаулықты ару жандар – бұл күндері қазақ халқының ұлттық мақтанышы.
Ұлттық өнерімізді асқар шыңға шығарып, тарих сахнасына тамаша композициялар тарту еткен. Қорлан, Ләйлім, Ақтоты сынды қынама бел, ботакөз сұлу жандар – ұлтымыздың сұлулық символы емес пе?
Ұлы Отан соғысында ерліктерімен көзге түскен, бүкіл әлемге әйгілі болған Әлия мен Мәншүк қазақтың батырлығын, қайсарлығын басқаларға үлгі етіп көрсетіп кетті емес пе?
Сондай-ақ, қазақ өнерінің іргетасын қалауға негіз болған сахна саңлақтары Күләш, Шара, Бибігүл, Роза сынды аналарымызды қалай айтпасқа, Дина апамызды күй өнеріндегі бір дәуір десек болады. Ал, кейіннен қазақ қыздары арасынан шыққан атақты ғалымдар, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері мен саясаткерлердің атын атап тауысу мүмкін емес.
Колледж директоры Құралай Ыдырысованың іскер басшы, жақсы ұйымдастырушы екенін де айта кетуге болады. Осы кісінің іскерлігінің арқасында біздің білім ошағымызда айтарлықтай істер атқарылып, шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие берілуде, бізге оны қалай айтпасқа?!
Кеңпейіл халық қыздарының атын атамай «еркеш», «айым», «ботам» деп атап, олардың еркін әрі жайдары болып өсуін мерей тұтқан. Қайын сіңілілерін сыйлайтын, тәрбие көрген жеңгелері қайын сіңлілеріне, қайын інілеріне «төрем», «тәттім», «салжігіт», «мырзажігіт» деп те ат қойған. Бала кезімнен есімде әжем қайын сіңлілерін «Салмақтым», «Еркежан», «Қалқажан» деп еркелетіп солай атаған. Осыдан-ақ ұлттық педагогиканың балаға деген ерекше қамқорлығын аңғару қиын емес. Бала десе бауыр еті өбектейтін халқымыз әсіресе, қыз баласына дауыс көтерген емес. Содан да қыздар ерке болып өскен. Барлық әдемі қылықтарды қыз бойына дарытуды көздеген. Нәтижесінде біздің қазақ қыздары сыпайы, инабатты болып келеді. Қазақ қыздарының терең ойлы, әсіресе, сыршыл, құбылмалы қылықты болып келетіні содан болар. Өзге ұлттардан ерекшеленіп тұратын қазақ қызының ұяңдығы оны бөтен қылықтардан қорғап тұратын пердесі іспеттес. Үлкендердің бетіне тіктеп қарамайтын, ешкімнің жолын көлденеңдеп кеспейтін қыз өзінің ұяндығы арқасында әрқашан жаман әдеттерден қорғанып жүреді.
Бойымызды бойкүйездік билеп, немқұрайлылыққа салынбас үшін әрбір қазақ отбасы қазақы тәрбие жұмыстарын жандандыруы керек. Әсіресе, қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту үшін бәріміздің тәрбие жұмысына жұмыла кіріскеніміз дұрыс деп ойлаймын.
Өз отбасыма тоқтала кетсем, біздің отбасымызда 4 қыз, 1 ұл бармыз. Әжеміз бізге тоқуды, тігуді, ұқыптылықты үйретсе, анамыз үй шаруасын тиянақты, жауапкершілікпен орындауды үйретті. «Ана көрген тон пішер» дегендей, әр шаруаның қыр-сырын әжеміз бен апамыздан үйреніп өстік. Сол кісілердің берген тәлім-тәрбиесінің арқасында қазір әрқайсымыз әр отбасының ұйытқысы болып отырмыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендейін, сол кісілердің берген өнегесін әрқайсымыз жалғастыруға тырысамыз. Қоғамдық жұмыста еңбек ете жүріп, үй шаруасын да реттегіміз келеді. Балаға да қарап, тамақ та әзірлеп, жарымыздың да бабын табуға тырысамыз. Әжем қайын атасына 40 жыл келін болса, анам әжеме 30 жыл келін болды. Сондықтан, қосылған қосақтарымыздың ғана ойынан шықпай, ата-енені де сыйлай білу қажет. Отбасында келеңсіз жағдайлар болған жағдайда да осы кісілер ақылымен түзу жолға салып, бағыт-бағдар береді, түтініміздің түзу шығуына жол салады.
Отбасы – баланың эмоционалды, рухани құндылықтарды бойына сіңіретін ортасы. Ата-анасы балаға тәлім-тәрбие береді, жақсы мен жаманды, адамдармен қарым-қатынас жасауды үйретеді. Басқа сөзбен айтқанда, отбасы үлкен өмірге дайындайтын мектеп. Ал, сапалы білімді қайдан, қандай ортадан алуға болады? Әрине, өзара гармонияда, бақытты ортада өмір сүретін, сол бақытты жасай алатын адамдардан алады. Бірлігі жарасқан отбасынан шыққан адам өзінің отбасын бақытты ете алады, өмірде жолы болатын тұлға ретінде қалыптасады.
Ұлболсын МӘМБЕТОВА,
Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет
колледжінің бейнелеу өнері магистрі.