Төрт күннің ішінде «Nur Otan» партиясының тіркелген мүшелерінің 662 687 немесе 84,2 пайызы дауыс беруге қатысты. 581 104 партиялық онлайн форматта таңдауын жасады. Интернетке қосылу мүмкіндігі әлі толық шешілмеген шалғай аудандарда тұратын 81 583 адам қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс берді. Бұл туралы «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
«Елімізде праймериз жаңа форматта республикалық ауқымда тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы тамызда жариялаған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты партияны қайта жандандыру бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. Праймеризге 10 990 кандидат қатысты. Оның 7 143-і – өзін-өзі ұсынушылар. 36 пайыздан астамы – әйелдер, 29 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. Үміткерлердің орташа жасы – 43 жас», – деді спикер.
Негізгі әлеуметтік топтардың қамтылуына келетін болсақ, кандидаттардың сапалық құрамы қызметтеріне қарай келесідей бөлінді: 31 пайызы – білім және ғылым саласының өкілдері, 14 пайызы – шағын және орта бизнес, 7,8 пайызы – мәдениет және спорт, 7,1 пайызы – қызмет көрсету саласы, 6,2 пайызы – ауыл шаруашылығы, 4,6 пайызы – өнеркәсіп саласының өкілдері.