Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қазан күні (2020) коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық жөнінде кеңес өткізіп, ахуал ушыққан жағдайда оған мемлекеттік органдардың дайын болуы қажет екенін атап көрсетті.
Короновирус індетінен әлі де сақтану және әлі де санитарлық ережелер мен тәртіпті қатаң сақтайық! Бұл ең әуелі өзіміз үшін, отбасымыз және айналамыздағы адамдар үшін маңызды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде көптеген елде эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағанын атап өтті. Бұл бізді де қатаң ойландыруға тиісті.Өйткені індеттің беті әлі де қайтқан жоқ! Тіпті әлемнің кей мемлекеттерінде өрши түскендігі де бар. Және де соған орай жаңа шектеулер қойылып жатқандығы тағы да бар!
Биылғы жылдың 16 наурызынан бастап, елімізде төтенше жағдайдың жариялануы, одан кейінгі шектеулер бар, соның барлығы да зеріктіріп жібергені де болды. Алайда жан қымбат! Қаншама аяулы жандар осы індеттен қаза болды. Міне осының барлығын да біз естен шығармауға тиістіміз.
Алайда осы бір шектеулер алынып тасталсымен босаңсып кеткеніміз де жасырын емес. Басшылардың да, санитарлық қызметтердің де маска киіп жүру, көп адам шоғырланбау, жиын-тойларды уақытша қоя тұру деген кеңестері мен талаптарына кейде құлақ асып, кейде бұра тартып жатқан жайымыз да бар.
-Қазір әлемдегі жағдай күрделі. Тіпті, кейбір аймақтардағы ахуал ушыға түсті. Бұл жағдай, әрине, бізді де алаңдатады. Барлығымыз ел ішінде және айналамызда тұрақтылық болғанын қалаймыз. Сондықтан әлемде болып жатқан оқиғалардан сабақ алуымыз керек. Елдің береке-бірлігі мен амандығы бәрінен қымбат. Әсіресе, бұл қазіргідей кезеңде өте маңызды. Әлемді жайлаған пандемияға және экономикалық дағдарысқа төтеп беру үшін мемлекет барлық қажетті шараларды қабылдауда. Бірақ бұл жұмыс бүкіл ел болып, жұмыла білсек қана өз нәтижесін береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әрине індеттің бетін аулақ қылсын дейміз! Дегенмен әлі де болса, санитарлық тәртіп пен ережелерді, қойылып отырған талаптарды сақтағанымыз абзал. Елдің амандығын әрқайсымыз да ойлайық!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі.