Абай туған өлкеде

Ертеден-ақ Алаштың бас қосатын ордасы болған Семей шаһарына жолымыз түсіп, қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының туған жеріне барып қайтуға мүмкіндік туып еді. Арқаның атақты өзені Ертіс бойында орналасқан қалаға қазақтың талай белгілі азаматтары ат басын тіреген. Бұл өлкеден танымал тарихи тұлғалар көп шыққаны белгілі.

Солармен кездесуге ынтық болған жандардың ішінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, жауырыны жерге тимеген Қажымұқан бабамыз, талантты ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров, әнші сал-серілерден Біржан, Естай, Жаяу Мұса, Мәдилер бар.
Тамыздың жаймашуақ күндері бізге қазақтың дарабоз ұлдары Абай мен Мұхтар туған өлкені толықтай аралап шығуға мүмкіндік берді. Бірінші кезекте біз ұлы ақынның кіндік қаны тамған жер Сырт-Қасқабұлақта болдық. Мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан іс-шараларды көріп, көңіліміз көтеріліп қалды. Ұзын жол, тоқтайтын жерлер заманауи туристік талаптарға сай жасалыпты.
Қазақтың кемеңгер жазушысы Мұхтар Әуезовтың туған жері Бөрілі ауылы да үлкен өзгеріске түскен. Ашық алаңға бала Мұхтардың мүсіні қойылыпты.
Мерейтойға сәйкес Жидебайдың да айналасы күрделі жөндеуден өткені анадайдан көзге түседі. Бұл жерде ұлы ғұламаның аналары Зере мен Ұлжанның бейіттері бар. Ақын Абай, оның інісі Шәкәрім екеуінің мазарына да жан-жақты жөндеу жасалып, іші-сырты көп өзгеріске түскен екен.
Абайдың арқа тұтқан ұлы бабаларының бірі, Тобықтының айтулы кемеңгері Кеңгірбай бидің кесенесіне келушілер санының артқанын көзімізбен көрдік. Жалпы байқағанымыз, ұлы ғұламалар туған өлкеге арнайы сапар шегушілер легі бұрынғыдан да көбейген. Бұдан бірер жыл бұрын осы Шыңғыстау өлкесінде арнайы болғанымызда мұндай көріністі байқамап едік. Соған сәйкес қасқа жолдың бойында мейрамханалар мен қонақ үйлер бой көтеріпті. Мұны қос ғашық Еңлік-Кебек монументі жанынан да анық байқадық. Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» повесінде баса айтылатын Күшікбай батыр асуы басында да автокөліктер легі аз болған жоқ.
Тарихымыздың төрінен ойып тұрып орын алған Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған өлкеде болып, ойымыз да, бойымыз да өскендей болды. Осыған қарап әрбір жерде ішкі туризмді дамытып, елдік ісімізді таныта білсек, еңсеміз анағұрлым көтерілер еді деген ойға келдік. Қазақ даласы көне мұраға бай, ескі ғұндар мен түріктердің шыққан жері ғой. Көкшеміз, Баянауыл мен Қарқаралымыз, Ерейментау мен Қорғалжын жерлері халқымыздың мақтан тұтқан ежелгі көне тұрақтары емес пе!
Барымызды бағалағанға не жетсін?! Туған елдің алыптары мен асылдары, тау-тасы, өзен-көлі біз үшін бәрінен де ыстық, бәрінен де қымбат. Ұлы Абай еліне сапарымыз бізге осындай ой салып, көңіл төрінде мәңгілікке қалып қойды.
Аружан ЖАНАТОВА,
Павлодар педагогикалық университетінің
1-ші курс студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар