Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай, Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатына ұлы Абайдың есімі берілуі және осы білім ордасында Абай аллеясының ашылуы салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі және жаңа аллеяда жиналғандармен бірге ағаш көшетін отырғызды.
Облысымызда Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. Жыл басынан бері барлық білім беру ұйымдарында ақын мерейтойына арналған онкүндіктер өткізілуде. Облыстың 23 мектебінде «Абай еліне саяхат» клубтары ашылды. Ақын мұрасын зерттеу бойынша «Абай әлемі» әдеби жобасы іске асырылуда. Жиналғандар алдында сөйлеген құттықтау сөзінде Ермек Маржықпаев осылайша өңірімізде Абай мұрасын насихаттауға зор көңіл бөлініп келе жатқанын айтты.
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтпағанын, Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алатынын, сондықтан, ұлтымызды жаңғырту ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып, ұтымды пайдалануымыз керектігін атап өтті. Бәрімізде ақынның мұрасын мектепте оқыған кезімізден білеміз. Хакімнің білім мен ғылымға шақырған өлеңдерін, қара сөздерін жаттап өстік. Қос ұлы бабаларымызға көрсеткен құрметі ретінде облысымыздың екі мектебіне Абай және Әл-Фарабидің есімдері берілді. Степногорск қаласының төрт мектебі тарихи тұлғалардың есімдерімен қайта аталды, – дей келе, облыс әкімі білім ошағының ұжымын мектепке Абай есімін беру оқиғасымен және Абайдың 175 жылдық мерейтойымен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
Аталған білім ордасында балалардың сапалы білім мен тәлім-тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Соңғы үш жылда мектеп ұстаздары мен оқушылары ғылыми және шығармашылық байқаулар мен жобаларда үнемі үздік жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Облыс әкімі енді ұлы Абай есімімен аталатын мектеп оқушыларының білім сапасы одан әрі өзінің мәртебелі атына сай болатынына сенім білдірді.
Бұдан кейін әкімнің қатысуымен мектеп аумағында өңіріміздегі алғашқы Абай аллеясы ашылды. Облыс әкімімен бірге жиналған жұртшылық ақын аллеясына бір-бір түптен шырша көшеттерін отырғызды. Мектеп директоры Дана Ысқақова өзі басқарып отырған білім ошағының Абай есімін ұлықтап, жоғары ұстауға тырысатынын жеткізді. Ақындар мүшәйрасының бірнеше дүркін жеңімпазы Қуаныш Оспанов Абайға арнаған өлеңін оқып берді.
Үстіміздегі жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында мектеп корпустарының шатырлары мен ауласы жаңартылып, абаттандырылыпты. Жалпы, биыл облыстың 144 мектебіне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Осы ретте, облыс әкімі бюджет қаражатына ағымдағы жөндеуден өткізілген №4 мектеп-интернатында да болып, оқу орнының материалдық-техникалық жабдықталуымен және білім беру үрдісімен танысты.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек Данияров.