Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өткен сейсенбі күні өңірімізге жұмыс сапарымен келген Дүниежүзілік банкінің өңірлік менеджері Жан-Франсуа Мартоны қабылдап, білім саласында энергия тиімділікті арттыру жобаларын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Кездесуде облыс басшысы қонақтарға өңіріміздің инвесторлар үшін қолайлы әрі мүмкіндігі зор екенін жан-жақты айта келе, өңірде бәсекелестікті дамытуда ең бастысы халықтың денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсарту болып табылатынын атап өтті.
− Облысымызда сіздермен бірлесіп жүзеге асырылып отырған жобалардың маңызы зор. Бірлескен жобалардың арқасында 2018 жылдан бері білім саласындағы 7 нысанға жарты миллиард теңге қаржы салынды. Соның арқасында бір ғана энергия тиімділіктен жылына 5 миллион теңге үнемдедік. Бұл біз үшін үлкен қолдау. Жалпы, біздің облыста жұмыс істейтін инвесторлар аз емес. Олардың табысты жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалынған. Алдағы уақытта да сіздермен бірлескен жобаларды одан әрі жүзеге асыруға дайынбыз, − деді Ермек Маржықпаев.
Дүниежүзілік банкінің өңірлік менеджері Жан-Франсуа Марто бастаған іскер азаматтар Көкшетау қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, бірлескен жобалар жүзеге асырылған және жүзеге асырылатын нысандарды аралап көрді.
Облыс басшысы өңірде білім беру саласында бірқатар жобаларды жүзеге асыруға болатынын атап өтті. Өз кезегінде Жан-Франсуа Марто мырза мектептерді жаңғырту бойынша жобаларды қолға алу маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол білім саласында ғана емес, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы бағытында да бірлескен жобаны қолға алуға ниетті екенін жеткізді.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.