«Тәрбие – тал бесіктен» деп халқымыз ежелден бала тәрбиесін басты назарда ұстаған. Баланың ақылды, өзіне сенімді, жауапкершілігі мол болып өсуі ең біріншіден, оның отбасындағы алған тәрбиесіне байланысты болады. Өйткені, бала өзінің отбасындағы ата-анасына қарап, олардың сөзі мен іс-әрекетінен үлгі ала отырып, мінезі мен дағдысы қалыптасады. Сондықтан да, қоғамда ата-ана баланы тәрбиелемес бұрын, өзін тәрбиелеу керек деген қағида қалыптасқан.
Бала тәрбиесі – әрі күрделі әрі қиын процесс. Кей кезде жас ата-аналар ұрпақ тәрбиелеуде олқылық танытып, көп қателіктерге ой ұрып жатады. Соның бірі – өз баласын басқа баламен салыстыру.
Жұрттың балаларын өз балаларына үлгі етіп, салыстырғанда ата-аналар өз балаларының өзгеге деген жеккөрушілік, іштарлық сезімдерін оятып, өзін іштей төмен сезінуіне жағдай жасайтынын білмей жатады. Салыстырып, ескерту алған баланың жаны жараланады, өзіне деген сенімсіздігі басым болады. Өйткені, баланың көзінше ата-ана өзге баланы артық, маңыздырақ көргендей, ал, өз баласын бағаламағандай болып көрінеді. Баланың бағасын осылайша төмендету – оның өзіне сенімді болуына көп кедергі жасап, қабілетін шектейді. Әрқашан салыстыруды естіп өскен балада толымсыздық комплексі, жалтақтық пайда болады. Кейін ол психологиялық проблемаларға әкеп соғуы мүмкін. Ата-анасының тарапынан үнемі салыстыру сөздерін естіп өскен кей балалар өмір бойы айналасындағы адамдармен жарысып, бәсекелесіп, өмірінің мәнін сонда деп ұғып, өзгелердің өзі туралы пікіріне тәуелді болып, олардың оң пікіріне ие болу үшін ғана әрекет ететін жағдайға тап болады. Осылайша берілген тәрбие түбінде баланың өзін төмен санап, сенімсіздігін қалыптастырып қана қоймай, олардың ата-анасына деген ренішін тудыруы мүмкін.
Ал, баланың өзіне сенімді тұлға болып қалыптасуын қалаған ата-ана керісінше, баласының әрбір іс-әрекетінен тек жақсылық көріп, шамасы жетпей жатқан шаруаларына өзі көмек қолын созып, ұрпағын жігерлендіріп, қанаттандырып, «сенің қолыңнан келеді, мен саған сенемін», – деген сөздерді жиі айтып отырса, баланың сенімділігі артып, өмірге құштарлығы оянады. Бала қаласа, барлығын үйрене алады. Өз-өзімен салыстырса ғана балаңыздан жақсы өзгеріс көресіз. Мысалы, «Бұрын жүзу білмеген едің, қазір үйреніп алыпсың». «Бұрынғыдан жақсы оқуға қабілетің ашылып келеді». «Бүгін сен кешегіден гөрі ширақсың. Жарайсың!» деген сияқты салыстырулар баланың еңсесін көтереді, одан сайын алға ұмтылуына күш береді. Бала жас шыбық секілді, қалай исең солай өседі. Сондықтан, олардың тәрбиесіне байыппен қарап, өзіне сенімді азамат болып қалыптасуына ықпал ету – әрбір ата-ананың міндеті.
Жәннат Смағұлова,
Қызылту орта мектебінің психологы.
Қорғалжын ауданы.