Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ZOOM платформасы арқылы ұйымдастырған «Абай тұлғасы: ұлттық руханият және әлемдік өркениет» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, сөз сөйледі.
Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы шығармаларын әлемдік деңгейде насихаттап, жаңаша бағалануын ұрпақ санасына жеткізу мақсатында шет ел және отандық ғалымдардың басын қосқан конференция жұмысын Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры Марат Сырлыбаев ашып, жүргізіп отырды. Ол өзінің алғы сөзінде Абайдың қазақ қоғамында дара тұлға, ғұлама ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес дара із қалдырған данышпан тұлға екенін айта келе, Абайдың ешкімге ұқсамайтын ғажайып қасиеті – оның мәңгі ескірмейтіндігін, оның шығармаларының кеше, бүгін жазылғандай екенін жеткізді.
–Абайдың тағы бір ғажайып қасиеті – әлемдік философияда том-том кітаптарға әрең сыйған ойларды екі-ақ ауыз сөзге сыйдыра алуында. Абай – қазақтың ұлттық философиясының негізін салушы, жаратылыстың құпиясына, табиғат пен қоғамның, адам мен заманның сырына терең бойлаған кемеңгер ойшыл. Алаш қозғалысының көрнекті басшыларының бірі, ағартушы, ақын, тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынов Абайды «Қазақтың бас ақыны» деп атап, «Онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» деп жазды. Әлем әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов дербес әдебиеттану ғылымы ретіндегі абайтанудың негізін қалады. Ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойымен баршаңызды құттықтай отырып, көркем ойдың данасы Абаймен мақтанып қана қоймай, тәуелсіз еліміздің өркениетті ел мен ұлт қатарына қосылуы үшін әр азамат Абай сөзін танып, ойымызға сіңіріп өсуіміз қажет деп санаймын. Абай – ұлтымыздың мақтанышы ғана емес, біздің ұлттық құндылығымыз, ұлттық тұғырымыз. Оның өлмес мұрасын алдымен өзіміз танып, әлемге таныту – біздің ғұмырлық парызымыз. Себебі, Абайды әлемге таныту әлемге қазақты таныту деген сөз, – деді Марат Сырлыбаев.
Конференцияның пленарлық отырысында сөз алған Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев пандемияға байланысты онлайн форматта өткізіліп отырған конференцияға Түркия, Ресей, Қырғызстан және Беларусь елдерінің өкілдері мен еліміздің беделді ғалымдарының қатысуы ұлт мақтанышы Абайға деген, оның бай мұрасы мен даналығына деген қызығушылықтың жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсететінін атап өтті.
–Биыл жалғыз қазақ елі ғана емес, барша әлем жұртшылығы қазақ халқының ұлы перзенті, ақын, философ және ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мемлекеттік және халықаралық деңгейде атап өтуде. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Абай күллі адамзаттың рухани сардарларының бірі» деген еді. Жуырда жарық көрген «Абай аманаты» атты мақаласында Елбасы Абай мұрасының әлемдік мәдениеттегі маңыздылығын, бүгінгі таңдағы өзектілігін айта келіп, олардан қандай тағылым алу керек екеніміз жөнінде ой бөлісті. Абай Құнанбайұлының тұлғасы – ескінің соңы мен жаңаның басын жалғаған алтын көпір екендігін айтты. Бұл туынды жыл басында ұлы қаламгердің мерейтойы аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының лайықты жалғасы іспеттес, – дей келе, облыс әкімі одан әрі Абайдың әлемдік мәдениеттегі маңыздылығын ескере отырып, оның тұлға ретіндегі адами қырларына тоқталды.
–Бүгінгі күні біз Абай Құнанбаевты әлемдік деңгейдегі ойшылдардың көрнекті өкілі деп айта аламыз. Шынында да, дана ақынның шығармалары тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани өмірін байытуға септігін тигізеді. Себебі, Абай шығармаларының мазмұны жалпы адамзаттық құндылықтарға толы, – деген Ермек Маржықпаев әлем бойынша Абайдың есімімен 60 елді мекен мен көше аталып, жуырда ғана дарынды балаларға арналған №3 Ақмола облыстық мамандандырылған қазақ мектеп-интернатына Абай Құнанбаевтың есімі берілгенін атап өтті.
Конференцияға онлайн режимде қосылған шетел және отандық ғалымдар Абайдың әлем әдебиетіндегі биік орнын ерекше атап өтті. Анкара әлеуметтік ғылымдар университеті Түркі әлемі институтының саяси ғылымдар факультеті халықаралық қатынастар бөлімінің директоры Мерием Хаким Абай Құнанбаевты тек қана ақын және ағартушы ретінде дәріптеу жеткіліксіз, Абай зиялы, ағартушы, данышпан, ел ағасы және қазақ тілі мен әдебиетінің майталман классик тұлғасы деді.
–Абай 19-шы ғасырдағы қазақ қоғамының беделді отбасында Құнанбай қажы шаңырағында дүниеге келді. Қазақтың кәдімгі көшпенді салт-дәстүрі, өмірі мен діни наным-сенімі, Абайдың өскен ортасы оның көреген, сұңғыла болып қалыптасуына әсерін тигізді. Ол өмір сүрген қоғаммен тұспа-тұс келген оқиғалар Абай Құнанбаевтың сыншыл көзқарасын дамытуға ықпал етті. Абай дүниежүзін шарлап, саяхатқа шықпаған жан. Соған қарамастан, ол жер құрлығындағы құнды мәліметтердің бәрінен хабардар болды. Сол себепті, Абай Құнанбаев адамзат тарихының әйгілі гуманистері, ойшылдарымен астасқан пікірлер қалдырды. Күні бүгінге дейін екі ғасыр бойы Абай мұрасы қазақтың жадында сайрап тұр. 19-ыншы ғасырдың соңғы ширегінде Ресей патшалығы құрамындағы түркі тектес халықтар ояна бастады. Білімге, ғылымға құштарлық ағартушы зиялы қауым арқылы жалпы қоғамға жетті. Қазақ халқын дамуына Шыңғыстаудың Абайы да елеулі үлес қосты. Сондықтан, Абай мұрасы қазақ халқының тарихи, саяси технологиялық өтпелі кезеңімен, сондай-ақ, саяси жүйе өзгерістерімен, тарихтың даму сатыларымен астас деп санау керек. Абайдай сегіз қырлы, бір сырлы тұлғаны, халықтың мәйегін құраған рухын қазаққа тән өзгешеліктердің символы ретінде дәріптеу керек. Абай қазіргі қазақ қоғамының рухани атасы десек, қателеспеген болар едік, – деген түркиялық ғалым Абайды зерттеу арқылы тәуелсіз қазақ қоғамы өзінің ұлттық болмысын табары хақ және бұл қадамды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми мәлімдеуі маңызды деді.
Ал, Қырғызстан Республикасынан бейнебайланысқа шыққан педагогика ғылымдарының докторы Қиялбек Акматов «Қырғыз педагогикасындағы, әдебиетіндегі Абай Құнанбаевтың жолы» тақырыбында толымды баяндама жасап, қырғыздың ұл-қыздары Абай шығармаларымен де сусындап өсіп келе жатқанын айтты. Оның айтуынша, ақынның қырғыз педагогикасы мен әдебиетіне әсерін үшке бөліп қарауға болады. Оның біріншісі Абайдың қара сөздеріндегі педагогикалық идеялардың әсері, екіншісі Абай шығармашылығының қырғыз жазба ақындарына тигізген әсері және үшіншісі Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын мектепте оқыту, Абайдың өмір жолымен танысу болып табылады.
–Қырғыз педагогикасында бала тәрбиелеуде Абайдың қара сөздері кеңінен қолданылады. Абай атамыз қара сөзінде қазақтар ғана емес, сонымен қатар, қырғыздар жөнінде айтқандай көрінеді. Себебі, қолында қызметі барларға қошемет қылу, бірін-бірі көреалмаушылық біздің қоғамда да бар. Абай жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Ата-анаға көз қуаныш», «Заман ақыр жастары», «Сегіз аяқ» өлеңдерінде жастарды әдепті, сабырлы, шыдамды болуға, сөз қадірін білуге, еңбек етуге шақырады, – дей келе, үстіміздегі жылы Абайдың қара сөздері қырғыз тілінде кітап болып жарыққа шыққанын, қазіргі таңда қызу оқылып жатқанын айтты.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы, тарих ғылымдарының докторы Ғани Қарасаев Абай мұрасы кеңінен насихатталып келе жатқанымен, Абай арқылы әлемге қазақ халқын әлі күнге дейін таныта алмай келеміз деді. Осы ретте, ғалым Абайдың шығармаларын әлемнің орта мектептерінің оқулықтарына енгізу мәселесін қолға алып, рейтингісі жоғары шетел журналдарына Абай туралы мақалаларды, монографияларды жиі жариялап тұру қажет деген пікірін жеткізді.
Филология ғылымдарының доценті Женишкуль Хулхачиева Морис Торез атындағы Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінің ректоры жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Конференция жұмысы одан әрі секция отырыстарында жалғасып, ғалымдар Абайдың тұлғасын әлемдік ғылым, мәдениет және гуманитарлық ынтымақтастықпен байланыстыруға бағытталған, Абай болмысын ашатын ғылыми мәні зор, мазмұнды баяндамалар жасады.
Ұлы ойшыл ақын Абайдың жауһар мұрасы жайында заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай үні, Абай тынысы – заман тынысы, халық үні. Бүгін ол үн біздің де үнімізге қосылып, жаңғырып, жаңа өріс алып тұр» деген ғибратты сөзі бүгінгі заманауи қоғамда жалғасын табуда. Ақмола облыстық әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылған ғылыми конференцияға еліміздің көрнекті зерттеушілерімен бірге, шетел ғалымдарының, қоғам қайраткерлерінің де қатысуы Абайдай ұлы ақынның, кемеңгер ойшылдың асыл мұрасын насихаттаудың өрісін кеңейтіп, оны әлем халықтарының рухани игілігіне айналдыруға одан әрі ықпал етеді деп сенеміз.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.