Қасым-Жомарт Тоқаев:
Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс.
(Қазақстан халқына Жолдауынан).
Ұлы Абай – біздің еліміздің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол – қазақтың жан дүниесінің тұңғиығына бойлаған дара тұлға. Оның өлеңдері мен қара сөздері – ұлттық болмысымыздың айнасы. Абай жаңа әдебиетіміздің негізін қалаған ақын ретінде ел тарихында айрықша із қалдырды. Оның еңбектері бір ғасырдан астам уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтқан емес. Әлі күнге дейін баршамызға рухани азық болып келеді. Ақынның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы – халқымыздың және жаһан жұртының асыл қазынасы. Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы.
(Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішін ашу
салтанатында сөйлеген сөзінен).
Дүниені өзімізше танып, ой тоқтатқанша жарықтық Абай өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде өз заманы қазақтарының мінезі мен ниетін, қылығы мен қулығын, ғадеті мен әдебін, білместігі мен білімсіздігін, надандығы мен арамдығын, бірінің біріне қаскүнем болмақтығының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтіндігін, рас сөзінің аз болатындығы сияқты өзге де бір қылықтарына күйініп, сол жайында ашынып, кейде ызамен де жазған болар деп ойладық. Тіпті, Абай хакім өзінің тоғызыншы сөзінде «Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?», –
деп несіне торығып, несіне тосылып, несіне таусылды екен деп те ойлағынымыз өтірік емес-ті. Өйткені, біздің санамызда жиырмасыншы ғасырдың 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейінгі орныққан социалистік қоғам халқымызға жаппай білім беріп, Абай заманының надандығынан құтқарды деп ойлаушы едік. Және де көп ұлтты халықтың арасында тұрып, өмір сүріп, еңбек етіп сол көп те және де түрлі халықпен араласып, өзіміздің ойымызды да, бойымызды да түзеп алғандай сезінгеніміз де бар.
Абай хакім айтқанындай, «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының» (үшінші сөз) басты себебі кешегі Ресей патшалығы қазақ сахарасын емін-еркін билеп-төстемек пиғылымен қазақтың бірлігін алу үшін біріне бірін айдап салып отырған ғой деп те топшылап жүрдік. Орыстың «бөліп ал да, билей бер» саясатының жүргені де рас, оның олар үшін нәтижелі болғаны да рас.
Солайы солай болды десек те, сол қазақтың бойындағы тағы да Абай айтқанындай, «рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?» деген сауалды ой осы күндері, қазір де сана түпкірінде қылаң беріп отыратыны да бар. Сөйтеміз де, «қазақтың жақсы да көретін, жек те көретін мінезі қайсы осы күні?» дегенге бой ұсына береміз. Алайда, қазіргі қазақтың бойындағы бір мінді айтсаңыз болды, ондайды, яғни, айтқан жан иесін ағаш атқа теріс мінгізіп қоятындардың өре түрегелетіндіктерін де көріп жүрміз. Айтпайтынымыз да сол. Қазақтың бойы мен санасындағы кемшін тұстар, тіпті сорақылықтар ел тәуелсіздігі жылдары тіпті де анық таныла бастады.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз!–
деп Абай кезінде осыны айтты, адамдықтан кетірер бес дұшпанды дөп басып айтты. Және де сол Абай: «жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып» деп те ашына да, ашыла да сөйлеп кетті. Біз түгелге жуық осы бес дұшпанның арбауы мен жалмауынан қазір де арыла алдық па? Жақсының жағасынан ала түсер кеселден де арылдық па? Не десек те, ақыл-парасат, білімімен де елі мен халқына адал қызмет жасаймын деп жүрген талай жайсаңдарға, Абайша нақтыласақ «жаны аяулы жақсыға» ит қосып, оларды жарға жықсақ та, шашасына шаң жұқтырмаған талай жүйрігінің де басына сойыл да жұмсап, оларды орға жықсақ та, әлі де жауығамыз, әлі де бір-бірімізге кіжінеміз. Осы бір әлеуметтік-психологиялық кеселдің түп төркіні қайда екеніне ой көзімен тереңдеп бара алдық па? Себебін түсіндіре алмасақ та, салдарын осы қазақ бір кісідей көріп келеді. Бірақ, ойланған, тартынған адам шамалы.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауынан жалпақ жұртқа қарата қойып отырған Абай айтқан «бес дұшпанның арбауы мен жалмауынан арыла алдық па?» деген бір сауалдың жауабы алдымыздан шыққандай болады. «Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді, – дейді Президент өз Жолдауында. – Жауапсыздық, немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр».
Мемлекет басшысы өз Жолдауында тұтас бүкіл елді қасіретке ұрындыратын, бүгінгі қоғам дамуын тежейтін кеселді орынды айтып отыр деп санаймыз. Біз тәуелсіздік берген еркіндікті пайдаланып, тым еркінсіп кеткен жоқпыз ба деген күдік ойдың бар екенін жасыра алмаймыз. Азаттықты бағалай білуде де ағаттық кетіп жатқандай көрінеді. Ата-бабамыздың ежелгі той жасау, сән-салтанат құру дәстүрін дамытып алып кете алдық та, адал еңбекпен мал табуға қабілетсіз болып қалдық. Біздің айналысатын нақтылы кәсібіміз жоқ. Содан да болар, ысырапшылдық, даңғазалық, жауапсыздық, немқұрайдылық, бос сөзділік, мақтаншақтық сияқты қылықтар осы күнгі қазақтың мінез кеселіне айналып барады. Берекесіз бола түсуімізге осы қазақ елінде өтіп жатқан берекесіз тойлар да ащы тұздық болып отырғандығы және де бар.
Ендігі жұрттың сөзі ұры-қарлық,
Саналы жан көрмедім, сөзді ұғарлық.
Осы күнде, осы елде дәнеңе жоқ,
Мейір қанып, мәз болып қуанарлық,–
деген Абай сөзінің дәл қазіргі, жиырма бірінші ғасырдың бел ортасына жақындап қалған тұста алдымыздан қайра шығып отырғандығы жаныңа у болып тамады. Сонан да болар қазіргі жастарымыздың өз елімізде тұрақтамай, шет ел асып жатқандары, болмаса сол шет елге кету аңсар-ойларының бой алуы. Мал табарлық кәсіпті өз елінде жасай алмау барлығымызды ойлантуға тиіс.
Және де Президент Жолдауының «Ұлттың жаңа болмысы» атты бөлімі осы құжаттың ең бір маңызды да өзектісі екендігін айта отырып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Жаңарған ұлт қана жаңғырған елдің жетістігін жаһан жұртына таныта алады», – деуі де тегін болмаса керек. Бұл ұлт болашағын терең ойлаудан туған ой деп қабылдар едік те, тағы да Абай хакімге жүгінер едік. Сол қайран Абайдың: «Жұртым-ай, шалқақтамай сөзге түсін, ойланшы, сыртын қойып, сөздің ішін», – деп күйзеле, тәпіштей айтқанын оқысақ та, түсінбеген сырдаң қалпымызбен неге айни алмай келеміз? Қазіргі қатал ғасырдың жаһандануының жыланша жылжып келе жатқан қаупі мен қатерлі жағдайында осы күнгі дүние білімін алып жатқан халқымыздың Президенттің «Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымымыз да өзгеруі керек», – дегеніне терең зер салсақ етті. Абзалында Абай үні де, Президенттің айтып отырғаны да жалпақ жұрттың санасында жаңғырып тұрса етті деп ойланасың. Өйткені, өзгенің данышпандары мен ғұламаларын тыңдап, солардың айтып кеткендерін жатқа соғатын қазақ баласы енді өз Абайының, өз данасының айтқанына ден қойып, құлақ аса білсе, Абай ілімі бізді адастырмасы хақ! Және де сол данышпан Абай: «…Біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді… Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді… Орысқа да күлуші еді…», –
дей келіп, сонау 1890 жылы жазған өзінің екінші сөзінде «Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһары жауласпайды! Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Әке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп сол айдап кетіп тұрды ғой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық – бәрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, әсем де соларда», – деп баяғы қазақ күле қараған халықтардың қазақтан мал табу, сауда жасау, өнерлі болу жағынан да озық болып кеткендігін сүйіне де, күйіне де қағазға түсіріпті. Өзгеден өнері де, білімі де кемшін түспейтін қазақтың етегінен тастай қылып ұстаған енжарлық неге ұлттық мінезімізге сіңісті болуы керек?
Әлқисса, осы арада «екпеген егіні жоқ, шығармаған жемісі жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі әуре болып, біріменен бірі ешбір шаһары жауласпайды!» дейтін Абай сөзін 130 жылдан соң қайра жаңғыртып Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2020 жылдың 25 маусымында, «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында («Қазақ халқының тағдыры тарих сахнасында тұр») көрші мемлекет халқы жайлы: «Өзбектер қоғамдық қатынастарды саясиландырмай, еңбек пен саудаға басымдық беріп, ХХ ғасырдың бас кезіндегі аз ғана халықтан қазір Орталық Азиядағы ең үлкен ұлтқа айналды. Сондықтан, ұлы Абайдың өзбек халқына қатысты айтқан парасатты ой-пікірі қазіргі технология ғасырында да өзінің өзектілігін жоғалтпағанын байқаймыз. Өзбектер саясатқа құмар емес, олар еңбек еткенді құптайды. Бұл ел көшеде ұрандатып шеруге шығып жүрген жоқ. Қайта жасампаздыққа жетелейтін еңбекпен айналысып жатыр», – дейді.
Бүгінгі күннің бір ақиқаты осы, міне! Ал енді осы күндері біздің ел өзбексіз үй де сала алмайтын, не сол үйін жөндеп кіре де алмайтын, өзбексіз шаруасы ілгері де баспайтын болғаны да шындық емес деп, кім айта алар?! Шынын айтқанда, өзбектер өз еңбегімен де, өз кәсіптерімен де әлемге танымал ұлтқа айнала білді. Шенқұмарлық пен атақ шығармақтық біздің бойымыздағы қарапайым қалыпты әбден бұзып бітті. Қазақтың көбісінің жұмсақ тақты іздейтіні несі?
«Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», – деген (төртінші сөз) Абай хакім айтқанды, болмаса Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған: «Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн», – деген қағиданы қалайша іске асырамыз? Міне, бізді осы ойландырса етті!
Ал, енді осы арада «қазақ жұмыс істей алмайды» деген кешегі кеңестік заманнан орныққан ойдан қоғам да, әркім өзіміз де, сонымен бірге жұмыс беруші де арылуға тиістіміз. Бұл – басты нәрсе. Көбіміз масылдық психология қазақтың қанына сіңіп кеткендей көреміз. Мен онымен келіспеймін. Осы бір «қазақ жұмыс істей алмайды» деген кесел сөзді пайдаланып, қазіргі кезде бар жұмысқа алмай, қазақ баласын кеудесінен итеріп тастау жайлары жоқ емес, бар. Өйткені, солай ете отырып, қазақ баласын тек ақысы төмен небір ауыр жұмыстарға алатыны болмаса, шет елдік компаниялар да, өз еліміздегі түрлі диаспора өкілдері құрған фирмалар мен кәсіпорындар да негізінен өз қандастарын көбірек тартатыны да жасырын емес осы күндері. Бұл жай Қазақстанның әр өңірлерінде талай бір әлеуметтік текетірестерге де апарып жүрді.
«Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол», – деген Абайдың отыз үшінші сөзіндегі осы жай осы күндері маңыздырақ бола түсері де бар. Біз кешегі ата-бабаларымыздың не бір талай-талай тамаша қолөнерін ұстай алмай қалдық. Енді соларды, яғни, халқымыздың қолөнерін қалпына келтіруді қолға алу бүгінгі баланы еңбекке баулудың бірден-бір жолы екендігін ұғына білсек етті.
Осы орайда Президенттің Жолдауында балаларға арналған түрлі үйірмелердің жұмыстарын жандандыру және де қолөнерге үйретуді дамыту қажеттілігін атап көрсетуі де алдағы уақытта Абай айтып отырған «қолөнерлі қазақтың әулиесін» тәрбиелеп, өсіріп шығарудағы маңызы айрықша болмақшы. Тек бұл мәселе бос сөз болып қалмаса етті дейміз. Әзірге біздің халық өнерді тек айтыс ақыны болу, әнші немесе биші болу деп түсініп жүрген сыңайлы. Әрине, бұл өнер де адам бойына туа бітті даритыны бар. Алайда, кей-кейде сол туа бітті қасиет бар ма, жоқ па, соған қарамай дарынсыз өнер иелерін қаптатып алғанымыз да ақиқат. Әлде бұл келеңсіз жай соңғы жылдары той-томалақтың тым көбейіп кеткендігінен бе екен? Кей жағдайда ойын-тойдың көптігінен сол тойыңды басқаратын асаба, тойда ән салатын әнші мен билейтін биші таба алмайтын жағдайға түсіп, сергелдең болатын кездер де бар қазақ баласында. Содан да болар, той басқарудың бәсі артып та кетіп жатты емес пе? Жұрт тіпті қай әншінің, қай асабаның той басқарғаны үшін алатын ақысын да жатқа соғатын болды. Осы жайдың өзі балам асаба болсын, тойда өлең де айтып, би билеп ақша тапсын дейтін пиғылда болғызып, өзге мамандықтардың да барлығын ұмыттырып жіберген жоқ па? Бұл да Абай айтқан даңқ пен дақпыртқа үйірлігімізден болған жай дер едік. Не десек те, баланы өзге мамандыққа бейімдеу, үйрету жағы әлі де бәсең. Қазақ баласы неге өз баласын Абай айтқан «Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, – дейтінін (жиырма бесінші сөз) неге ұғынбай отыр?
Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру және де тұтас ұлт сапасын арттыру мәселесі тәрбиеге де тығыз байланысты. Тәлім мен тәрбиені ақсатып алғанымыз рас. Әсіресе, әр отбасының бұл арадағы орнын ешкім де жоққа шығара алмасы да анық. Ұлттық құндылықтарымыздың ішіндегі ең маңыздысы да осы отбасының құндылығы еді. Алайда, ол да аяқ асты болып бара жатыр. Біз тілі де, діні де, өмірлік ұстанымдары да жат халықтардың әдеттері мен қылықтарын бойымызға тез сіңіріп алдық. Қазақтың ескілігінде де естілік барын ескермедік. Өзіміздің тамаша және де адами зор қасиеттерге негізделген салтымыз бен дәстүрімізден безініп кеттік. Себебі сол салт-дәстүрімізді білмегендіктен де өзімізден өзіміз жеріп жүрміз.
Бізді Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы «Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс, – деген осы «күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз» қалай өзгеруі керек және де қазақ қоғамында қандай жаңа қағидаттар және қандай жаңа бағдарлар салтанат құруы қажет деген сауал үлкен ойға жетелейді. Расында да қалай өзгерсек екен, қандай қағидаттар мен ұстанымдар салтанат құруға тиісті?
Осы сауал төңірегінде ойланып, толғанған сәттерде бұл күндері және болашақта да қажет болып тұрған «күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз» ең әуелі әр отбасында, тіпті тал бесікте қалыптасқаны абзал деген ойға тоқтар едік. Кезінде Мұхтар Әуезов те «ел боламын десең бесігіңді түзе» дегенді де осы ұрпақ тәрбиесін тереңінен ойлағандықтан айтқандығы деп ұғынамыз. Бұл мәселе қазіргі уақытта да біздің ұлт үшін өткір әрі өзекті болып қалып отырған мәселенің бірі. Өйткені, қазақтың бала тәрбиесінің бесігі солқылдақ тарта бастағаны да бар. Оның біраз себебі де бар… Қоғам және сол қоғамның адамы да түзелуі үшін ең әуелі ер-
азаматтың түзелгені де абзал деген ойымызды кезінде айтып, жазған да болатынбыз. Әлі де сол пікірдеміз.
Қазіргі жағдайда ең әуелі негізінен ер-азаматтарымыз мал табуға қабілетті және ынталы болса керек-ті… Әлі де болса, «Кеттің-ау, ең болмаса мал баға алмай» болмаса «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын, Бірінің бірі шапшаң ұқпас сөзін», – деп айтқан Абай өкінішінің бүгінгі қазақ қоғамында кездесіп тұратындығы да, алдымыздан шыға беретіндігі де жасырын емес. Әр қазақ осыны ойлануы қажет. Өмір сүру философиямызда, күнделікті дағдымызда, мінез-құлқымызда, ойлау өремізде данышпан Абай айтып, ескертіп кеткен әрбір ғақлия сөз жемісін беріп тұруы керек. Сонда ғана біз нағыз қазақ болатынымызға, арлы, ойы қазақ болатынымызға еш шүбә болмас еді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтып отырған жаңа ұлт болмысын қалыптастыру үшін Абайдың отыз сегізінші сөзіндегі: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білерсің!», – дегенін бүгінгі ұрпақ санасына сіңіріп отырғанымыз әбден абзал болар еді. Абай хакімнің бұл айтқаны бүгінгі отбасының ұрпақ тәрбиесіндегі және әрқайсымыздың ұстанымымыз болса керек-ті. Және де осы отыз сегізінші сөзінде Абай «Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады», – деп адам баласын қор қылатын «надандық», «еріншектік», «залымдық» қандай қасіретке ұрындыратындығы жайлы ғақлиясын, яғни, ақыл сөзін отбасы тәрбиесінің тағы бір өзегіне айналдыра білсек, осыны өз ұрпағымызға айтумен бірге халқымыздың санасына сіңіре білсек ұлтымызды жаңа сапаға көшірудің бір тетігі болары да анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мен халқымыздың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттерінің көбірек болғанын қалаймын», – деген аңсарлы сөзін өз Жолдауында тегін айтқан жоқ деп білеміз. Алайда, қазақтың әлем үлгі тұтарлық жақсы қасиеттері көбірек болуы үшін әлі де балса Абай айтқан «Һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», – деген үшінші сөзінің қағидаларын ескергеніміз де жөн шығар. Өйткені, бойымызда осы кеселдер бар болса, олар біздің жақсы қасиеттерімізді өрге бастыра да қоймас деп ойлаймыз.
«Біраз сөз бұдан бұрын көп айтқанмын, түбін ойлап уайым жеп айтқанмын», – деген Абай хакімнің сол уайым жеп айтқанын терең ой санамен зерделей білсек және де Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз бәсекеге қабілетті мемлекет болу үшін Абай мұрасын естен шығармауымыз керек. Себебі ұлт ретіндегі жаңару идеясы да оның көзқарасымен үндесіп жатқаны анық», –
дегенін («Егемен Қазақстан», 10 тамыз 2020 жыл) алға тартсақ, біз үшін Абай мұрасын естен шығармау, оны күнделікті өмірде қолдана білу мәселесі өзекті бола түсері анық.
Бұл орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлы Абайды ұлттық болмыстың үлгісі, мемлекет ісінің мүдделесі, жаңа қоғамның жанашыры деп тануы және солай деп қарастыра отырып, Абай мұраларын тәуелсіз еліміздің ұлттық идеологиясының арқауы етуге және ұлттық ұстанымына айналдырып, орнықтыруға деген қадамы мен бағытын жоғары бағалаймыз. Және де Президентіміздің осы қадамы мен бағыты, ұстанымы бүгінгі күні «құлақ асатын мемлекет» жағдайында ең әуелі өз халқымыздың, соның ішінде әсіресе, өз еліміздегі барлық мемлекеттік қызметшілердің ұстанымына айналса етті дейміз! Әрине, ол үшін Абайды білу керек, Абайды тану керек! Сол Абайды білу мен тану биылғы «Абай жылымен» ғана шектеліп қалмай, Абай мұрасын өз ғұмырымыздың күн сайынғы ой мен бой түзеудің адастырмас темірқазығы деп танығанымыз абзал. Тіпті алдағы жылды «Абай қарасөздерінің жылы» деп танысақ та болар еді. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп!» өсиет айтып кеткен Абай жалғыз қазақ баласын ғана емес, барша адамзатты адастырмас әлем аспанындағы Темірқазық!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі.