Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғау қызметінің 25 жылдығына орай, Көкшетау техникалық институтының жеке құрамымен ардагерлерінің салтанатты сап түзеуі болып өтті.
Шарада құттықтау сөз сөйлеген аталмыш білім ордасының басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Сырым Шәріпханов институттың жеке құрамы мен ардагерлерін осынау мерейтоймен құттықтап, құтқарушы құрметті атағына лайық болуларына тілектестігін білдірді.
Сондай-ақ, ол Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің ішінде офицерлердің басым бөлігін Көкшетау техникалық институтының түлектері құрайтынын атап өтті. Бүгінгі таңда аталмыш білім ордасы болашақ өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды даярлайтын еліміздегі баламасы жоқ мамандандырылған жоғары оқу орны болып табылады. Институт құрылғаннан бері оның қабырғасынан 5 мыңнан астам мамандар түлеп ұшты. Олар еліміздің түкпір-түкпірінде жауапты және күрделі учаскелерде қызмет етеді, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғап, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Осы ретте, институт басшысы ардагерлерге мамандыққа адалдығы, жас мамандарды тәрбиелеп, олардың жоғары адамгершілік құндылықтарын, патриоттық сезімі мен Отанға деген сүйіспеншіліктерін қалыптастырғаны үшін ерекше ризашылығын білдірді.
Шарада еңбекте жоғары нәтижелерге қол жеткізгені, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін және азаматтық қорғау органдарының 25 жылдығын мерекелеуге байланысты институттың бірқатар қызметкерлері, ардагерлері мен курсанттары, соның ішінде Көкшетау, Ақтөбе, Шымкент және Өскемен қалаларының өңірлік оқу орталықтарының қызметкерлері Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Юрий Ильиннің Құрмет грамотасымен, Көкшетау техникалық институты басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты шарада институт ұжымы осы оқу орнының ардагерлері, азаматтық қорғау полковниктері Ақылбек Бейсеков, Қалижан Нарбаев, Мейір Сағденовті құрметті демалысқа шығарып салды. Мерейтойлық шара оқу орнының курсанттары мен «Достар» мәдениет сарайының шығармашылық ұжымы ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.