Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетауға алғашқы қар жауды!.. - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетауға алғашқы қар жауды!..

Кеше Көкшетауға алғашқы қар жауды. Жапалақтап, толассыз жауды. Көптен бері көңілінде жүрген кірбің ойдан арылғысы келген адамның мұң-шері сияқты. Лақ етіп, бір мезетте айналаның барлығын аппақ нұрға бөледі де, жоқ болды…

Алдымен, көк аспаннан үзілген аппақ қарлар бейне бір ақ көйлек киген әдемі қуыршақтардай, шыр көбелек билеп жатқандай көрінген. Сұлулыққа тамсанғандардың бірі едім. Ақ қардың жылағанын кейін сездім. Аспанға алақанымды ұмсынып, ақ қуыршақ қызды ұстаймын дегенде, қолыма қонбай еріп кетті. Көз жасы қалды ма, қолымда кім білсін, алақаным жасқа толды…
Аспанға ұзақ қарап тұрдым. Құс қанатын сермеп кеткені қашан. Ақ ұлпа қарға ілесіп көңілім де алып-ұшып жатқандай. Жүрекке жасырған аппақ арманым өрекпіп, кеудемді жарып жіберердей көңілді сол сәтте-ақ, ақ жауын етті. Көңіл құлазыса болғаны ойға бірден өлең оралады.
Қарашада өмір тұр,
Тоқтатсаң тоқсан көнер ме?
Арттағы майда көңіл жүр,
Жалынсаң қайтып келер ме?
Майдағы жұрттың іші — қар,
Бәйшешек қарға өнер ме?
Ішінде кімнің оты бар.
Қар жауса да көнер ме? – деп Абай атамыз айтпақшы, жүрек «қар жауса да көнер ме?». Иә, отты жүрек ешнәрсеге мұздамайды. Алғашқы қардың қазан айында жауғанына қарағанда биыл Көкшетауға қыс ерте түсетін сияқты деген ойдың қылаң еткені сол еді жаныма алып-ұшқан ақ қардай орыстың әдемі бір қызы жайғаса кетті.
– С первым снегом Вас! – деді әлгі орыстың қызы маған жайдары.
Ілтипат танытып, жымиған болдым. Ол болса жапалақтап жауған қарды суретке түсіріп әлек. Блогер болар, шамасы.
Жапырағы әлі түсіп үлгермеген ақ қайыңдар жабырқаулы. Қыстың қаһарына жасыл желек шыдамасы анық. Иә, рас жайраңдаған жаздай жасыл күндермен кімнің ерте қоштасқысы келеді дейсіз?! Таңнан тұрсам, кешегі қарға түнде тоң қатқан сияқты.
…Сонымен, жылаған қар ма, мендегі жүрек пе? Сұп-суық, мұздай орындыққа отыра кеттім. Бірақ, қардан ондай ызғар сезілмейді. Алғашқы қар ғой!..
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар