Марфуға ақынның қос томдығы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасының «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша белгілі ақын Марфуға Бектемірованың таңдамалы шығармаларының екі томдығы Нұр-Сұлтан қаласындағы «DATA-TIMES» баспасынан жарық көрді.

Әр томның көлемі 25 баспа табақ, таралымы 3 000 дана. Бірінші томының басында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов, академик Ақселеу Сейдімбек, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа-
ты Қойшығара Салғара, Халық Қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлы, филология ғылымының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, жазушы Айгүл Кемелбаева секілді танымал тұлғалардың, сондай-ақ кезінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары болған, бүгінде «Nur Оtan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың, қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы, ақын Серік Жетпісқалиевтің жылы лебіздері берілген. Мұнда Марфуғаның нәзік сезімге толы сыршыл да ойлы жырлары мен поэмалары топтастырылған. Қазіргі қазақ поэ-
зиясында өзіндік үні, айшықты қолтаңбасы бар ақынның жауһар жырлары адамдарды жақсылыққа, ізгілікке жетелейді, оларды мейірімділікке, парасаттылыққа, ұлттық құндылықтарымызды қадірлеп, Отанымызды сүюге тәрбиелейді.
Екінші томның беташарында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, филология ғылымының докторы Сәуле Тапанова, ғалым, профессор Жанат Әскербекқызы, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Қазақстандағы филиалының филология кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы Галина Власова сияқты авторлардың және басқаларының ақын Марфуға Бектемірованың шығармашылығы жөнінде әдеби тұрғыдан жан-жақты талдау жасалып, жоғары баға берген пікірлері, сондай-ақ, арқалы ақындар, халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При жүлдесінің екі мәрте лауреаты Алмас Темірбай мен көптеген республикалық, халықаралық айтыстардың жеңімпазы Арман Бердалиннің арнау өлеңдері жарияланған. Марфуғаның қиыннан қиыстырып жазған философиялық, әсерлі төрттағандары да осы кітапта жинақталған. Ақын өмірге, қоғамға, адамгершілік қағидаларға платондық көзқараспен қарап, әр адамның жүрек түкпірінде бір-бір алып Атлантида іспетті жұмақ дүние тұнып жатыр, соны жоғалтып алмайық деген ойды төрттаған жыр жолдарымен жеткізеді. Сондай-ақ, осы томға Марфуғаның тартымды әңгімелері мен оқшау ойлары, орыс тіліне аударылған өлеңдері де енгізіліп отыр.
Өмірден ерте кеткен ақынның тәрбиелік мәні зор терең мазмұнды, шебер тілмен жазылған тағылымды шығармалары оқырмандардың көңілінен шығады деп ойлаймыз. Ең бастысы, жас кезінен талантымен көзге түсіп, елге танылған Марфуға Бектемірованың таңдамалы шығармаларының қос томдығының мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көруі сан қырлы дарын иесінің рухына жасалған тағзым іспеттес.
Ежелгі Көкше өңірінде туып-өскен, осында еңбек жолын бастап, қияға қанат қаққан Марфуға Бектемірова ақтық демі біткенше халқына қалтқысыз қызмет етіп, артына бай мұра қалдырып кетті. Туған жері – көгілдір Көкшетауды, сұлу Бурабайды, асқақ Оқжетпесті, тылсым сырларға толы Жұмбақтас пен Жекебатырды, зерлі Зерендіні жауһар жырларына арқау етіп, солар жайлы әсем әндер шығарып, елінің абыройын көтерді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар