Өкініштер…

Жыр-керуен

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ

Өмірімде өкініш көп,
Бәріңде де солай ма?
Мойыныңды кейін бұрсаң,
Қарлы боран борай ма?

«Өткен» деген бүгінің ғой,
Бүгін түзел қалайда!
Ертеңге ала кетуіңе,
Бүгінгі ісің жарай ма?

Сәл кідіріп, бөгелуге,
Менмендігің қарай ма?
Бүгін-мәзсің, ертең өксіп,
Өкінесің алайда!..

Өкініштер…

Не деген көп едіңдер?
Көңілді аттап кеудемсоқ жөнедім бе?
Менмендіктің алқынтып сор мақтаны,
Ескерместен кеттім бе дәлелін де…

Ықтысынын паналап керегінде,
«Ұмытпаймын, ешқашан!» демедім бе?
Жақсылығын талайдың ұмыттым -ау,
…Көрсеткенін Құдайдың көремін де!

Көзім байлап, қолтықтап, демедіңдер,
Өтпелі бір шаттыққа бөледіңдер.
Бірақ, жауап беретін өзім екен,
Мендік ардан ақысын төледіңдер!

Бәрі, бәрі тізімде, өлеңімде,
Тек жақсылық жасаумен келемін бе?
Өткеніне өкінбес пенде бар ма,
Бәрі өкініп өле ме, өлерінде?!

Арды аттасаң қалқа мен алқа дайын,
Өзеуресең ақ, қымыз, марқа дайын.
…Кейде өзімді сезінем, ебедейсіз,
Жайықтан шығып қалған жаңқадайын!

Бүгін өлем демеймін, ертең өлем,
Көңіл хошын сыр қылып шертеді өлең.
…Бірер тиын артықтау берген жөн-ау,
Сараңсынып сәтіңнен кем төлеген…

Өкініш пе…
Алдырмайтын бекініс!
Жау кеткен соң…
Жұлқынғанның несі күш?
Өкінішсіз өмір сүрсең

Сол бақыт!
Өкінішті айта алмау да өкініш…

Өкінішті айта алмайсың бет ашып,
Өкінішті тойғызбайсың ет асып.
Ішіңді өрттей күйдіргенде, сен бейбақ,
Сезбеген боп тас бүркеніп жатасың!

Өтті, кетті, өткен іске не істейсің,
Қайығыңды қайта кері еспейсің.
Өкініштің амалы жоқ, емі жоқ,
Өз қолыңды өзің ,сірә, кеспейсің!

Өкініш  ол жазалаушың, қарақшың,
Аямайды көзіңнен жас , қан ақсын!
Селт етпейді шаншып жатса жүрегің,
Қарамайды ол, мейлі ұйқысыз таң атсын!

Өкіндірер көп қадамдар…
Өкінбес қай шамаң бар?
Мына өмірде бақыттылар-
Өкінішсіз адамдар!

Кейде адамды бұла күш пен
Сезім, әсер билейді,
Ондай кезде ақылыңа
Сірә кезек тимейді.
Кейде ашуың бұрқ-сарқ етіп,
Ешкімге бас имейді.
Әділ сөзді күлпарша етіп,
Ескермейді түйгенді.
Кейін әттең, сол қылығың,
Сені құм ғып илейді.
Ал өкініш рақымды
Кешірімді білмейді.
Сен кезіккен күйзелісті
Көзіне де ілмейді!
Ұмыттыру өткен істі,
Миына да кірмейді.
…Өкінгеннен еш пайда жоқ,
Өртен мейлі, күй мейлі!
Өткеніңнің өрескелін
Білме мейлі, біл мейлі!
Тасқа ұрсаң да маңдайыңды,
Еш шапағат тимейді…

Сан сауалдың салмағы езген,
Санам қашан жәй табар?
Көлеңке іздеп жайдақ сөзден,
Жағдайым жоқ жайқалар.
Мейіріммен себер нұрым,
Әр күн сайын қайталар.
Өкініштің зәһар уын,
Осы амалым қайтарар.
Көңілімнің бақшасында,
Әсем гүлдер жайқалар.
Адал еңбек – жақтасым бар,
Бұл сырымды айта бар!
Мен де бір кез ұл болғанмын,
Ауыл-елі мақтаған,
Маңдай термен нұрланғанмын,
Өнегем сол – шаттанам!

 Үлкен бақыт өмірдегі,
Алғыс алар шақ маған.
Иен байлығым баталарым,
Бар қазынам сақтаған!

Адал еңбек алып шығар,
Адал ниет-жақтаған.
Өкініштің табын жояр,
Алау жырым баптаған!

Жастық шақты жатамыз жырға теліп,
Көп есірдік , алайда, жын көтеріп!
Өкінішке соқтырған жастық желі,
Үлкендерді тыңдамау бір қателік!

Адастырды жастықтың құр қиялы,
(Ақыл айтсаң жастарға бұртияды.)
Ал, өкініш артынан жасырынған,
Қателіктің құлағы қылтияды!

Талай жылды өткіздік жоққа сеніп,
(Іш өртеніп, бүркеніп жатпас едік!)
«Өзім білем» дегендік орға жығып,
Жастық шақта кетеді көп қателік!

Бәрі өтеді ақырын,
Күзің, кешің…
Өкінесің өткенге бүгін несін?
Қорған болар бәріне қалқаның бар –
Ата ғұрпың, дәстүрің үзілмесін!

Жас кезде
Сен үлкенді тыңдамадың,
Үлкейіп ең
Сені жас тыңдамады.
Бұлқынбаса
Жас көптен құр қалады,
Тәуекелмен
Жас өмір нұрланады!
Қысқа өмірде сүріну,
Түрегелу,
…Бұл өмірдің, шамасы,
Шырғалаңы.

Кім беделді, бүгінде,
кім бағалы,
Қай қасиет
Ұлтыңның құндағаны?
Жастық неге қатерге басын тігіп,
Кәрің неге
Жер шұқып мұңданады?

Өкінішсіз өттің бе,
Шын ба бәрі?
Осы ән бе еді,
Бұрыннан тыңдар әнің?
«Оралыңның барында ойна да күл»,
Базарында жастықтың кім қалады?
Сонысымен өмір ме,
өмір әлде,
Жасты тыңдап,
Сұрадым кәріден де.
Өкініш те, қате де,
Кезігеді,
Өмір қымбат ,әйтеуір,
Бәрінен де!

Адал жолды таңдасаң-
Сенімге азық,
Несі абырой
Отырсаң төріңде азып?
Ата жолдан адаспа,
Неғылса да,
Ата жолы әрқашан Темірқазық!

Өз өмірің,
Өкін мейлі, өкінбе,
Өз күндерің
Салдыр- гүлдір өтуде.
Өмір-өзен
Ағып жатқан толассыз,
Тұра алмайсың жағалауда, алаңсыз.

Өз өмірің
Жыласаң да, күлсең де,
Төзе білгін
Көнбесең де, көнсең де.
Абырой ал әр күн сайын,
Сол- ерлік!
Абыроймен өлу абзал
Өлсең де!

Абырой ал
Кәрісің бе, жассың ба,
Абырой ал,
Мойынсың ба, бассың ба.
Өмірдің сол бар өлшемі
Мен білген
Есеп емес біреуге дос, қассың ба!

Абырой ал,
ашсың ба әлде, тоқсың ба,
Қара басты күйттегенді
Дос қылма!
Абырой жи
Найзасың ба, оқсың ба,
Абырой жи
Шаласың ба, шоқсың ба?!

Абырой ал, қарасың ба, ақсың ба,
Біреу басқа қонсын деген бақсын ба?
Барлық есеп бір нүктеде тоғысар,
Абырой ал жұпсың ба, әлде дақсың ба?!

Абырой ал кедейсің бе, байсың ба,
Абырой ал Жұлдызсың ба, Айсың ба?!
Абырой ал болсаңда бір мүсәпір,
Сатпа өзіңді тиын-тебен, шәй-суға!

Өктембісің туың тіккен көк шыңға,
Бәйгелерге дүлдүл тұлпар қостың ба?
Абырой ал,
банкеттерге шақырған
Тізімдерде барсың ба , әлде, жоқсың ба?!
Кім опық жеп, көрмей жатыр кім қайғы,
Кейде өкініш өзекті өртеп, қинайды.
Ондай кезде алаңдатпас басқа гәп,
Ойламайсың үш қатарлы үй жайлы.

Ол да пайда…кімге айтасың мұндайды,
Тыпырлайсың куә қылып түнгі Айды.
Өкініш те өмірдің бір сабағы,
Кейде адамды өкініштер шыңдайды!

Отқа майдай қосар болсам тағы да ой,
Жүрсең қорлық-бата, алғысқа жарымай!
Өкінсең де, қиналсаң да, қайтсең де,
Адам үшін бақыт шыңы абырой!

Мамыр, 2026 жыл.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар