АҚТОҒАЙ ДӘПТЕРІ

Ақтоғай, енді түсіндім…

Ақтоғай, саған асық боп келіп,
Ғашық боп кеттім, не керек.
Ақындарыңдай тасып-төккелі,
Өзіңді жырлап керемет!

Ақсораң ба анау, тұра қап түзде,
Қол созған аспан бұлтына?
Тастаған бабам мұралап бізге,
Айбар қып ел мен жұртына!

Биіктен-биік асқақтап алда,
Кеземін ғажап тау ішін,
Аспаның анау сақтап қалған ба,
Манарбектердің дауысын?!

Өткеннің көне сағынсам бәрін,
Айналып саған келем бе?
Әлихандардың, Әлімхандардың,
Рухы айналып төбеңде!

Әсеттей анау – тұғырлыларың,
Жалғаған көкте жұлдызға ән.
Не қасиетің бар, ұлыңның бәрін,
Өнерпаз қылып туғызған?!

Дәуітәлідей саңлақтарың,
Аламандардан дара кеп…
Мақсат пен Серік, Бағдаттарың,
Шетінен тұлпар қаракөк!

Ұшқынды үрлеп шоқ қылатұғын,
Әулие-абыз пішіндім,
Таланттың сенде көп туатынын,
Ақтоғай, енді түсіндім!

Қызыларай

Қызыларайдың шағылып күнге бүйірі,
Ғаламат әлем, тасы да, тауы не түрлі.
Динозаврлардың жайылып жүрген үйірі,
Бір сәтте қатып, тас болып қалған секілді!

Бедерлі құздар – бұлттарға басы тиіп бір,
Қыналы жартас – басынан қыран аспайтын.
Алапат осы төсінен қалың биіктің,
Бір ғана жол бар – аспанға қарай бастайтын!

Осы бір жолдың тарихын, сірә, кім ұғар,
Осы бір жолдың таусылмас тарих, сыры бар.
Осы бір жолмен сонау бір зұлмат заманда,
Аспанға кеткен Әлихан сынды ұлылар!

Ауыл таңы

Асқарлардың биігін күн аймалап,
Ақ сәулеге бөленді шырайлы алап.
Былай қарап, көремін бір биікті,
Бір сеңгірді көремін – былай қарап!

Әулиетау, әнекей, аясы орман,
Қалың тоғай – тосады саясы алдан.
Осыншама суретті Жаратушы,
Неге әкеліп бұл жерге қоя салған?!

Кімнің жұрты, бұл әлем, ненің елі?
Тарам-тарам таулы алап төңірегі.
Ұйқысынан оянып, күн астында,
Шабанбайдың ауылы керіледі!

Ақсораңнан күн асып, елең-алаң,
Оянады қалың тау, көне ғалам.
Ақтоғайдың осынау таңын көрсін,
Ұлылықты түсінем деген адам!

Киелі өлке, көк күмбез кесенелер…
Көз алдыңнан көп сурет көше берер.
…Ақтоғайдың таңын көр, ей, бауырым,
Сұлулықты түсінем десең егер!

Бір түп ағаш

Талдыбейіттегі қорымда құшақ жетпес жалғыз бәйтерек тұр. Әкесі қайтыс болғаннан кейін, Әлихан бабамыз Бразилия жерінде өсетін осы ағаштың тұқымын Ресейден арнайы әкеліп отырғызған екен.

…Нәпсісімен өзінің құлқына мас,
Бақ берем деп ұмтылдың жұртыңа – алаш.
Жұртың алаш өзіңді түсінді ме,
Біреу үшін сүйегі сырқырамас?!

Сол баяғы қалың ел, жұртың – алаш,
Әлі де сол тойғаны, құлқына мас.
«Ұлы» деген біреуге үміт артсаң,
Боп шығады кейіннен ұлтына қас…

Сол баяғы, Әлеке, жұртың алаш,
Бір күн дұрыс қылығы, бір күн оғаш.
Сол алашқа қалдырдың белгі қылып,
Талдыбейітте осынау бір түп ағаш!

Жекежал мен Желтаудың атырабы,
Өзің басқан өлкенің топырағы.
Жете алмаған арманың, мақсаттарың,
Бағыт сілтеп жұртыңа жатыр әлі….
Осы айтып жалғыз түп бәйтеректің,
Сыбырлайды біздерге жапырағы!..

Бегазы-Дәндібай кешені

Қатар оба, қорған тас – көне тіпті,
Алдымыздан сан аңыз өре шықты.
…Күміс кісе, көн садақ, нәл етікті,
Ғұн өтіпті, бұл жерден Сақ өтіпті!

Ошақ жаққан, от көсеп, ордаланып…
Тарих қалған солардан қордаланып.
Бегазыда бір кезде бесік тербеп,
Босағалы бір жұрттың болғаны анық.

Бұл даланың қоныс боп төсі, белі,
Болғаны анық бір жұрттың несібелі.
Желі байлап жайлауда, көген тартып,
Күрең белге түзейтін көшін елі.

Жұрты осында жоғалған қауымды елдің,
Ізі көрдім тасынан, бәрін көрдім.
Мелшиеді бабал тас маған қарап,
Сырын бүгіп ішіне дәуірлердің.

Хақ-Тағалам – төбемде, көкте – ғалам,
Құзырыңда өзіңнің – өтпе заман.
Баласымын бір жұрттың деп ойладым,
Бегазыдан бүгінгі жеткен аман!

Ақсораңнан бара жатыр күн асып…

(Светқали Нұржанға)

Ей, Светқали бауырым!
Бетімізді бұрар тірлік қай жаққа,
Бұл пәниге келдік пе екен бекер біз?
Ақсораңнан асқан күндей бейуақта,
Қош деп бір күн кетерміз!..

Арқалаған батпан-батпан күнәмен,
Өмір жайлы…
жоқ айтатын әңгімем.
Дегенменен, біз секілді аңқауы мол бір әлем,
Қайтсе-дағы бар білем!

Ол қайда екен деп іздейсің шарқұрып.
Келер-ау деп күн күткен.
Абайлардан қалып қойған артылып,
Бос әуре ме жоқты іздеген тірліктен?!

Бес күн жалған – дүниеге келгеміз,
Алыпқашпа сөзін айтсын ел мейлі.
Өлеңіне ғана сенген пендеңіз,
Өлеріне ешқашанда сенбейді!

Ғапыл ғұмыр, біледі оның кім артын?
Өтіп жатыр күніңе күн ұласып.
Қарашы, әне, құйрығы жез, түгі алтын,
Ақсораңнан бара жатыр күн асып!..

Саят Ыбыраевқа

(экспромт)

 …Жон арқасын көк күмбез – күнге беріп,
Ескі қорым қарайды іргеленіп.
Ескі қорым қарайды іргеленіп,
Есім кетер жүрсем де күнде көріп!

Құлпытасын құмартып Күн жалаған,
Көне мазар, көк күмбез – тұрған аман.
Құндамаған бағасын замандарға,
Құндылығын ешқашан бұлдамаған.

Дәуір, дәуір, дәуірлер – дүбірлескен,
Тарихат боп бүгінге сырың көшкен…
Қолым жайсам, бірге айтып салауатын,
Періштелер төбемде күбірлескен!

Кімде – өкініш,
кімде – арман,
кімде – мұрат,
… Сәске түсте төбеден Күн де құлап.

Бесін ауған мезетте, есім ауып,
Мен де отырам солармен бірге жылап!
Қорым іші бір сәтке жұмақтанып,
Бар дүние айнала шырақ тағып.

Күрсінгенін көк тастың түсініп ап,
Тылсымменен отырсаң сыр ақтарып…
…кім ұғар дейсің бірақ бұны…

Дала – Тарих

(Төлеужан Ахметбеков ағаға)

Қазынасы секілді саналы ұлдың,
Түсінгенге бір кітап – дала бұл күн.
Төбе болып, тау болып, өзен болып,
Тарих жатыр астында табаныңның!

Батысыма қарасам, шығысыма,
Ырыс қосқан сол екен ырысыма.
Ұлы дала осынау, ұлан аймақ,
Пана болған бір кезде ұлысыма!

Бөлек тігіп боз орда-керегені,
Бабам өткен бір кезде белең еді.
Тіл бітсе егер ана көл не дер еді?
Тіл бітсе егер ана бел не дер еді?

Қырға шықсаң бетіңді самал өпкен,
Ғажап еді осынау дала неткен!
Атам қонған ана бел ақ селеулі,
Ана қырдан көшімен бабам өткен!

Тарихым бар, тарихтың жалғасы бар,
Көз саламыз өткеннің таңбасына әр.
Ана жерден асалы әулие өткен,
Жүректе – иман, аузында Алласы бар!

Басқа төніп бір кезде қаралы аспан,
Ана белден аттандап бабам асқан.
Ана көлден азанда ат суарып,
Ана жерде жауымен жағаласқан!

Жалғастырып замана-көш араны,
Талай жақсы жайлаған осы араны.
Ана ауылдан әжеміз келін боп кеп,
Ана ауылда аттаған босағаны!

…Кетті бәрі сонан соң оралмасқа,
Қоғам басқа, бүгінде заман басқа.
Біздер енді осыны іздемесек,
Мәңгілікке барлығы жоғалмас па?

Деп ойлайсың оңаша мұң қамалап,
Мұң қамалап, таба алмай бір қанағат.
Іздейтұғын біреулер бола ма деп,
Дала-Тарих біздерге тұр ма қарап?..

Дала-Тарих – мұрасы ол бабаның,
Жәгерім, қастерлім, қолда барым.
…Перзентісіз сіз-дағы – сол даланың!
Перзентімін мен-дағы – сол даланың!

Сайлау БАЙБОСЫН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар