Көкшетаудың көшесінде

ҚАЛА КЕЛБЕТІ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ

( эссе )

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Республикалық белді бір  басылымның бас редакторы бес жыл бірге оқыған курстасым еді. «Газетіміздің тілшісі Көкшетауға барады. Қолыңнан келгенше көмектесерсің» деп қоңырау шалған. Аға-достың сөзін жерге тастауға бола ма, «құп» дедім. Бақжан деген сабырлы бір азамат екен, Көкшетаудың үстінен өтетін Алматы-Петропавл пойызынан қарсы алдым. Ол – кеше. «Илегеніміз бір терінің пұшпағы» болған соң, түнімен әңгіме соғып, дос болып алдық. Бүгін,  міне, Көкшетаудың орталығы – Абылай хан алаңында тұрмыз. «Тапсырма көп, маған машина керек болатын шығар» дейді, әріптесім. Мен миығымнан күліп: «Керек болмауы да мүмкін. Бұл басқа емес, Көкшетау қаласы. Түнімен айттым ғой…» деймін. «Айтуын- айттың. Бірақ…» дегендей, ол маған күмәнмен қарайды.

– Ал, айтшы, қай жерге бармақсын?

–  Әуелі облыстық әкімдік…

– Ол міне.

– Сосын, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы.

– Ол, әне.

– Облыстық прокуратура.

– Оның әне жерде.

– Облыстық мәслихат

– Міне!

– Бас пошта…

– Міне!

– Ғажап екен, ә?!

– Одан әрі, әне, облыстық сот, юстиция! – деп мен үстемелей түстім. – Машина керек пе екен?

– Жоқ. Керек емес екен…

– Көкшетауды түнімен мақтадым, айттым. Бәрібір түсінбепсің!

– Енді, әңгіме бір басқа…

– Иә, солай! Көкшетау  осындай қала, достым! Өте қолайлы! Мына көшеден ары ассаң, Орталық базарға шығасың!

Мінезі орнықты, сабырлы Бақжан жан-жағына байыппен көз салып, ойланып қалыпты.

Шынында да кешкі шәй үстінде оған қаламыздың тұрмысқа оңтайлы, кептелісі жоқ, ауасы таза, қолайлы қала екендігін қоймастан, мақтанышпен  айтқам. Ол, әрине, «әркім өз қаласын мақтай береді ғой» дегендей ойда болса керек.

Алматыдан келген тілші-дос тереңге тартты:

– Ммм, сонда, Көкшетау туралы әңгімені неден бастау керек?

Мен үнсіз Абылай хан ескерткішіне қарадым. Ол басын изеді.

– Үш жүздің ханын аттап кеткенің болмас!

– Оның рас, әрине. Тарихи романдар бар, Мағжанның поэмасы… Тағы қандай деректер бар?

– «Абылай хан» энциклопедиясы! Сонда бәрі қамтылған.

– Сенде бар ма? Оны қайдан аламыз? Қашан, кім шығарған?

– Абыржыма. Менде бар. 2013 жылы Абылай ханның 300 жылдығына орай осында шығарылған. Қадыржан Әбуевтің редакторлығымен шыққан. 430 бет.

– Керемет! Тарихты Абылай заманынан бері қарай қопаратын болдық! Ол кітабыңның көмегі зор болайын деп тұр.

– Қадыржан Әбуевтің «Науан хазірет» деген кітабын да қара. Осы елдің ерек бір тұлғасы. 2014 жылы «Жасыл орда» баспасынан шыққан. Жанайдар Мусиннің «Жер шоқтығы Көкшетау» деген кітабында да Көкше өңірі туралы қызық деректер көп. «Жалын» баспасынан 1989 жылы жарық көрген кітап. Тағы …биыл ғана мына Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің тарихшы ғалымы Аманбай Сейітқасымовтың «1920-1950 жылдардағы Ақмола, Көкше – Есіл, Атбасар өңіріндегі саяси қуғын-сүргін. Тарихы. Зерттелуі. Тағылымы.» деген монографиясы қолға тиді.  Осы маңайдағы бұрын айтылмаған, белгісіз болған жазалау лагерьлері, діни қайраткерлердің қудалануы, аштық, кәмпеске туралы деректер тұнып тұр. Осы маңайдағы «Нүктелердің» үстінен әрі-бері өтіп жүріп білмеппіз ғой… Сол жылдарғы қуғын-сүргін заманда халықтың шығарған:

Аспаннан түскен жасын-ды,

Жасынға тіктім басымды.

Теңізден маржан сүзгендей,

Теріп бір алды-ау, асылды.

Қаптай да көшкен қауымның,

Қорымы қалды, о жалған.

Ардағы кетіп ауылдың,

Тобыры қалды-ау, о, жалған! – деген өлеңді осы кітаптан оқып таң қалғам. Әлі зерттелмеген тарих жеткілікті көрінеді.

Сосын… бұл енді  Ақан-Біржанның елі ғой. Мәдениет саласын қамту керек. Арқаның сал-серілері туралы соңғы жылдары жазушы-драматруг Жабал Ерғалиев, дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасеновтер том-том кітаптар құрастырды. Естай Мырзахметов, Төлеген Қажыбаев, Жұмабай Есекеевтер кітаптарында да мәлімет көп. Жабал Ерғалиев та осы өңірдің өнерпаздары, ақын-жазушылары туралы көп жазды.

– Ол кісі туралы өзің де «Жабал шешен» деген кітап жазып едің ғой.

– Иә. Ол кісінің қыр-сырын, ерекшелігін ашуға тырыстым.

– Ол енді арнайы тақырып қой. Көкшеге келіп сал-серілер туралы жазбай кету әбестік болар.

– Оның жөн. Міне, мынау облыстық мәслихат ғимаратының  дәл артында Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры тұр. Директоры кино және драма актері Жарас Қалдаров.

– Ата дінді қызғыштай қорғап, ел-жұртқа түсіндірген, ұғындырған білімдер Науанның өмірі, атқарған істерінде қызық жәйттер көп. Абайға хат жазғаны, орыстардың таратқан кітаптары мен крестерін жинап алып, өзенге ағызып жібергені, Ақан серінің бажасы болғаны сияқты. Үкілінің Қызыл жар түрмесінде отырған камерасының қабырғасына толтырып, өлең жазғаны… Ой, қаза берсең, қызық әңгіме жетерлік!

Айтпақшы, сен бағың бар журналист екенсің! Биыл, міне, 2025 жыл ылғи сенсациялар жылы!

– Солай ма?! Айтсаңшы ендеше!- Бақжан төс қалтасынан қойын дәптері  мен қаламын алып, көзі оттай жанып  жазуға ыңғайланды.

Мен ойланбастан тізбектеп кеттім:

– Біріншіден, Наурыз мерекесінде алаңға екі мыңнан астам келіншектер мен әжелер кимешек киіп шығып, «Кимешек шеруіне» қатысып, Қазақстанның Гиннес кітабына енді. Қатысушылар күткеннен де көп болды. «Көкшетаудың жақсы атын шығарамыз» деп құлшынған жандардың намысын көрер көз керек! Өздері кимешек, ұлттық киімдер киіп жан-жақтан алаңға ағылды ғой! Одан кейін көп кешікпей «Шәй ішейік!» деген тағы бір көпшілік қатысуымен өткен шара Гиннес кітабына тіркелді. Екіншіден, неше жыл басталып, бітпей тұрған жағалау құрылысы аяқталды! Іргедегі Қопа көлінің жиегі абаттандырылып, сәулеттендіріліп, керемет демалыс орны пайдалануға берілді. Тұрғындар қуанышында шек жоқ. Айтса- айтқандай, өте тамаша болды. Көл жағасында қыдыруға, дем алуға, спортпен шұғылдануға, суы тазаланып, көлге түсуге мүмкіндік ашылды. Бұрын қала етегін шайып жатқан көлдің қызығын көре алмаушы едік… Үшіншіден, қала тұрғындары көп жылдардан бері биыл бірінші рет таза ауыз сумен қамтамасыз етілді! Ал, таза судың адам денсаулығына қаншалық пайда екенін өзің білесің! Төртіншіден, қала орталығын көл жағасымен байланыстыратын жаңа көше – «Көк шалғын» қолайлы аллеясы ашылды! Көлдің самалы орталыққа еркін жетіп, есіп тұратын болды. Және жол-жөнекей дем алып, неше түрлі өсімдіктер мен ағаш түрлерін көріп, көңілің көтеріліп барасың! Бесіншіден, құны 380  миллиард  теңге тұратын  Жылу-электр  стансасының  құрылысы  басталды. Енді, 2028 жылы қала тұрғындары үйлерінде гүжілдеп тұрған самаурын – «Аристоннан» құтылып, қысы-жазы ыстық сумен жуынатын болады! Қаншама көпқабатты жаңа үйлер пайдалануға берілді! Биыл Президент керемет жаңа стадион салуға рұқсат берді. Ол – ол ма Президент пәрменімен жаңа, арнайы  Қазақ  драма  театры  ғимараты салынатын болды!.. Басшы жыл басынан бері ай сайын бір ауданда, қалада дене шынықтыру-сауықтыру орталығын ашамыз деп уәде берген, сол уәдесін орындап келеді. Талай жылдар тапжылмай тұрып қалған «сақалды құрылыстар» пайдалануға берілді. Алтыншы ма, жетінші ме, нешеу болып кетті?.. Ең үлкен жаңалық  Ақмола облысы 2024 жылы да, 2025 жылы да астық жинаудан рекорд жасады! Биыл 7,5 миллион тонна!

Бұл кезде дүниедегі адамның ең сабырлысы Бақжанның екі құлағы екі езуінде еді!

– О-о-о, керемет! Міне, керемет! Сүйінші хабарың жеткілікті екен! Шіркін, барған жеріңде осындай жақсылықтарды жазғанға не жетсін! Қуаныштарың ұзағынан болсын! Көріп тұрмын, көрініп тұр! Қалаларың жасарып, жаңғырып қалыпты. Шынымды айтсам, мүлдем басқа қала сияқты! Шағын, әдемі, таза!

– Рақмет! Солай!

– Жаңа ТЭЦ  экологиялық тұрғыда өте тиімді болады. Бүгінгі РК-1 мен салыстырғанда лас қалдық шығаруы 13 есеге азаяды екен! Оған қала 2028 жылы қосылады. Сосын, жаңадан салынған анау шеттегі «Сарыарқа» шағын ауданы бар емес  пе? Облыс  әкімі келер 2026 жылы сол шағын ауданды гүлдендеру басты назарда болатынын айтты. Ондағы елімізде бұрын-соңды болмаған көпсалалы спорт кешені пайдалануға беріледі. 25 қатарлы көкпен таласқан үй тұрғызылады.   Жағалау көлдің сонау шетіне дейін барады да сол жерге жаңа театр ғимараты салынады. Сөйтіп, «Сарыарқа» ауданы мәдени, қаржы, спорт, әкімшілік орталығы болады! Қалай, ә?

– Тамаша!

Мен бейне бір осының бәрін өзім істегендей оның қолын құшырлана қыстым.

– Мұнда тамсанып айтар әңгіме жетерлік. Мына театрда Қазақстанның бүкіл солтүстік өңіріндегі жалғыз Халық әртісі Жібек Бағысова жұмыс істейді!

– Ол кісі туралы оқығам. Білемін. Тек, ол кісі зейнеткерлік жасқа…

– Иә. Әлдеқашан демалыста. Бірақ, Көкшетауда «кәрілік» деген ұғым жоқ қой. Біз қартаймаймыз, қарағым!

– Ішкендерің бал қымыз, жегендерің қазы-қарта, жал-жая болса, қалай қартаймақсыңдар!

Ол, кешке кешкісінгі қонақасыны еске алып, қағытып қойды. Алдына тартылған үйме табақ етті көріп, таңырқағанын жасыра алмаған.

– Тыңда, жақында мынадай оқиға болды. Жібек апайымыз осы жақында 85 жасқа толуына орай облыс әкіміне кіруге сұранады. Әрине, үлкен сыйлайтын, жолынан жығылмайтын  Марат Ахметжанов мырза оны қабылдайды. Қабылдау үстінде апайымыз өз жағдайы жөнінде бір ауыз сөз айтпайды. Айтқаны – қазақ театрының ескіргені, арнайы ғимарат еместігі, төбесінен су ағатыны, қысқасы, жаңа ғимарат керектігі. Әкім мұқият тыңдайды.

– Содан. Содан, арада бірер күн өткенде Көкшетауға жұмыс сапарымен Президент Тоқаев келеді.

– Иә.

Бақжан құлағын түріп, ынталана  түсті.

– Президент облыстың атқарып жатқан шаруасына, экономикалық өрлеуіне көңілі толып, Көкшетау қаласының жаңғыруына ризашылық білдіріп, Жаңа Жағалауды тамашалап келе жатып, әкімнен:

– Ал, театрларыңыздың жағдайы қалай? – деп сұрайды, тосыннан. Сол кезде облыс әкімінің есіне бірер күн бұрын  Халық әртісінен естіген мәселе түсе кетеді. Өзі де бұл тақырыпқа ой түйіндеп қойса керек қой. Ол ұжым өнерінің өрелі екенін, тек арнайы ғимарат салудың қажеттігін жеткізеді.

– Президент не дейді?

– Сонда Президент «Ендеше, арнайы театр  ғимаратын  салып беріңіздер» дейді!

– Керемет!

– Байқаймын, Көкшетауды өте жақсы көресің. Айтқандай, «Қалаға ғашық жігітпін» деп өлең жазған екенсің-ау.

– Көкшетауға арнаған өлеңдерім де, әңгімелерім де, мақалаларым да баршылық.

– Дегенмен, қоғамдық жұмыстарға қатыспайсың ба?

– Неге қатыспаймын? Мен Көкшетау қалалық Қоғамдық Кеңестің мүшесімін. Төрағамыз Жақыпов Сайран Нығметжанұлы деген азамат. Осындағы көпқабатты үйлердің біразын салған кәсіпкер. Оған қоса өнерге де жанашыр.  Өткен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп аталды ғой. Соған орай «Құрмет саған, құрылысшы!» деген тақырыппен республикалық ақындар айтысы өткен. Соның бас демеушісі осы – Сайран Нығметжанұлы.

– Жарады! Азамат екен! Өнер  қашанда қолдауды қажет етеді. Иә, қолдаушы, демеуші болатын тағы кімдерің бар?

– Көп болмаса да, бар. Мысалы, «Көкшетау Энерго» жауапкершілігінің бас директоры Аралбаев Досымхан Әлішұлы, «Қараөзек»  жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Нартай Ысқақов, Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Дастан Әкімов  сияқты азаматтар бар.

– Дұрыс. Ел болған соң сондай жомарт жандар болады ғой.

– Солай! Жұмыстарың біткен соң, кешке сағат алтыда  осы жерде кездесейік. Мен сені «Көк шалғынмен» қыдыртып отырып, Жаңа Жағалауға алып барамын!..

Бақжан әріптес екінің бірі емес, қаламы төселген, атақ-абыройы бар үлкен жорналшы. Қай тақырыпқа қалам тартса да әбден елеп-екшеп, таразылап барып, зерттеп-зерделеп келістіріп жазады. Әсіресе, ғылыми мақалаларын қызыға оқитыным бар. Тек оған  мәліметті жеткілікті етіп беру керек. Сондықтан, бар жауапкершілік өз мойныма артылғандай, Көкшетаудың қай кереметін айтпай қалдым  деп, тынышым кетті. Жұмыс кабинетімдегі  кітап сөресіне көз жүгіртіп, кітаптарды алма-кезек қолға алып, асығыс парақтай бердім… Тағы не бар, нені айтпадым… Кешке дейінгі уақытым осылай өтіп, Абылай хан алаңына қарай жөнелдім.

Сәл салқындау демесең, Көкшенің қоңыр күзінің ауасы мүлде бөлек қой! Әп-сәтте сергітіп жібереді. Абылай хан ескерткішінің артқы жағындағы субұрқақ сылдырын сүйсіне тыңдап тұрғанымда Бақжан да келді.

– Көп шаруа бітіп қалды. Кеңселердің бір-біріне жақын болғаны қандай жақсы! Алматыда болса… – деп сөзін аяқтамастан, өзінің алдын ала келіскен қыдырысқа даяр екенін сездірді. Алматыдағы көлік кептелісі көз алдыма келіп, басым айналғандай болды.

– Ендеше, әуелі бір шай ішіп алайық па? Әлде, кофе ме? Міне, шай-су ішетін  орындар жеткілікті.

– Жо-жоқ. Барған жерімнің бәрінен шәй іштім. Жүрейік.

– Кеттік!

Оны шыршалар көмкерген көрікті Сәтбаев көшесімен алып жүріп, әп-сәтте «Көкшетау» мәдениет сарайына таядық.

– Міне, мынау Ақан, мынау Біржан ескерткіштері.

Бағжан әдетінше ескерткіштерге байыппен, сынай  қарады.

– Әдемі екен! Көп нәрседен хабар беріп, тағдырларын айтып, сөйлеп тұр… – деп баға берді сосын. Қонағымды жақын тұрған «Мәңгілік алауға» қарай бастадым. Өйткені, «Көк шалғын» сол жерден басталатын. Жол-жөнекей осы Ақан сері  атындағы көше бойындағы «Қазақ кітапханасын»  көрсеткем. «Атауы қалай жақсы» деп сүйсінді ол. «Мәңгілік алау» аймағы басталды. Экрандар «сөйлеп» тұр. Өңір тарихы, өсу кезеңдері… Деректер алма-кезек ауысуда. Бақжан қолына қаламын алған.

– Осындай лэд-экрандар көшелер бойларына, демалыс алаңдарының бәрінде бар. Тарихты да, жаңалық-дерек, драма театрлар  репертурлары, мәдениет үйлеріндегі айтыстар мен концерттердің өтетін уақыттарын дер кезінде біле қоюға қолайлы!

Алдымыздан өзімнің пікірлес, дос ағам Мұрат қажы Ыдырысов шыға келгенде ерекше қуандым. Басында қазақы бөрік, үстінде шапан, аяғында тізесін жапқан саптама етік. Тура баяғының қазағы сияқты. Тек, ұлттық үлгідегі  киімінің бәрі жаңарған, жетілдірілген, ықшам да көркем қалыпта. Әдетімізше төс түйістіріп, «Ассаламағаләйкүм» десіп, айқара құшақтасып амандастық. Мұрекең сексенді алқымдап қалған жан. Бірақ, әлі ширақ, тың. Үнемі ізденіс үстінде. Алдынан кітабы, қолынан қаламы түспейді. Кезінде осындағы Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің ашылуына, алғашқы ұлт-аспаптар оркестрінің құрылуына, айтыс өнерінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан. Соңғы жылдары «Абылайдың қара жолы» атты экспедиция құрып, оған атақты ғалымдарды, өлкетанушыларды біріктіріп, сапарлап, сол сапарлар нәтижесін жазып төрт том кітап шығарған. Биыл сол экспедиция жұмысын Құдайберлі Мырзабекке аманаттап тапсырған жайы бар. Көңілі сергек, көкірегі ояу Мұрекең Бақжанның қойған бірер сауалына қысқа-нұсқа жауап беріп, қайыр-қош айтысты. Әріптесім өне-бойы өнеге, ізетті Мұрат қажының сыртынан сүйсіне қарап тұрып:

– Аға-достарың болғаны жақсы ғой, – деп күрсінді. Шамасы, өмірден өтіп кеткен әлдебір қимас ағасын есіне алғандай.

– Иә, әрине… (мен де жақында ғана о дүниелік болған сырбаз Болат Жанәділов ағамды есіме алған едім). Шүкір, алдыңда арқа сүйер, ақыл сұрар ағаларыңның болғанына не жетсін?!

Ішімнен өзімнің құрмет тұтатын ағаларыма амандық тіледім.

Анадай жерде алшаң басып тағы бір өзім құрмет тұтатын аңыз адамның бірі кетіп бара жатыр екен.

– Ана кетіп бара жатқан азаматты таныр ма едің?

– Жоқ.

– Ендеше, «Махаббат мұңы», «Неге ояттың?», «Сағыныш», «Сен кінәлі емессің оған», «Жарығым-ай!» деген әндерді білесің бе?

– Білмегенде!.. Ол әндерді білмейтін қазақ жоқ шығар!

–Сол әндерді шығарған композитор Болат Есмұхан анау кетіп бара жатқан!

Бақжан аңырап тұрып қалды. «Неге ояттың, неге ояндым тым ерте, Қызық еді-ау, түсімдегі көргенім» деп әндетті сосын.

– Әлгі АБК тобы айтатын «Тереземді тамшы ұрды» бар ғой, соның әнін жазған осы Бөкеңнің туған інісі Ахмедия Есмұханов. Бұ кісілер баяғы атақты «Қаракөз» ансамблінің мүшелері. Бөкеңнің жары Мара Есмұханова бар, барлығы…

Абырой болғанда қазір Көкшетаудың осындай аллеяларында тізе бүгіп отыра қалатын, дәптеріңді жайып жазуға да ыңғайлы орындар көп. Бақжан солардың біріне отыра қалып, бір нәрселерді шұғыл жазуға кірісті.

– Достым, достым, бері қара! Әне, анау кетіп бара жатқан екі жігітті көрдің бе?

– Кәні?

– Әне, әне!…

Олар Ақан сері көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолымен өзара қызу әңгімелесіп кетіп бара жатты.

– Екеуі де атақты боксшылар! Бірі Мереке Жүсіпов, екіншісі Руслан Мусинов!

– Ой, оларды білемін ғой!

Білетіні білетін шығар. Алайда мен олардың спорттағы ерліктерін қызулана, құлшына айтып бердім. Айтуға тұрарлық, аңызға бергісіз әңгімені неге айтпасқа. Ол да сөзімді қызыға, ден қоя тыңдады.

– Сосын, Көкшетау Ақмола облысының орталығы. Ал, Ақмола облысы егіннен жылма-жыл рекорд көрсетіп, алдына жан салмай келе жатқан, кейінгі жылдары «еліміздің  аграрлық саласының көшбасшысы, жүрегі» деген ұғымды, түсінікті тиянақтап, шегелеп бекіткен өлке. Біліп қой! Тұрақты сөз тіркесі туды, сондай! Жақында өткен  Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнінде бәрі жан-жақты айтылды, экраннан Президенттің біздің облысқа берген жоғары бағасы да  көрсетілді.

– Ол бағыт жөнінде мәлімет жинауды бастап кеттім.

– Іргесін 1917 жылдың шілдесінде Сәкен Сейфуллин қалаған облыстық «Арқа ажары» газетінің тігіндісін қарасаң-табасың!

– Сендерде тарихи емес әңгіме жоқ екен!..

– Солай!

 

**

«Көк шалғынмен» келе жатырмыз. Шынымды айтсам, осы көшеге қонақтан бұрын өзім таң қаламын. Өте жақсы көремін. Жақында ғана ашылса да, байырғы бір сырлас досым сияқты. Өмірі көрмеген өсімдіктер, теректер, бұталар, биік, аласа, неше түрлі шамдар, орындықтар. Дизайндары мүлдем басқа. Көңіліңе жарқын әсер береді. Бойыңды қуаныш билейді. Сергисің. Бақжанның ойын бөлмедім. Ол болса, біраз жүріп келеді де, орындықтардың біріне отыра салып, қойын дәптеріне әлденелерді жазады, тұрып, тағы жүреді, тағы отырады, фотоға түсіреді.  Шынында, «Көк шалғын» отыра қалып, компьютеріңді ашып, жұмыс жасауға қолайлы-ақ.

Бір кезде, жымиып, риза көңілде басын изеді. «Болды. Біраз нәрсені түртіп алдым» дегені.

– 1824 жылы құрылған қала екен ғой.

– Солай деуге де болады. Олай емес деуге де болады.

Қонағым елең етті.

– Ол не дегенің?

– Бұл тақырыпқа Құдайберлі біраз жұмыс жасады.

– Айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек пе? Оның қандай қатысы бар? Тарқатып айтсаңшы…

– Тарқатқанда, былай ғой… Айтпақшы, Құдайберлі Мырзабек  Дүние жүзі ақын-термешілер одағы Ақмола облыстық филиалының басшысы. Өңірдің айтыс, терме өнерінің дамуы, өткен-кеткен тарихы туралы кеңінен айтып бере алады. Оған арнаған:  «Көкшеде туып өскесін, Осында кіндік кескесін. Жүреді ылғи жалындап, Қызғыштай қорып Көкшесін!» деп басталатын өлеңім бар. Бұны бір деп қой. Екіншіден, ол қазір облыстық тарихи-өлкетану музейінің  директоры. Табиғатынан зерек, ізденімпаз адам. Сол осы жерде 1824 жылдан бұрын да жергілікті халықтың тіршілік етіп, тұрмыс кешкенін, қыстақ, ескі тұрақтар орындарының көптеп кездесетінін дәлелдеп, «Көкшетау аймағындағы жер-су атаулары», «Көкше өңірі және Көкшетау қаласы» деген кітаптар да шығарды. 1824 жылы орыс-казактар бекініс салған уақыты. Қаланың туған жылы  Кеңес заманында солай жазылып кеткен.

– Ммм, ендеше, Құдайберлі бауырымыздың сөзінің жаны бар екен-дағы.

– Иә, солай болып шығады.

Мен оған қолымдағы «Қазақ әдебиетінің» 17 қазан күнгі нөмірінің 16-шы бетін ашып, Жүрсін Ерманның  «Сөз сүйектен деуші еді, өнер – қаннан…» деген өлеңдер топтамасын көрсеттім. Ол тездетіп алып, айқарма бетке алма-кезек көз жүгіртті. «Құдайберлі Мырзабеков елуде…», «Арманды іздеу» Ағамыз сендердің ақындарың туралы жырларын жариялапты.

Айтыстың таптым деп ем бел баласын,

Өзің де талайларға енді ағасың.

Оңайға иілмейтін өр басымды,

Иілткен талантыңмен сен ғанасың!

– Охо! Қалай-қалай сілтейді, шеберің! Бұдан артық қандай баға керек?!

Арманға не деді екен… (ол жеделдетіп, күбірлеп оқып кетті де) бір тұста айтады:

Ей, Арман, немересі Бердалының,

Себебі, арақ деп ең сен бәрінің.

Қазақтың жауы жалғыз арақ емес,

Жазғырып не қыласың ер қаруын…

 

Ей, Арман, немересі Бердалының,

Айтайын базынаның енді ауырын:

Іштегі қыжылдарды басу үшін,

Толғап-толғап тартайық, кел, бауырым!

Екеуіміз де басымызды шайқап, қосыла күлдік.

– «Әлі келген алып та жығады, шалып та жығады» деген осы екен-ау!

– Ақанның «Қағаз шай, ащы насыбай – ер арқасы» дегенін алға тартып тұр емес пе?!

Қайта қолыма алып енді газетке мен үңілдім.

Елудің еңкейтпесін таянғаны,

Сан бұлбұл паналайды саяңды әлі.

Көкшені көтеруге жарайсыңдар-

Төлеген, өзің және Баянғали.

Бұл Құдайберлінің елу жылдығына арнаған өлеңдері екен. Төлегені – Төлеген Қажыбаев, атақты ақын, журналист, жазушы. Қазір марқұм. Баянғали – атақты айтыскер ақын, жазушы, драматург, манасшы Баянғали Әлімжанов!

«Көк шалғынмен» көлге қарай  жүріп, Абай көшесін қиып өтіп келе жаттық.

– Сол жағыңа көз салшы. Анау көрінген Бұқпа тауы. Қара шекпенділер осы таудың ағашын шауып, төмен сүйреп түсіріп, етегіне үй сала берген. Бұл тау содан тықыр болып қалған. Менің бір арманым, шіркін, осы тауға толтырып ағаш ексе ғой! Қандай көркем болар еді, а?!

– Е, ол арманыңа да жетерсің. Бәрін жаңғыртып, жасап жатырсыңдар екен ғой. Иә, айта бер, тағы қандай арманың бар?

– Ой, арман көп қой. Қайсысын айтсам екен?.. Мысалы, «Есағаға ескерткіш қойылса» деп бір жазғанмын. Естуің бар шығар, Естай Мырзахметов деген жазушы ағамыз болған. Төсекке таңылып жатып роман жазған қайсар қаламгер. Бір мәлімет бойынша елімізде Сәбит Мұқановтан кейін оқырманнан ең көп хат алған жазушы.  «Медет» романы үшін 1800 адамнан хат алыпты. Қаншама адам сол шығармасын оқып, еңсе тіктеген. Төсекте, алдына тақтай қойып жазып жатқан қаламгер, айналасы шашылған хаттар…осылай елестейді ескеркіш…

– Бұл бір жаны бар арман екен де. Оқырманы жанына барып, тағзым етіп тұрса, кітап оқушылар сол жерде пікірлесіп, әңгіме-дүкен құрса, дегендей…

Мен онымен келісіп, басымды изедім.

– Айтпақшы, осы маңайдан бекініс саламыз, қолайлы орын іздеңдер деп ақ патша сол уақытта арнайы экспедиция жібереді. Олар айна көлдері көлкіген, сазан-шортаны шоршыған, шыршалары көкке шаншылған Бурабайды таңдайды, әрине. Бурабайға бекініс қала салмақ қой.

– Содан?

Бақжан әңгімемнің аяғына аса зейін қойды.

– Содан, араға біраз уақыт салып, сол жаңағы 1824 жылы шығар, асай-мұсайларын арқалап, құрылысшы, тағы біреу-міреулері келеді. Ол уақытта бұл жердің билеушісі Айғаным ханша. «Ана жолғы экспедицияның келіп, ұнатып, қазық қаққан жері, міне» деп осы жерді көрсеткен ғой. Бурабайды емес, одан сексен шақырым тысқары, осы жерді көрсеткен.

– Иә.

– Олар әуелі «Бізге айнала керемет тау, толқыған көлдер» деген сияқты еді» деп қоңылтақсыса керек. Бірақ, Айғаным ханша бетті, аса беделді адам болған ғой. «Айттым, бітті. Осы жер» деп, осы жерді берген дейді. Сөйтіп, Бурабайды сақтап қалған екен.

Бақжан өзімен-өзі сөйлескендей: «Айғаным ханша Уәли ханның кіші әйелі, 30 жыл округ билеушісі болған. Шоқанның тәрбиесіне ерекше әсер еткен жан» деп күбірлеп келе жатты.

– Бәке, кітап оқып келе жатқандайсың ғой, – деймін күліп.

– Әдетім. Рас. Кітаптан оқығанымды есіме түсіріп келе жатырмын.

– Керемет! Көкшетауың тұнған тарих!

– Солай деп, оқып, жазып келгенбіз ғой…

– Иә?

Бақжан ошарыла қарады.

– Енді, әлгіндей патша экспедициясын адастырған Айғаным ханша емес, Ақылбай батыр екен деген әңгіме естідім. Ол зерттеуді керек ететін дерек. Анық-қанығын сонда білеміз.

Қонағым үнсіз, ойланып қалды.

– Солай! Ал, Бәке, мынау тұрған – Шоқан! Өзіме осы ескерткіш ерекше ұнайды! Қарашы! Оның дегдарлығы, сезімталдығы, ұлылығы, жанының тазалығы бәрі-бәрі көрініп тұрған жоқ па?!

Бақжан сөзімді бірден қолдай кетпей, әдетінше ескерткішті байыптап қарап, айналып шықты. Содан кейін барып:

– Керемет екен! – деп бағасын берді.

– Бұл ескерткіштің де, Ақан мен Біржанның ескерткіштерінің де авторы сәулетші Төлеген Досмұхамбетов!

 

***

Жағалаудың көлден ескен ерке самалын жұтып, Қылшақты өзенінен өткізер  ескі көпірге  шықтық.

– Әне, машина жүретін жаңа  көпір, оның арғы жағында, әне тағы да жаңа көпір, одан әрі тағы да көпірлер салынды. Мына Қылшақты Көкшетау қаласын аралап өтеді ғой. Сондықтан,  көпірдің көп болғаны қолайлы. Оның үстіне көпірдің ерекше бір әсері бар-ау. Мысалы, мен мына өзіміз тұрған, жаяу жүргіншіге арналып сонау кезеңдерде салынған ескі темір көпірді ұнатамын. Осылай, Қылшақтының Қопаға құяр сағасына, көл бетіне қарап тұрғанды жақсы көремін. Осыны, «жоспарда жоқ» деп, алып тастай ма, деп іштей уайымдағам. Жоқ. Алмады. Міне, табанын  жаңадан тақтай төсеп, жаңалап қойды. Мына жақтауларының өрнегін қарашы! Және, қандай берік  құйма темір! Мың жыл тұрса да түгі кетпейтін шығар!

Бақжан, маған күлімсіреп қарап, басын изеп, келіскен сыңай танытты.

– Осылай, толқындар сылдырына құлақ түріп, сейілдеп жүре берсең, анау көрінген, жаңадан бой көтерген «Сарыарқа» шағын ауданына жетесің.

– Онда не бар?

– «Не жоқ?» дегенің дұрыс! Онда сәулетті тұрғын үйлер, Президент тапсырмасына сәйкес салынған қолайлы мектеп, балабақша, спорт кешені, алаңдары. Бүкіл еліміздің солтүстік өңірі тұрғындарына қызмет көрсететін аурухана салынуда. Қысқасы, болашағы зор аудан. Мана әкім сөзін, жоспарын айттым ғой. Жағалау осылай жалғаса береді де, анау жиектен театр орын тебеді. Манағы айтқан 25 қабатты ғимарат, тағы басқа ғаламаттардың бәрі сол ауданнан салынады!  Сәтін салса, Көкшетау атына сай қала болады деп сенеміз!

Бақжан әріптесім қойын дәптеріне бір нәрселерді түртіп жатты. Мен әңгімемді одан әрі жалғадым.

– Әне, Бұқпа тауына қарашы!

Айтқаным сол екен, Бұқпа тауының басындағы «Көкшетау» деген жазу, жағалаудың бүкіл шамдары жарқ-жұрқ етіп жанып берді! Краснояр ауылына барар айналма жол, сол ауыл шамдары, мына беттегі «Сарыарқа» шағын ауданы қосылғанда Қопа көлі түгел айнала шам жарығымен көмкерілді. Бүкіл көпқабатты үйлер, Орталық Мешіт, шіркеу, Достық үйі – бәрі-бәрі арнайы жарықпен әрленген ғой, әсем кейіпке енді.

– О-ооо, қандай ғажап!–деп Бақжан жан-жағына қуана қарады.

– Тау үстінде ескі мейрамхана болатын. Әбден тозығы жеткен. Сол сырылып тасталып, орнына жаңа мейрамхана ғимараты салынуда.

– Алматының Көктөбесінен кем болмайды десеңші!

– Кем болмас. Осы жағалауды салу үшін, осы жерлер, анау тау етегіне дейін орналасқан қаншама ескі үйлер сырылды! Қаншама отбасы жаңа үйлерге кірді!

– Иә, көп жұмыс жасалған! Сосын бар ғой, қалаларың өте таза екен!

– Оның рас. Қала әкімі Әнуар Қайыргелдіұлы тазалыққа, тұрғындар мәдениетіне ерекше көңіл бөлетін адам. «Плоггинг» деген жаңа ұғым әкелді. Жеңіл жүгіріп келе жатып, қоқыс жинау әдісі. Әкімнің ол бастамасын, әсіресе, жастар жақсы қолдап кетті. Оның берері көп. Біріншіден, жүгіріс денсаулыққа пайда, бой сергітіп, таза ауа жұтасың. Екіншіден, қоқысты жинаған адам, өзі қоқыс тастамайды. Үшіншіден, жай жүгіріп келе жатып, қаланың бұлтарыс-қалтарысын, әшейінде көре қоймайтын жерлерді көресің. Арасында, өзім де қатысамын.

Бұқпа тауынан әрі қарай қырық шақырымдай жүрсең, Зерендіге жетесің. Зерен көлі сонда. Одан әрі Мәлік батырдың ауылы. Айтайын дегенім Зерендімен Көкшетаудың арасындағы жол өте тар, қолайсыз, тіпті, қауіпті болатын. Сол жол жақында ғана қайта салынып, кеңейтіліп, пайдалануға берілді. Бурабайдың жолы да сайрап жатыр, оны көрдің!

– Қорғанбек ағамыз жырлаған: «Зеренді қарағайларына» барасың де! – деп әріптесім сөзімді қолдайтынын сездірді.

– Солай!

– Сонда бұл жерден Бурабай сексен, Зеренді қырық шақырым екен ғой.

– Дұрыс түйдіңіз. Ал, енді ол бағытқа қарсы солтүстікке қарай жиырма-отыз шақырым жүрсең Қазақстан деген ауыл жанында Уәли ханның мазарына кез боласың. 2008 жылы Уәли ханның 270 жылдығына орай Абылай ханның ұрпағы Сансызбай Мұқитанов бас болып, Сағынтай Кенжетаев, Қайырлы Құрманов, Кеңесбек Бектасов, Зәмзәгүл Мырзахметова, Қымбат Мұстафиналардың қолдауымен кесене тұрғызылған. Мына қала ішіндегі ескі зиратта Науан хазірет, Сәкен Сейфуллинің ұлы Аян жатыр…

Осы сәтте жағалаудың анфитеатр орналасқан тұсынан домбыра оркестрі ойнаған күй шалқыды. Кезекті бір концерт басталғаны белгілі.

– Жүр, Бақжан, енді Ақан-Біржандардың әнін тыңдайық!

Ол Көкшетаудың тұнық ауасымен терең бір тыныстап, жан-жағына қызыға көз тастап, соңымнан ере берді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар