Жаратқан өзің сақтай гөр, теңізге аяқ салғанды…

Жыр әлемі

Көне үй

Марсельде көрсетті гид бізге,
Сондағы көне үйді ең ескі.
Бесінші ғасыр деп қояды,
Ал, бізде бертінгі үй көмескі.

Төрт қабат, ыс басып кей тұсын,
Бөлектеу өзге үйден қарайды.
Дәуірлер үзігі сенбісің,
Таңдантып қоятын талайды?!.

Кірпіші кетілмей, бүлінбей,
Өз-өзін сақтаған қалайша?
Сан ғасыр бұрынғы мына үй,
Тербетіп барады-ау, мені ойша.

Есігі темірден, тап кеше,
Салғандай не деген мәнерлі.
Шын шебер болған-ау, сол ұста,
Шырқау қып қалдырса өнерді.

Терезе, оған да мін тағар,
Жоқ бізде бір себеп, бір негіз.
Жақтауын сол темір өрнекпен,
Иректеп өргенін көрсеңіз.

Бұрыннан солай ма деп сұрап,
Қалсаңыз, сөкетке жатпайды.
Бас изеп, «иә» деп гид қана,
Көне мен бүгінді жалғайды.

Үй ме үй, кәдімгі қабырға,
Бояу ма, сылақ па, таңым бар.
Білмеген тап мына тарихын,
Жай ғана үй десе, жаңылар.

Көбі тұр ішіп-жеп көзімен,
Көнеге біліп тіл қату ма?
–Бұл үйде адамдар тұрады,
Бірақ та, болмайды сатуға.

Соны естіп не ойлап, не түйдім,
Ішімде кей сәтім жүдеген.
Талайын бұздыртып, не сатып,
Біздер-ай, тұйыққа тіреген…

***

Қай қалаға барсам да,
Таудай биік зор қамал.
Жасаған-ау, бабасы,
Жаудан сақтар бір амал.

Бізде де осы болды ғой,
Отырарлар айғағы.
Қарап тұрып әр тұстан,
Әсер шіркін, жанданар.

Қалай тасын қалаған,
Қалай сызған сол адам.
Жұмылған ғой елім деп,
Жанкештілер мыңдаған.

Дәл осылай шығар ма?
Мынау озық ғасырда.
Салып көрсе осынау,
Тас қорғанды жаңадан?!.

Қалай сақтай білгенсің,
Итальян туысқан?
Шығармаған елсің-ау,
Өткеніңді уыстан.

Көргендеймін намысты,
Көргендеймін нар істі.
Түсе салып лайнерден,
Тарихыңмен жуыссам.

Кереметтен керемет,
Айтары жоқ тегінде.
Жүріп-жүріп, жанарым,
Керегіңді көрдің бе?!

Мына ғажап қамалың,
Қайнаған кек – сертіңде.
Білгендігі екен ғой,
Сен деген ел, ердің де.

Жағасында теңіздің,
Соғып алып дәу қорған.
Шайлығыпты жүрегі,
Бұл халықтың қай жаудан?!

Гарибальди, сен барда,
Азаттықтың оты бар.
Тайдырмаған сол өрлік,
Сеньорды өр жолдан.

О, ғафу ет қамалдар,
Мен өзіңе кеш келсем.
Алып кетер жетелеп,
Әсерлерің бір ерсең.

Ана бөлмең мұражай,
Мына қақпаң зандан ба?
Көтеріңкі жап-жаңа,
Түсе берді неге еңсем?

Қарап тұрмын таңырқап,
Қабырғаңа түп-түзу.
Баспалдақтар көнетоз,
Көп болды ма, күрсіну?

Сенен қанша өтті екен,
О жақ, бұ жақ рыцары.
Қарасынан сыздақтап,
Бір ызғар мен бір жылу.

Енді бүгін ескерткіш,
Жер түбінен біз келер.
Мен көргенді көрсін деп,
Ниет еттім өзгелер.

Тарихының бәрі бар,
Ласпендия қамалы.
Осы жырым өзіңе,
Естіп жатсаң, мені егер!..

Гарибальди ескерткіштері

Гарибальди1, шыға бердің алдымнан,
Соны көрген ұрпағыңда көңіл тоқ.
Мысалы мен Абылайды данышпан,
Қалаларда біздің бұлай көргем жоқ.

Жасау дағы ескерткішті шеберлік,
Анық етіп, қанық етіп осынша.
Береді екен өнерді де кемел ғып,
Ұлы рухқа ел тілегі қосылса…

Біздің елде ескерткіштер бір қалып,
Құя салып жарайды деп ұсынар.
Ал, бұл жақта баурайтын жаныңды,
Тартылыстың бір керемет күші бар.

Оң қолында жауды жайпар семсері,
Ат үстінде шынайы да еңселі.
Тағы да сол Гарибальди біз көрген,
Италия, сүйем дейді мен сені!

Алып қалған бүгінгі елді, асылы,
Басқа емес, Гарибальди ғасыры.
Ескерткішің тұр-ау, бізге соны айтып,
Ницца менен Капреро2 батыры!

———

1 Джузеппе Гарибальди Италияның ұлттық батыры
2 туған қаласы мен қаза тапқан қаласы

***

Теңіз бенен тау мұндағы жарасым,
Сосын қала әркім берер бағасын.
Қамал және сан жетпейтін кемелер,
Жаулап алар көргендердің санасын.

Ауа тымық, жанға жайлы күн райы.
Толған пальма, көрмегенбіз мұндайды.
Тар көшеде сан ғасырлық қабырға,
Он сан тілді тыңдайды3.

Менің мынау ішкі ойларым сезілмей,
Елеусіздеу ақ қайыңның безіндей,
Жүріп келем, азиат деп қарайды,
Бас изескен сапарластар өзім кей.

Ойы біздей жолаушымен бірге ме?
Гүл бітіпті өз-өзінен іргеге.
Қабырғаның әр тұсынан жапырақ,
Өсіп шығып, көз тартады бүрлене.

Көше емес, толған тарих дерсің сен,
Білер едім, жылдар тұрып жерсінсем.
Үш жүз отыз жыл арабың билеген,
Қамалды да көрдім мен.

Мұсылман ел болар ма еді қалса егер,
Ерлер бар ғой отарлықты еңсерер.
Бәрінен де толқын атып тулаған,
Нар қаланың нар теңізі, сен шебер.

Сенің арқаң мына қала, мына аймақ,
(Біздей келген пендеңізге ұнайды-ақ).
Мен осында болдым деген сөзіме,
Тасқа отырып, жазған осы жыр айғақ…

——

3 Әлемнің әр елінен келген туристер

                                Пальма-де-Майорка.

***

Толқын шапшып жатқанда,
Ақ көбігі шашырап,
Алатындай ашуы,
Ақ кемені қазір-ақ.

Көрген Балтық теңізін4,
Бір жолаушы мен едім.
Кемені ұрған жалдарға,
Деп қоямын ақырын.

Толқын кейін шегінсе,
Қуып бірге жүгірген.
Қайда шіркін, сол күндер,
Жастығыңа жүгінген?!.

Ол екінші келгенде,
Асқандай боп бойыңнан.
Шегінуші ек  жан қалмай,
От шығар деп ойыннан.

Тәтті әркімге өз жаны,
Одан асқан барың жоқ.
Сол толқындар салмағы,
Өміріңде әлі көп.

Көрген келіп алпыста,
О, Жерорта, сен бөлек.
Саған тұра алмадым,
Сол Балтықтай ентелеп.

Тәуекелім  сондағы,
Болсын қайдан бүгінде.
Дедім бірақ намысым,
Қарауылға ілінбе!

Осал емес тегінде,
Қазақ деген біз едік.
Теңіз суын таттық та,
Бетті Римге түзедік…

***

4 Әскерде болған жерім

Қайта-қайта шайқады,
Кеме түнде біздерді.
«Жайлы» деген каюта,
Пікірлер де өзгерді.

Неше баллың кім білсін,
Бір пәле бар сыртта.
Бас айналған сияқты,
Отырып та, тұрып та.

Бұл дүние белгісіз,
Кеткеніңде ұйқыға.
Ояна сап тағы да,
Рим, дедік ынтыға.

Түнде кештеу жатқанбыз,
Мазаны алып сол толқын.
Сол қалпынан аумаған,
Теңізде де түр солғын.

Мағжан ақын жырлаған,
Толқын қуып толқынды,
Ыңғайсыздау кемеде,
Көңіл де күрт толқыды.

Жерде де емес, теңізде,
Жолды кімдер кесіпті?!
Біздің кеме портқа,
Кешікті ме, кешікті.

Қабылдамай жатыр деп,
Тұспалынан түсіндік.
Рим, Рим деген тағатты,
Таусылған соң өзің ұқ…

***

Аңсағаны азаттық,
Салған екен ғажап қып.
Зеңбірегі қасында,
Көп бөгелдік осында.

Құйғанында шойыннан,
Қуысы қалай ойылған?!
Сан ұрыстың қаһары,
Сиреді-ау, жау қатары.

Алақанда тұрғандай,
Теңіз үсті, сый қандай.
Аузы шығып ұядан.
Көздеді ме қиядан?!

Қалмай мүмкін амалы,
Жеңген Ерлік қамалы.
Кемеде де қаруы,
Осы болды-ау, ауыры.

Қанша күндер ала алмай,
Қанша ай қыбын таба алмай.
Қамал емес, бас қайғы,
Дегенді де ой растайды.

Әйтеуір, тұр бұл қамал,
Кәрі тарих біз нанар.
Зеңбіректер орнында,
Сөзі осы оның да!..

***

Кең шалқар теңіз шегі жоқ,
Қошқылынан да көгі көп.
Түнде де жатсам, ұмытпай,
Кетесің тербеп мені кеп.

Шексіздік саған жарасқан,
Көкжиек тұтас кәрі аспан.
Бұлттардың басын қосып ап,
Жан-жаққа сосын таратқан.

Толқындар жайлап ағады,
Бір-бірін баяу қағады.
Адамға ұқсас бұл толқын,
Бірі өшіп, бірі барады.

Сен кемем, суды көктеп өт,
Түбіне де оның кеткен көп.
Атамыз қазақ адамға,
Қара жердей құт жоқ деп ед.

Жерге сол тіреп арқамды,
Қатерден қанша жан қалды.
Жаратқан өзің сақтай көр,
Теңізге аяқ салғанды…

2023 жыл, 27 қазан – 5 қараша.

1 Джузеппе Гарибальди Италияның
ұлттық батыры
2 туған қаласы мен қаза тапқан қаласы
3 Әлемнің әр елінен келген туристер
4 Әскерде болған жерім.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар