Бұландыда теміржол вокзалы жаңартылып, жаңа бассейн іске қосылды

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бұланды ауданына  жұмыс сапары аясында қазақстандық спорт жұлдыздары Сергей Котенко және Дмитрий Баландинмен бірге балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаңартылған бассейннің ашылу рәсіміне қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Спорт нысанының құрылысы 1990 жылдары басталған. Биылғы жылдың сәуір айында облыстық бюджеттен қаржыландырылған 300 шаршы метрлік спорт нысанын толық көлемде қайта жаңғырту жұмыстары қайта жалғасты. 25 метрлік бассейннің ені 12 метр және алты жүзу жолағымен жабдықталған. Оны 650 000 литр таза сумен толтыру үшін екі апта қажет болды. Бассейн сүзгілермен жабдықталған, су жылына бір рет ауыстырылады.

– Соңғы жылдары облыстың әрбір тұрғыны сапалы спорт нысандарына қол жеткізуі үшін спорт нысандарын салу және жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері жеті спорт нысаны ашылып, 31 спорт алаңы орнатылды, оның 20-сы ауылдық жерлерде. Бес дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр, оның үшеуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Біз бұл спорт нысандары болашақ чемпиондарды тәрбиелеп, қала тұрғындарын спортпен айналысуға шақырғанын қалаймыз. Бұқаралық спортты дамыту және кәсіби спортшыларды қолдау біздің басты мақсатымыз болып қала береді, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

– Бұл жерге келуімнің негізгі себебі, жүзу сабақтары балаларға жүзуді және судағы қауіпсіздікті үйренуге және кәсіби спортпен айналысуға тамаша мүмкіндік береді. Бәлкім, бұл балалар күні ертең өскенде ұлттық құраманың мүшесі болып қалар, – деді жүзуден Олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Дмитрий Баландин.

Алғашқы жүзуді кеңестік және қазақстандық су добы ойыншысы, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, жаттықтырушы Сергей Котенко мен Дмитрий Баландин бастады. Облыс әкімі жас спортшыларға 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Қазір Қазақстанда 125 теміржол вокзалы жаңғыртудан өтіп жатыр, оның 16-сы біздің облыста. Солардың бірі – Макинск вокзалы ғимаратын күрделі жөндеу мерзімінен бұрын аяқталды. Қайта қалпына келтірілген ғимараттың қасбеті мен шатыры ауыстырылды, заманауи ішкі әрлеу, ауаны баптау, желдету және инженерлік жүйелер жаңартылды, соның ішінде станцияны орталық кәріз жүйесіне қосу жұмыстары атқарылды.

– Енді жабдықтарды орнату және перронды жаңарту ғана қалды. Вокзал алаңы абаттандырылды. Жұмыс биыл мамыр айында басталып, мерзімінен бұрын аяқталып отыр, – дейді «Жарқын құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жоба жетекшісі Думан Жүнісов.

Облыс әкімінің Бұланды ауданының тұрғындарымен кездесуі жағымды тосын сыймен басталды. Марат Ахметжанов 30 жылдық тәжірибесі бар тракторшы, «Елтай Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкері Юрий Ивановқа Астананың көрікті жерлерін аралау сертификатын табыс етті.

Ел Президенті қатысқан екінші ауыл шаруашылығы форумында Юрий Иванов БАҚ өкілдеріне 17 жасында трактордың тізгініне отырғанын, елордаға алғаш рет келгенін, оның сұлулығына тәнті болғанын айтты.

Биыл аудан диқандары 505 мың 800 тонна астық жинап, әр гектардан 25 центнерден жоғары өнім алып, облыстық көрсеткіштен айтарлықтай асып түсті. Егін жинау науқанында ауданның облыста ғана емес, республикада көш бастағанын тілге тиек еткен облыс әкімі бұландылықтардың ерен еңбегі үшін алғыс айтты.

Озат шаруашылықтардың қатарында облыс басшысы «Журавлевка-1» және «Фирма Нанар» әр гектардан 31,6 және 28,5 центнерден өнім алған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері барын  атап өтті.

Аудан облыс бойынша барлық ауыл шаруашылығы өнімінің 12,5 пайызын құрайтын өңірдегі жетекші өндірушілердің бірі болып қала береді. Мұнда ауыл шаруашылығындағы орташа жалақы облыс бойынша ең жоғары. Бұл жағынан аудан еліміздің солтүстік өңірлерінде де үздіктер қатарында.

– Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мемлекеттік қолдаудың арқасында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Жеңілдетілген несиеге, субсидиялауға, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға 30 миллиард теңге бөлінді. Шаруа қожалықтары жеңілдетілген лизинг арқылы 83 техника алды. Шаруалар 10 мың тоннадан астам арзандатылған дизельдік отынмен қамтамасыз етіліп, 121 өтініш толығымен қанағаттандырылды, – дейді Марат Ахметжанов.

Облыс әкімі биыл және келесі жылы көктемгі су тасқынының алдын алуға көп көңіл бөлініп жатқанын атап өтті. Үлкен көлемдегі еріген қар суларын ұстап тұруға және ондаған елді мекендерді қорғауға қабілетті негізгі гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру және салу бойынша бірқатар жобалар әзірленді. Сонымен қатар, бұл жобалар ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін қосымша су қорын құруға мүмкіндік береді.

Байсуат ауылындағы Прохоровско-Колоколовская бөгетінің және Тастыөзек бөгетінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Келесі су тасқынына дейін төрт ауылды қорғайтын Иванковка бөгетін қалпына келтіру жұмыстары аяқталады. Қазірдің өзінде су өткізгіштер мен қорғаныш бөгеттер орнатылды, суару арықтары тазартылып, кеңейтілді, тірек бөгеттері нығайтылды.

Облыс әкімі жөндеу жұмыстарын жан-жақты талқылап, жауапты мамандарға бұландылық отбасылардың жаңа жылды жайлы жағдайда қарсы алуы үшін жұмысты жеделдетіп, мұқтаж жандарды жаңа ғимараттарға көшіруді тапсырды. Кездесуге қатысушылар бұл шешімді бірауыздан қолдады.

– Біз ақмолалықтарды заманауи әрі жайлы баспанамен қамтамасыз етіп жатырмыз. Жаңарту бағдарламасы апатты үйлерден отбасыларды жарық, жылы пәтерлерге көшіруге мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Марат Ахметжанов автокөлік жолдары мен жаяу жүргіншілер жолын қардан тазартуға, абаттандыруға қомақты бюджет қаражаты бөлінетінін, бірақ, бұл жұмыстар кейде нашар ұйымдастырылатынын айтты. Өткен жылы қарды дер кезінде шығару және басқа да жұмыстарға 15 миллион теңге бөлінсе, биыл 45 миллион теңге бөлініп отыр.

Аймақ басшысы кездесуге қатысушыларды соңғы кездері аудандағы елді мекендердегі тазалық пен тәртіптің жай-күйін және сақталуын нақты уақыт режимінде кабинетінен бақылай алатынына сендірді.

Биыл ауданда қоймаларды кеңейту, жанар-жағар май құю станциялары мен электр желілерін қайта жаңғырту, демалыс аймағын, қонақ үй кешенін, тұрғын үйлерді, астық қоймаларын, сауда алаңдарын салу сияқты 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Облыс әкімінің ауданға жұмыс сапары жеке мәселелерімен келген азаматтарды қоғамдық қабылдаумен аяқталды.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Вероника БУРДА.

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар