Ерекше білім беруді қажет ететін балалар саны үздіксіз өсуде

Тұрақты комиссияларда

Ақмола облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында аймақта алдағы бес жылда инклюзивті саясаттың жүзеге асырылуы, отбасыларды қолдау орталықтарының жұмысы, қосымша білім білім беруге мемлекеттік тапсырыстың жайы талқыланды.

Әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Саят Сыздықовтың төрағалығымен өткен бұл отырысқа облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов, облыстық,  аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттары, мүдделі басқармалардың басшылары қатысты.

Алғашқы мәселе Қазақстан Республикасындағы инклюзивті саясаттың 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасының басым бағыттарын іске асыру туралы облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина баяндап берді. Оның айтуынша, аталмыш тұжырымдама Үкімет Қаулысымен өткен жылдың соңында бекітіліп, әлеуметтік сала қызметкерлерінің алдына үлкен міндеттер жүктелген. Онда әртүрлі бағыт бойынша 52 іс-шара қарастырылып, мүгедектігі бар адамдардың жақсы және жайлы өмір сүруі үшін тиісті жағдай жасау жағы кеңінен қамтылған.

–Тұжырымдама бойынша облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасында арнайы жоспар бекітілді. Оның алғашқы бағыты арнаулы әлеуметтік қызметтерді алушыларды есепке алу және мониторинг жөніндегі өңірлік картаны өзектендіру болып табылады. Осы бағытта бүгінгі күні облыста 4676 адам арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Оларға осы қызметті көрсетуге бюджеттен 584 746,2 мың теңге қаржы бөлінді. Облыста осы бағытта қызмет көрсететін 46 нысан лицензия алса, оның 29-ы мемлекеттік секторға жатады. Ведомствоға қарайтын мекемелердің 10-ы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары. Олардың бесеуі қарттарға, төртеуі психоневрологиялық ауруларға ұшырағандарға және біреуі балаларға арналған. Бұл орталықтарды ұстауға және қызмет көрсетуге бюджеттен  7,2 миллиард теңге қарастырылған, – дей келе, басқарма басшысы келесі екі бағыт бойынша жоспарланған іс-шаралардың іске асырылу барысын ортаға салды.

Соның бірі – әлеуметтік саладағы қорғаншылық институтын дамытуға жәрдемдесу бағытына тоқталсақ, осы міндеттің тиісінше орындалуын қамтамасыз ету үшін олардың құқықтық және психологиялық құзыреттілігін арттыру бойынша, соның ішінде қорғаншылық органдарының мамандарын оқыту және консультация беру арқылы жүйелі жұмыс жүргізіледі. Ағымдағы кезеңдегі жағдай бойынша облыста сот шешімімен қабілетсіз деп танылған психоневрологиялық аурулары бар 1810 адам қамқоршылықта (қорғаншылықта) тұр. Оңалту және реабилитациялаудың жеке бағдарламаларын іске асыру шеңберінде 13257 адам оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етілген. Бұл мұқтаждардың жалпы санының 86,2 пайызын құрайды. Аталған көрсеткіш бойынша облыс республикада жетінші орында тұр.

Тұжырымдаманың келесі бағыты әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл орайда, 2025 жылы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған (көру, есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдар, кресло-арбамен қозғалатын адамдар, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар) 192 нысанды қосымша бейімдеу жоспарланған. Бейімделу шеңберінде нысандарды қолжетімді ортаның элементтерімен, атап айтқанда, пандустармен, тактильді және көрнекі көрсеткіштермен, мнемосұлбалармен, мамандандырылған санитарлық бөлмелермен жарақтандыру, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоса алғанда, халықтың аз қозғалатын топтары үшін қозғалыс жолдарын жайластыру көзделген. Қазіргі таңда облыста осы тәртіппен 132 нысан бейімделген.

Облыстық білім басқармасы мамандарының мәлімдеуінше, білім беру саласында да аталған тұжырымдаманы іске асырудың жоспары бекітілген. Соңғы жылдары білім саласында инклюзивті білім беру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп, ерекше қабілеттері бар балаларға арналған кабинеттер де көптеп ашылуда. Бұған себеп, өкінішке орай, жыл өткен сайын өңірде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар санының артуы. Ақмола облысында бүгінгі күні осындай 13 519 бала бар. Өткен жылмен салыстырсақ, бұл көрсеткіш 1600-ден астам балаға артып отыр (!).

– Қазіргі таңда облыста 5 арнайы мектеп-интернат, 4 психологиялық-медико-педагогикалық консультация, 21 психологиялық-педагогикалық түзету және 126 инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері жұмыс істеп тұр. Арнайы мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту мақсатында Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданында сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған 280 орындық балабақша құрылысы жүріп жатыр. Былтыр осы ауданда ерекше қажеттіліктері бар балаларға «Аяла» арнайы балабақшасы ашылған болатын, – деген облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім бөлімінің басшысы Әсемгүл Сүлейменова инклюзивті білім беру саласындағы мамандарды даярлау, кадрлардың жетіспеушілігі, жастардың бұл мамандықтарға құлықсыздығы мәселелерін қозғады.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін кадрлардың тапшылығын жою мақсатында  білім басқармасы 2019 жылдан бастап «Дефектология» мамандығы бойынша облыс әкімінің гранттарын беруде. Ал, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының арнайы педагогтарға тапшылық мәселесін шешу үшін 2020 жылдан бастап Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде «Логопедия қолданбалы бакалавры» біліктілігі ашылған еді. Десе де, мамандыққа қызығушылықтың жоқтығын шенеуніктер оларға төленетін еңбекақының төмендігімен, үстемеақының тиісті деңгейде қарастырылмауымен байланыстырып отыр.  Облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов білім басқармасының мамандарына мектепке дейінгі мекемелер мен мектептердегі инклюзивті білім беру бағытында атқарып жатқан жұмыстарына оң пікірін білдіріп, кәсіптік және техникалық білім беру колледждері мен олардан түлеп ұшқан түлектердің жағдайын ескеру қажеттігін тапсырды.

Жалпы, осы алғашқы мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт, мәдениет  басқармаларының басшылары мен орынбасарларының баяндамалары тыңдалды. Сонымен бірге, комиссия отырысында облыстағы отбасыларды қолдау орталықтарының жұмыстары мен оларды қаржыландырып ұстау жағдайы да талқыланып, мектеп оқушыларына қосымша білім берудің мемлекеттік білім беру тапсырыстарын іске асыру мәселелері және 2026 жылдың жұмыс жоспары да айтылды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар