Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Наурыз мерекесімен құттықтауы

Сіздерді келе жатқан Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – табиғат түлеп, тіршілік жаңарып, ырыс пен береке молаятын, ізгілік пен жаңарудың бастауы саналатын ерекше кезең. Наурыз – бірлік пен татулықтың, ізгі ниет пен жаңғырудың мейрамы.

Осы шуақты күн әр шаңыраққа шаттық, береке мен молшылық әкелсін! Биылғы Наурыз мерекесі еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды оқиғамен тұспа-тұс келіп отыр. Референдумға қатысқан ақмолалықтардың басым бөлігі қолдау білдірген жаңа Конституция – халқымыздың болашағын айқындайтын тарихи шешім. Сол болашақтың нұрлы болуы үшін көптің еңбегі, бірлескен қажыр-қайраты керек.

Осы жауапты кезеңде біз баршамыз бірге мемлекетімізді нығайтуға, демократиялық институттарды дамытуға және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам жасап отырмыз. Қашанда ел іргесін бекем ететін ауызбіршілік, өзара сенім және жасампаз еңбек арқылы біз биік белестерді бағындырып, алға қойған мақсаттарға жетеміз деп сенемін.

Жер-дүниені түлете келетін әз-Наурыз – тек табиғаттың жаңару мерекесі ғана емес, сонымен қатар, ізгі істердің, айналамызға жанашырлық танытудың, мейірім мен жомарттықтың уақыты. Осы мереке күндері әр шаңырақта бейбітшілік, татулық пен өзара түсіністік орнап, жүректеріңізге жылулық пен қуаныш ұяласын!

Сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт, амандық-саулық және ертеңгі күнге мол сенім тілеймін! Әр отбасындаырыс пен береке, ал, ортақ үйімізде тұрақтылық, жарасыммен жасампаздық өркен жайсын!

 ***

Құрметті Ақмола облысының тұрғындары!

Депутаттар корпусының атынан және жеке өз атымнан сіздерді көктемгі күн мен түннің теңелу мерекесі – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Наурыз — шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жылдың басталуы. Ол табиғаттың оянуын білдіретін, қыстың суық құшағынан босап шығудың белгісі. Бұл мереке мәңгілік жаңару, тазалық, мейірім, сүйіспеншілік пен сұлулықтың символы болып саналады.

Бұл мереке табиғат үшін ғана емес, адам баласы үшін де жаңару мен жаңа мүмкіндіктердің бастауын білдіреді. Осы күндері адамдар үйлерін ретке келтіріп, өткен өкпе-реніштерді артта қалдырып, өмірдің жаңа кезеңін жақсы ойлар мен таза ниетпен қарсы алады. Бұл қуанышты мейрам бізге келісімнің, бірліктің және ата дәстүрлерімізге құрметпен қараудың маңызын еске салады.

Халқымыздың көне мәдениеті мен бай мұрасын айшықтайтын Наурыз мейрамы Қазақстанда тұратын барлық этнос өкілдерін біріктіреді. Бұл күні ұрпақтар сабақтастығы, достық пен қонақжайлылық ерекше айқын көрінеді. Сондай-ақ халқымыздың төл құндылықтары — үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық көрсету дәстүріне айрықша мән беріледі.

Жер бетіндегі өмірдің мәңгілік жеңісін білдіретін бұл көктемгі мереке әр шаңыраққа жайлылық, жарық пен жылу әкелсін! Наурыз сіздердің өмірлеріңізге қуаныш, бақ-береке, молшылық және көптеген жақсы жаңалықтар алып келсін!

Сіздерге ұзақ жылдар бойы көктемгі көңіл-күй, зор денсаулық, еңбекте табыс және бақытты отбасылық өмір тілеймін!

 Бейбіт ЖҮСІПОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар