Құрметті Ақмола облысының тұрғындары!
Сіздерді Қазақстанның Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мерекенің еліміздің тарихында орны ерекше. 25 қазанда жарияланған Мемлекеттік егемендік туралы декларация тәуелсіздікке бастар жолдағы маңызды қадам ретінде мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуының негізгі қағидаттарының бірі болды.
Биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтеміз. Осы жылдар ішінде еліміз қалыптасу мен өркендеудің үлкен жолынан өтті, халықаралық аренадағы беделін нығайтып, экономика, әлеуметтік сала, ғылым мен мәдениет бағыттарында елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Тәуелсіз еліміздің басты байлығы бейбітшілік, қоғамдық келісім, халықтың бірлігі мен жасампаздыққа деген ұмтылыс екені мәлім.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихы әрқайсымыздың еңбегімізбен жазылады. Ақмола облысының тұрғындары кәсібилігімен, жауапкершілігімен және туған жерге деген адалдығымен өңіріміздің ғана емес, тұтастай еліміздің дамуына зор үлес қосып келеді. Ортақ күш-жігеріміздің арқасында әр салада түрлі жобалар жүзеге асырылып, экономикамыз дамып, жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар атқарылуда.
Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салалары өркендеп, жаңа өндіріс орындары ашылып, жұмыс орындары құрылуда. Соңғы үш жылда өңір экономикасына 2,2 триллион теңге инвестиция тартылды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 2026 жылы диқандарымыз 6,1 миллион тонна астық жинады. Майлы дақылдардың егіс алқаптары кеңейтіліп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен мал шаруашылығы дамып келеді. Жуырда Ақкөл ауданының Еңбек ауылында тауарлы сүт фермасы ашылды. Жыл соңына дейін тағы екі ферманың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.
Облыстың өнеркәсіптік әлеуеті де тұрақты нығая түсуде. «AQMOLA» индустриялық аймағында құрылыс материалдарын шығаратын зауыт ашылса, Зеренді ауданында шикізатты өңдеп, түсті металлургия өнімдерін өндіретін кәсіпорын іске қосылды.
Өңірде медициналық мекемелер салынып, мектептер жаңартылып, сапалы білім алуға мүмкіндік кеңейіп келеді. Спорт инфрақұрылымы да өркен жайып, жерлестеріміз халықаралық жарыстарда Қазақстанның абыройын асқақтатып жүр.
Біздің ортақ құндылықтарымыз тарихымызға адалдық пен құрмет және болашақ алдындағы жауапкершілік тұрғысында өрбуге тиісті. Осы ұстанымдардан айнымай, бірлігімізді бекем сақтасақ, кез келген сын-қатерді еңсеріп, келер ұрпаққа қуатты әрі өркендеген Қазақстанды аманат ете аламыз.
Осы мерейлі мерекеде әр шаңыраққа зор денсаулық, ынтымақ пен береке, ертеңгі күнге деген сенім мен бақыт тілеймін! Әр үйде тыныштық пен молшылық болып, ортақ еңбегіміз туған өлкеміз бен тұтас еліміздің одан әрі өркендеуіне арнала берсін!
![]()

