Шетелдік инвестиция тартылады

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов «Silkway Metals» ЖШС бас директоры Дінмұхаммед Маджановпен кездесіп,  Степногорск қаласында жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды жаңғырту және сирек металдарды өңдейтін жаңа зауыт салу жөніндегі инвестициялық жобаны пысықтады.

Бұл инвестиция көлемі 150 миллион АҚШ долларын құрайды. Инвестор – Австралияның Lindian Resources Ltd. халықаралық тобына кіретін «Silkway Metals» ЖШС.  Жоба 2026–2028 жылдарға жоспарланған. Ол қолданыстағы өндірістік қуаттарды реконструкциялауды және сирек жер металдары карбонатын өндіретін жаңа өндірісті іске қосуды көздейді. Қазіргі уақытта жобаны іске асыруда дайындық жұмыстары басталды.

Қолданыстағы кәсіпорынды жаңғыртуға шамамен 50 миллион, жаңа цехтың құрылысына тағы 100 миллион АҚШ доллары бағытталады. Мұнда электромобильдерге арналған аккумуляторлар мен компьютерлік чиптер өндірісін қоса алғанда, жартылай өткізгіштер үшін қолданылатын тұрақты магниттер өндіруге қажетті аралас сирек металдар карбонатын шығару жоспарлануда.

Жаңа өндірістің жылдық жобалық қуаты 12,5 мың тоннаны құрайды. Бұл ретте, өнім шығарудың жоспарлы көлемі жылына 8 мың тоннаға жетеді деп күтілуде.

Жобаны іске асыру қазіргі 228 жұмыс орнын сақтауға және жаңа өндірістік қуаттар жобалық деңгейге шыққаннан кейін қосымша жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

– Жоба Мемлекет басшысының Қазақстанның ресурстық әлеуетін тиімді пайдалану және стратегиялық маңызы бар минералдар саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес іске асырылады. Бүгінде сирек металдар әлемдік өнеркәсіптің перспективалы бағыттарының біріне айналып отыр. Мұндай жобаны іске асыру үшін Степногорск қаласында қажетті жағдайлар баршылық. Атап айтқанда, электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етудің жеткілікті қуаты, сондай-ақ, дамыған өндірістік инфрақұрылым қалыптасқан. Жақында қалада индустриялық аймақтың ашылуы өндірістерді орналастыруға және дамытуға қосымша мүмкіндіктер береді, – деп атап көрсетті өз сөзінде Марат Ахметжанов.

Өңір басшысы жобаны іске асыруға байланысты мәселелерді уақытылы шешудің маңыздылығын атап өтті. Кездесуде қоғамдық тыңдаулардан өту мәселесі, сондай-ақ, әлеуметтік мәселелер де қаралды.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар