Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова облыстық әкімдікте өңір тұрғындарын тиісті дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету мәселелері бойынша мүдделі мекемелердің басшыларымен жиын өткізді.
Жиынға өңірдегі аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары, ауруханалар мен емханалардың басшылары, «СК-Фармация» серіктестігі мен Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің өкілдері қатысты.
Ағымдағы жылдың басынан бері стационарлық және амбулаторлық деңгейде дәрі-дәрмек сатып алу үдерістері толығымен электронды форматқа көшіріліп, «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы арқылы өңірдің медициналық ұйымдарына миллиондаған дәрі жеткізілгенімен, осының барысында әртүрлі кешігулер мен кідірістер орын алуда. Жыл сайын қаңтар айында емханаларда дәрі тапшылығы сезіліп, учаскелерде дәрісін күткен науқастардың көптігін байқаймыз. Жиында бұл мәселе келер жылдың қажетті дәрі-дәрмегін уақытылы әрі дұрыс жоспарламаудан туындайтын жай екені сынға алынып, облыстағы бірқатар медициналық ұйымдардың қаржылық қарыздары өсіп келе жатқаны жеткізілді.
– Барлық дәрілік заттар Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен баға бойынша реттеледі. Биылғы жылы алыпсатарлар тарапынан дәрі-дәрмектерді қымбаттату жағдайлары тіркелген жоқ. Жыл басынан бері осы уақытқа дейін барлық қажетті дәрілік заттардың 60 пайызы жеткізіліп, өңірдің медициналық мекемелеріне 2,5 миллионнан астам маркіленген дәрі-дәрмек түсті, – деді алғашқы баяндаманы жасаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Диас Сайданғазин.
Баяндамашының мәлімдеуінше, биыл аймақтағы медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен қамтуға қомақты қаржы бөлінген. Соған қарамастан, кейбір науқастар қажетті препараттарды уақытылы ала алмай жүр. Бұл әсіресе, сирек кездесетін ауруға шалдыққан науқастар үшін өте ауыр мәселе. Мәселен, өңірде сирек кездесетін ауруға шалдыққан 2849 науқас бар болса, оның 434-і бала. Бұл санаттағы тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтуға жалпы қаржының 35 пайыздан астамы жұмсалады. Биыл республикалық бюджеттен осы мақсатқа 6 миллиард теңге бөлінген. Осы уақытқа дейін 4,5 миллиард теңгеге 1385 науқас қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылыпты. Ал, жергілікті бюджеттен бөлінген 1 миллиард теңгеден астам қаржыға тағы 109 науқас қажетті препараттарын алған. Десе де, дәрі-дәрмекпен қамтуда бірқатар кедергілер бар. Оның себебін жауапты басқарма өкілі былай деп түсіндірді:
– Биыл тест-жолақшалар, психотроптық препараттар мен сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған кейбір дәрілерді жеткізуде кідірістер бар. Клобазам сияқты препараттардың жоқтығына қатысты да тұрғындардан шағым көп түседі. Бұған қосымша өтінім беруге мүмкіндіктің болмауы себеп. Сондай-ақ, ақпараттық жүйелердің жиі іркіліске ұшырауы емханаларда кезек пен адам тығыздығын туғызады. Өңірде бірыңғай дистрибьютордың жедел жеткізу қоймасының болмауы да мәселені күрделендіріп отыр.
Жалпы, облыс бойынша 52 медициналық ұйым дәрі-дәрмекпен қамту жүйесіне қосылған. Оның 29-ы амбулаториялық деңгейде қызмет көрсетеді. Жауапты тарап өңірде дәрі-дәрмектің жүйелі тапшылығы жоқ екенін айтады.
– Біздің міндетіміз медициналық ұйымдармен бірлесіп, диспансерлік есепте тұрған науқастарды амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Жалпы, өңірде дәрі тапшылығы жоқ. Егер белгілі бір препарат жетіспесе, өтініш жеке қаралып, дәрі басқа медициналық ұйымнан немесе өзге өңірден жеткізіледі, –деді жиын барысында «СК-Фармация» серіктестігінің Ақмола облысы бойынша өкілдігінің басшысы Жанарбек Омаров.
Жиында көтерілген өзекті мәселелердің қатарында цифрлық платформалар мен ақпараттық жүйелердің жиі жұмыс істемей, тұрып қалуы немесе жұмыстағы техникалық ақаулар дәрігерлер мен пациенттерге қиындық тудыратыны айтылды. Жүйедегі анықтамалықтар мен тізімдердің уақытылы жаңартылмауы дәрілерді беруді баяулатып, негізсіз кезектердің пайда болуына әкеліп соғады. Сонымен қатар, пациенттерді қолдау қызметі мен әлеуметтік желідегі чаттардың жұмысы назарға алынып, тұрғындар тарапынан түскен шағымдарға жергілікті деңгейде дер кезінде жауап берілмесе, бұл мәселенің әлеуметтік желілерге тарап, әрі қарай сипат алуына әкеліп соғатыны сөз болды.
Облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова осы туындаған мәселелерді шешу үшін алдағы уақытта келесі жылға дәрі-дәрмекке деген қажеттілікті нақты есептеп, өтінімдерді уақытылы беру, қайсыбір ауданда дәрі артылып қалса, ал, басқа жерде тапшылық сезілсе, препараттарды жедел түрде өзара қайта бөлу жұмыстарын жолға қоюға міндеттеді. Әрбір медициналық ұйымның басшысы мен басшының орынбасарлары өз аумағындағы дәрі қорларын жеке бақылауда ұстап, пациенттердің тиесілі дәрі-дәрмектерін уақытында алуын қамтамасыз етуі және халықпен кері байланысты жақсартып, осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын сапалы жүргізуі қажет екенін ескертті.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

