Қазақстан – ортақ үйіміз, татулық – ортақ құндылығымыз

Қазақстан — бәріміздің ортақ үйіміз. Біз осы елде бір шаңырақтың астында өмір сүріп, ортақ қоғамның қалыптасуы мен дамуына өз үлесімізді қосып келеміз. Әрқайсымыздың шыққан тегіміз, этностық болмысымыз, тіліміз бен мәдениетіміз әртүрлі болуы мүмкін. Алайда бізді біріктіретін ортақ құндылықтар бар. Олар — бейбітшілік, тұрақтылық, өзара құрмет және ел болашағына деген жауапкершілік.
Бір шаңырақ астында өмір сүру — тек бір аумақта қатар тіршілік ету емес. Бұл — ортақ ережелерді құрметтеу, қоғамдағы келісімді сақтау және әр адамның қадір-қасиетіне түсіністікпен қарау. Қоғамдық келісімнің мәні де осында. Ол этностық ерекшеліктерді жоюды емес, әрбір этностың мәдениеті мен дәстүрін құрметтей отырып, ортақ мақсат жолында бірігуді білдіреді.
Ақмола облысындағы «Манас» этномәдени орталығының қызметі осы қағидаттармен сабақтас. Біздің мақсатымыз — қырғыз этносының тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау және оны жас ұрпаққа жеткізу. Сонымен бірге өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға, түрлі этнос өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты дамытуға үлес қосу.
Орталық 2021 жылы құрылды. Бүгінде белсенді он мүшеміз бар. Біз мәдени іс-шараларға, фестивальдерге, көрмелер мен концерттік бағдарламаларға қатысамыз. Алғыс айту күні, Көрісу күні, Наурыз сияқты мерекелерде ұлттық мәдениетімізді таныстырып, өзге этностардың дәстүрлерімен де жақынырақ танысуға мүмкіндік аламыз.
Мұндай кездесулердің маңызы мәдени бағдарламамен ғана шектелмейді. Олар адамдардың бір-бірін жақынырақ тануына, этностық және мәдени ерекшеліктерге құрметпен қарауына ықпал етеді. Өзара түсіністік күнделікті қарым-қатынастан басталып, қоғамдық сенімді нығайтуға негіз болады.
Орталық жұмысының тағы бір бағыты — мұқтаж жандарға қолдау көрсету. «Мектепке жол» акциясына қатысып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына көмек көрсеттік. Қарттар күніне орай да қайырымдылық шараларын ұйымдастырып келеміз. Мұндай істердің негізгі мәні — адамға этностық тегіне қарамастан жанашырлық танытып, қоғамдағы өзара қолдау мәдениетін қалыптастыру.
Басқа этномәдени бірлестіктермен және «Қоғамдық келісім» мекемесімен бірлесе жұмыс істеу ортақ міндеттерімізді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. «Ақ қалпақ», «Ақ орамал» секілді дәстүрлі шаралар арқылы мәдени мұрамызды дәріптеп, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге күш салып жүрміз.
Этносаралық келісім ең алдымен адамдардың күнделікті қарым-қатынасынан көрінеді. Өзге адамның тілі мен мәдениетін құрметтеу, ортақ қоғамдық тәртіпті сақтау, қиын сәтте қолдау көрсету — мұның бәрі бірліктің нақты көрінісі. Әсіресе жас ұрпақтың бойына өзара сыйластық, жауапкершілік пен азаматтық бірлік құндылықтарын сіңіру маңызды.
Қазақстан — біздің ортақ үйіміз. Оның тыныштығы мен тұрақтылығы, қоғамдағы келісім мен өзара сенім — баршамызға ортақ құндылықтар. Оларды сақтау тек мемлекеттік органдардың немесе қоғамдық ұйымдардың міндеті емес. Бұл — елде өмір сүріп жатқан әр адамның ортақ жауапкершілігі.
Бірлік — этностық ерекшеліктерден бас тарту емес, сол ерекшеліктерді құрметтей отырып, ортақ мақсаттарға жұмыла білу. Татулық — қатар өмір сүру ғана емес, бір шаңырақ астында өзара сенім мен сыйластықты сақтап, қоғамның дамуына бірге үлес қосу. Қазақстандағы қоғамдық келісімнің мәні де осында.

Закирдин Жоробеков,
«Манас» этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар