Әкім — ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бұланды ауданына жұмыс сапары барысында мектептердің алдағы оқу жылына дайындау және реновация бағдарламасын іске асыру жұмыстарының барысымен танысты.
Өңірде білім беру жүйесін жаңғыртуға бағытталған «Келешек мектептері» ауқымды бағдарламасы жалғасуда. Қазіргі таңда тоғыз мектеп күрделі жөндеуден өтіп, Білім күні жас жекіншектерге есігін қайта ашуға дайын тұр. Мұнда келесі кезекте аудан орталығы Макинск қаласындағы Балуан Шолақ атындағы мектеп-лицей жаңартылып жатыр.
1955 жылы салынған оқу орны ұзақ жылдар бойы жаңғыртуды қажет етіп келген еді. Қазір білім ұясы іргетасынан бастап оқу кабинеттеріне дейін толық жаңғыртылып жатыр. 360 оқушыға арналған мектеп екі ауысымда оқытады, онда 78 қызметкер жұмыс істейді. Алайда ғимараттың тозығы жетіп, ескі инженерлік желілер қазіргі білім беру талаптарына сай келмейтін еді.
– Бұрын мектептерді күрделі жөндеу екі жылға созылып кететін. Алдымен ішкі әрлеу, кейін фасад пен аумақты абаттандыру қолға алынатын. Мұның соңы шатасуға, жобаларды түзетуге, кейде оқу процесіне кедергі келтіруге алып келетін. Сондықтан, біз енді екі жылға созылған жөндеуге жол бермейміз. Бәрін бір жылда аяқтау қажет. Бұл тез, арзан әрі халыққа тиімді, – деді өңір басшысы.
Макинскідегі жөндеу жұмыстарын «Абсолют Строй Инвест» ЖШС жүргізіп жатыр. Мердігерге жаңа оқу жылына дейін күрделі жөндеуді аяқтау тапсырылған. Дегенмен, әкімнің айтуынша, жеделдік сапаға кері әсер етпеуі тиіс. Бұл жағынан бақылау қатаң болмақ.
Құрылыс жұмыстары жүріп жатқанда мектеп халықаралық бастаманың пилоттық алаңына айналды. Балуан Шолақ атындағы мектеп Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) сау тамақтануды енгізу жөніндегі пилоттық жобасына енді. ФАО ұлттық тамақтану сарапшысы Ақкүміс Салманова осы ретте, алғашқы нәтижелермен бөлісті:
– Жоба мектеп асханасында тұз бен трансмайларды азайтып, көкөніс, жеміс-жидек пен дәнді дақылдарды көбейтуді көздейді. Мақсатымыз балаларға өмір бойына пайдалы тамақтану әдетін қалыптастыру болып табылады, – деді ол.
ФАО жобасы аясында мамандар тобы Макинск мектебінде болып, оны аймақтағы оқушылардың саулығын жүйелі түрде жақсарту үлгісі ретінде атап өтті. Сондай-ақ, мектеп асханасын органикалық ауыл шаруашылығымен байланыстыруға да назар аударылып отыр. Бұл тұрақты шешімдердің бір бөлігі болмақшы.
Сонымен қатар, «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» қорының қолдауымен мектепке жаңа заманауи жабдықтар сатып алынатын болды.
– Біз мектептерді есеп үшін емес, балалардың сапалы білім алуы, денсаулығы мен ұстаздардың жайлы жұмысы үшін жаңғыртамыз. Ауылды жерлердегі балалар да елордадағы және ірі қалалардағы оқушылармен бірдей жағдайға ие болуы керек, – деді Марат Ахметжанов.
Сонымен бірге, аймақ басшысы жұмыс сапары барысында Президент тапсырмасына сәйкес халықты толық ауыз сумен қамту жобасының іске асырылу барысын тексерді. 18 мыңнан астам халқы бар Макинскіде бұл жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарының 70 пайызы орындалды. Енді ауыз су қоймаларын орнату мен сорғы станцияларын салу аяқталуы тиіс. Қаржы уақытында бөлінсе, барлық жұмыстарды осы жылдың 1 желтоқсанына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Ақмола облысында ескі тұрғын үйлерді жаңартуға бағытталған реновация бағдарламасы белсенді жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Бұланды ауданының орталығында екі жаңа көппәтерлі үйдің құрылысы қолға алынды. Жоба «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен іске қосылмақшы. Құрылыс аяқталған соң ескі үйлердің тұрғындары жаңа жайлы пәтерлерге көшіріледі. Сонымен қатар, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға да баспана беріледі. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Осыған орай, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты.
– Макинск қаласында реновация өте өзекті мәселе. Өйткені, мұнда тозығы жеткен үйлер көп, көктемгі су тасқынынан кейін кейбір үйлер мүлде жарамсыз болып қалды. Сол себепті қалада заманауи талаптарға сай әрқайсысы 60 пәтерлік екі үй салу жөнінде шешім қабылданды. Мердігер компания жыл соңына дейін үйлерді тапсыруға міндеттелді, – деді аймақ басшысы.
Қазір құрылыс алаңына іргетастық блоктар мен өзге де құрылыс материалдары жеткізіліп, үйлердің іргетасы құйылып жатыр. Блоктарды орнату және қадаларды қағу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, қазаншұңқыр қазу жұмысы толық аяқталды.
Нысанда 40-қа жуық маман мен 10 техника жұмылдырылған, құрылыс ілгерілеген сайын қосымша 10 жұмыс бригадасының келуі күтілуде.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

