Бәрекелді!
Бурабай курортты аймағындағы «IQanat» мектебінің базасында жылдағы дәстүр жалғасын тауып, биыл бесінші мәрте «Жас қазақ» этнолагері ұйымдастырылды.
Табиғаты көркем Бурабайдың баурайында шетелде тұратын қазақ балаларына арналған жазғы танымдық этнолагерьдің салтанатты жабылу рәсімі өтті. Екі аптаға созылған этнолагерьге әлемнің әр түкпірінен 150-ге жуық этникалық қазақ баласы асқан қызығушылықпен ат басын тіреді. Бұл балалардың барлығы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар» қоры ұйымдастырған түрлі білім және шығармашылық бағыттағы байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері.
«Жас қазақ» лагерін ұйымдастырудағы мақсат – шет елдерде тұратын этникалық қазақ балаларына ұлтының дәстүрі мен мәдениетін, тарихын таныстыру, ұлттық өнердің қыр-сырына бойлату.
Сайдың тасындай іріктеліп, «Жас қазақ» этнолагеріне жолдама алған дарынды жастардың қатарында Моңғолиядан келген Ақниет Өмірбекұлы да бар. Ол Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналып, онлайн форматта өткізілген халықаралық «Әл-қисса» домбыра байқауында жүлделі екінші орынды иеленіп, осы лагерьге қатысу мүмкіндігіне ие болыпты. Ақниет бұл сапарында атажұртымен алғашқы рет жүздесті. Оның айтуынша, қазақ даласының сұлу табиғаты, әсіресе, Бурабайдың көркем көріністері көңілін бірден баурап алған. Шынайы өмірде бұл жердің табиғаты әлдеқайда әсерлі.
–Мен Нұрғиса Тілендиев атамыздың 100 жылдығына орай өткен халықаралық «Әл-қисса» атты домбыра байқауына қатыстым. Онда 10 елдің өнерпаздары бақ сынады. Мен екінші орынға ие болып, осылайша лагерьге бір жолдама ұтып алдым. Бұл менің Қазақстанға бірінші рет келуім. Бурабай деген жерді бұрын естігеніммен, табиғаты мұндай сұлу деп ойламаппын. Маған лагерь қатты ұнады, мұндағы адамдар, ұстаздар, барлық елден келген балалар өз салт-дәстүрі мен мәдениетін көрсетіп, таныстырды, әрі қазақтың төл мәдениетін өз көзімізбен көріп, білдік. Осындай мүмкіндік берген Қазақстан еліне ризамын, келгеніме өте қуаныштымын, –дейді моңғолиялық жас өнерпаз Ақниет Өмірбекұлы.
Бір айта кетерлігі, 2019 жылдан бастау алған «Жас қазақ» этнолагерінің биылғы маусымына АҚШ, Қытай, Ресей, Моңғолия, Түркия, Польша, Өзбекстан, Қырғызстан, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты әлемнің 10-нан аса елінен қазақ балалары келді.
–«Жас қазақ» қоғамның ең ауқымды әрі маңызды жобасы. Жалпы, бес жылда 850-ге жуық қазақ баласы ата-бабасының атамекеніне келіп кетті. Осы жоба арқылы олар туған халқының ұлттық болмысымен қайта қауышты. Екі апта ішінде біздің қаракөздеріміз қазақ тілін, қазақтың тарихын, домбырада және басқа да ұлттық аспаптарымызда ойнауды, киіз үй тігуді үйренді, салт-дәстүрге қатысты зияткерлік ойындар ойнады. Қолөнер үйірмелеріне қатысты. Бұл лагерьге келу үшін іріктеу ұйымдастырылып, балалар эссе жазудан, мәнерлеп оқудан, домбыра ойнаудан, ән айтудан бақтарын сынады. Бүгінде осында сол сайыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері келіп отыр. Осы 2-3 аптаның ішінде балалар бір-бірімен жақын танысып, бір-біріне бауыр басып қалды десе болады. Ертең өз елдеріне қайтқанда да, қайда болса да, бұл лагерьді, осында тапқан достарын өмір бойы ұмытпай, естерінде сақтайды деп ойлаймын. Енді олар біреу Қазақстан дей қалса, бауыры бұрып, елеңдеп тұрары анық, – деді «Отандастар» қорының президенті Данияр Қадыров.
Этнолагерь – шетелдегі этникалық қазақ жастарын тарихи Отанымен жақындастыруға, ұлттық сана мен болмысты сақтауға бағытталған бірегей жоба. Бұл бастама – «Отандастар қорының» шетелдегі қандастарға мәдени-гуманитарлық және ақпараттық-консультациялық қолдау көрсету жөніндегі жүйелі жұмысының жарқын көрінісі.
Этнолагерьдің салтанатты жабылу рәсімінде екі апта бойы ерекше көзге түскен оқушылар ұйымдастыру алқасының Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Кеш соңында өнерпаз балалар тағы бір мәрте өз өнерін ортаға салды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.
![]()

