Есенкелді елді мекеніне 120 жыл

Ауылым – алтын бесігім

Бұл мақаламыздың тақырыбына оқырмандар елең ете түсері анық. Біздің жеріміз – шексіз өрістер мен кең көкжиектер, жусанның иісін әкелетін самал жел мен көгілдір заңғар аспан. Мұнда сіз өз халқыңыздың бір бөлігі болу  бақытын шынымен сезіне түсесіз. Ақмола облысының қақ ортасында, қазақтың кең даласының арасында жүздеген адамдар үшін шағын Отан, естеліктер мен жылылық, рухани жақындық көзі болған Есенкелді ауылы жатыр. Биыл бұл ауылға 120 жыл толады. Ол дегеніміз еңбек, толайым тарих, абырой мен туған жерге деген сүйіспеншілікке толы бір ғасырдан астам құнды шежіре.

1905 жылы құрылған Есенкелді ауылы ауданымыздағы ең байырғы елді мекендердің бірі, тіпті, бірегейі. Алғашқы күннен бастап ол табандылықтың, ортақ еңбек пен ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың символына айналды. Мұнда рухы мықты адамдар, егіншілер мен малшылар, мұғалімдер мен басқа да мамандық иелері тұрды және тұрып келеді. Олар бізге басты байлық – жерді ғана емес, дәстүрді, мәдениетті, үлкендерге құрмет пен еңбекке деген сүйіспеншілікті мұра етті.

Әр ауылдың тарихы, ең алдымен, адамдардың тарихы. Көбіне таңертеңнен кешке дейін, ыстық және суықта осы ауылдың болашағы үшін адал жұмыс істегендер тарихы десек болады. Бүгін Есенкелді ауылының 120 жылдығына орай, біз оны тақыр жерден көтергендерді еске аламыз. Олар осы ауылды мекендеген алғашқы тұрғындар, ұжымдастыру қарлығаштары, тыл еңбеккерлері, алғашқы тыңгерлер, малшылар, сауыншылар, механизаторлар, ұстаздар. Олардың ішіндегі нағыз батырлары тыл еңбеккерлері, жеңілмеген рух иелері деп білемін. Олар өздерінің сол сұрапыл жылдардағы қисапсыз ауыр еңбегіне ақы сұрамаған батырлар.

Ұлы Отан соғысы жылдарында, ер адамдар майданға кеткен кезде, ауыл шаруашылығының ауыртпалығы әйелдердің, қарттар мен жасөспірімдердің мойнына түсті. Олар таңнан қараңғылыққа, түн ортасына дейін қажымай-талмай  жұмыс істеді. Егін егіп, астықты қолмен жинап, мал бағып, алғы шепке ұн, ет жіберді. Марапат үшін емес, Отан үшін. Олардың көпшілігі ұлдары мен күйеулерінің үйлеріне оралмағанына дейін көрді. Бірақ, сонда да бар ауыртпалыққа төзіп бақты.

1950 жылдары тың игеру дәуірі келді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастар Ақмола облысына ат басын тіреді. Есенкелдіде де сондай өзгерістер орын алды. Алғашқы тыңгерлер жергілікті халықпен бірге тың жерлерді көтеріп, жолдар, фермалар, мектептер салды. Олар вагондарда, шатырларда тұрды, бірақ, сол уақытша  қиындықты көтере білді. Олардың қолымен жаңа өмір қалыптасты.

Ауылдың дамуына үлес қосқан бұл жастар В.Воронов, В.Лопатинский, В.Андреев, В.Метелица, В.Кураксин және тағы басқалары еді. Мұндағы әрбір көше, әрбір отырғызылған ағаш тарихтың өзі мен көзі. Соғыс және еңбек ардагерлері, бірнеше ұрпақтар  өкілдері, тәрбиешілер мен педагогтар, мәдениет және денсаулық сақтау қызметкерлері ауылдың дамуына баға жетпес үлес қосты.

Ауыл әр түрлі кезеңдерді бастан өткерді, бірақ, ешқашан өзінің ауызбірлігін жоғалтпады. Виктор Григорьевич Семенча прораб болып жұмыс істеді. 1970 жылдары Есенкелді ауылының жалпы білім беретін мектебін, ФАП ғимаратын, барлық әлеуметтік нысандарын салды, Ұлы Отан соғысында шейіт болған боздақтардың ескерткішін тұрғызды. Онда барлық есенкелділік соғыс ардагерлерінің есімдері қашалып жазылды.

Әлбетте, малшылар, сауыншылар, шопандар мен тракторшыларсыз бірде-бір ауылды елестету мүмкін емес. Бұл адамдар демалыс күндерін білмеді. Кез келген ауа райында олар жұмысқа шықты, өйткені, олардың артында табын-табын мал, фермалар, егіс алқаптары және бүкіл ауылының тыныс-тіршілігі тұрды. Олар осы қам-қарекеттермен таңертең ерте тұрып, түн ортасында жатты.

Әдетте, малшылар мен жылқышылар, егіншілер ауыл өмірінің негізі. Бізде ондай есімдерін мақтанышпен атайтын адамдар көп. Мұндай адамдардың арасында өмірін диқаншылыққа арнаған В.Семенча, Байда, Воран, Щербей, А.Твердохлеб және тағы басқа саңлақтар бар. Қозбағаровтар, Сүлейменовтар, Қамбатыровтар, Бижановтар, Асқаровтар, Жүсіповтар, Тоқаевтар, Смағұловтар, Жұмабаевтар, Арыстановтар және тағы басқа да көптеген шопандар мен малшылар отбасылары жылдың көп уақытында далада өмір сүрген және жеңіл емес еңбек жағдайларында жұмыс істеген. Әр үйден қыз-келіншектер, әйелдер сауыншы мен сақыманшы болып жұмыс істеді, олардың әр сауын сиырдан сауу көрсеткіштері жоғары болды.

Кезінде «Коммунизм» колхозын аяғынан көтерген озық механизаторлар да ауылдастарының жадында. Олардың балалары мен немерелері бүгінде Есенкелді ауылында тұрады, осында жұмыс істейді. Олар да аталары мен әкелерінің дәстүрлерін жалғастыруда.

Бүгінде Есенкелді бай тарихы, өнегелі еңбеккерлері бар ауыл. Мұнда өскелең ұрпақ жетіліп келеді. Әр үйде балалардың күлкісі естіледі, шаруа   алға басып, халықтық мерекелер өткізілуде. Жастар қалаға оқуға кеткенімен, сүйіспеншілікпен ауылына қайта оралады. Өйткені, олардың тамырлары осында. Мұнда шынайы өмір бар.

Ауылға ауыз су келіп, екі орталық көше асфальтталып, негізгі көше бойымен жарық жүргізілді. Ауылдың жалпы білім беретін мектебі күрделі жөндеуден өткізілуде, биыл жастарға футбол алаңын орнату жоспарда бар. Осы бағытта болашақта әлі де көптеген жұмыстар күтіп тұр.

Есенкелді ауылының 120 жылдығы жай ғана мереке емес, бір жағынан ауылдастарымыздың өткен ұрпақ алдындағы есебі де. Ауыл болашағы жарқын болып, бүгінгі ұрпақ сол аталарымыз бен бабаларымыз бастаған дәстүрлерді жалғастыра берсін. Туған ауылымызға деген сүйіспеншілік, ол мәңгі сүйіспеншілік. Есенкелдімізге сол адалдықтан таймайықшы!

Қ.КӘКЕНОВ.

Атбасар ауданы.

Суреттерде: ауылдың көшесі мен мешіті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар